Павлодар қаласында білім беру жүйесі қарқынды дамуда. Соңғы жылдары шаһарда жаңа мектептер бой көтеріп, көптен күрделі жөндеу көрмеген білім ордалары жаңартылуда. Сонымен қатар, саланы цифрландыру, кадрлардың біліктілігін арттыру, жайлы орта қалыптастыру мәселелеріне де баса мән берілуде.
«Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде осы саланың тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен бөліскенді жөн көрдік.
Басты бағыт – білім беру
Бүгінде Павлодар қаласында 51 мектеп жұмыс істеуде. Олардың қатарында 47 мемлекеттік және 4 жекеменшік білім ордасы бар. Сондай-ақ, 74 мемлекеттік және 11 жекеменшік балабақша балғындарды тәрбиелеуде. Бұдан бөлек, шаһардағы балалар мен жастар үшін 27 колледж және 8 қосымша білім беру ұйымы қызмет көрсетуде.
Қалалық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, жалпы білім алушылар саны – 51 114 оқушыны құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдарға 15 144 бала барады, ал 18 734 тәрбиеленуші қосымша біліммен қамтылған.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында белгіленген ұлттық басымдықтар аясында жүзеге асырылып, білім сапасын арттыру, қолжетімділікті қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу көзделіп отыр, дейді бөлім мамандары.
Жағдай жасалуда
Соңғы жылдары облыс орталығында заманауи үлгідегі жаңа мектептер бой көтеріп, ескі білім ордалары жаңартылуда. Мәселен, 2025 жылы Достық шағын ауданында 1200 орындық №48 жаңа жайлы мектеп пен №58 балабақша ашылды. 2026 жылдың қаңтар айында 600 орындық №47 жайлы мектеп өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке 288 орындық бастауыш сыныптарға арналған қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, өткен жылы 14 білім беру нысанында 17 жоба бойынша 2,4 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын ағымдағы жөндеу мен ғимараттарды күтіп ұстау үшін қазынадан қомақты қаражат бөлінетінін атап өткен жөн. Айталық, тек 2025 жылы осы мақсатқа 1,2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бастысы, қала мектептері заманауи STEM-кабинеттермен, робототехника және IT бағытындағы сыныптармен, шахмат, домбыра кабинеттерімен жабдықталуда. Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп, барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Айта кетерлігі, 2026 жылы 11 білім беру нысанында 2,9 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кадрлық әлеует артуда
Қазіргі таңда қала мектептерінде 4 769 педагог еңбек етуде. Олардың 97%-ы жоғары педагогикалық білімге ие.
Атап өтерлігі, шаһарда педагог-сарапшылар, зерттеушілер және шеберлер үлесі 65%-ға жетті. Мектептерде 346 магистр,
1389 педагог-зерттеуші, 852 педагог-сарапшы, 855 модератор және 22 педагог-шебер бар.
Жас мамандарды қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында мектептерде еңбек өтілі 6 жылға дейінгі 556 педагог жұмыс істеуде және олардың әрқайсысына тәлімгер бекітілген. Сондай-ақ, «Жас педагог мектебі» және жас педагогтер
кеңесі құрылған. Кәсіби байқауларға қатысу көрсеткіші 32%-ға артты.
Басқарушылық кадрлық резерв жүйелі түрде қалыптастырылуда. Қуантарлығы, қалалық кадрлық резерв мектебінің және республикалық «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының түлектері мектеп директорлары болып тағайындалып, басқарудың сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде, дейді мамандар.
Жетістікке жетуде
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ақпаратынша, осы оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 63%-ды құрап, оң динамиканы көрсеткен.
Мектеп оқушылары олимпиадалық қозғалысқа белсенді қатысуда. Қалалық зияткерлік байқауларда 4375 оқушы бақ сынап, олардың қатарындағы 2222 бала жүлдегер атанған.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қатысушылардың 61%-ы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Республикалық деңгейде де түрлі дәрежедегі медальдар бар екенін атап өткен жөн.
Дарынды балалармен жүйелі жұмысты «Павлодар дарыны» орталығы үйлестіреді, ал олимпиадаларға дайындық «Алтын сын» олимпиадалық резерв мектебінде жүргізіледі. Талантты оқушылар жыл сайын түрлі жетістіктерге жетіп, облыс әкімдігі тағайындаған «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаттары атануда.
Тәрбиенің маңызы зор
Шаһар мектептерінде оқушыларға біліммен қатар, тәрбие беру мәселесіне де айрықша назар аударылуда.
Тәрбие жұмысы адалдықты, заңға бағынуды және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында жүргізілуде. Айталық, ағымдағы оқу жылында құқықтық тақырыпта 850-ден астам сынып сағаттары өткізіліп, тәрбиелік жұмыстармен қамту көрсеткіші 98%-ды құраған. Нәтижесінде, тәртіп бұзушылық көрсеткішінің 12%-ға төмендегені байқалады.
Мектеп парламенттері, волонтерлік қозғалыстар, дебат клубтары белсенді дамуда. «Stop Bullying», «DosbolLIKE», «Салауатты мектеп» жобалары сәтті жүзеге асуда. Бүгінде білім ордаларында 2198 үйірме мен клуб жұмыс істеп, 28 714 оқушыны қамтуда. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуда және салауатты әлеуметтік ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, дейді мамандар.
Сондай-ақ, барлық мектепте қамқоршылық кеңестер мен ата-аналар комитеттері құрылған. Ата-аналар үшін педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылып, оқу жылы ішінде 120 сабақ өткізіліп, шамамен 5000 ата-ананы қамтыған.
Қосымша қамтылуда
Облыс орталығындағы 8 қосымша білім беру ұйымы балалардың қабілетін дамытуға жол ашуда. Атап айтқанда, «Жігер» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы шығармашылық, спорттық және зияткерлік бағыттарды біріктіреді. Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі өңірдегі ең көне білім беру мекемелерінің бірі болып табылады (1943 жылы құрылған). Мұнда 1000 бала білім алады. Өткен оқу жылында тәрбиеленушілер 260 марапат, оның ішінде халықаралық байқаулардан 11 бас жүлде жеңіп алған. Ал қаладағы балалар көркемсурет мектебі республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, ірі мәдени жобалар мен көрмелерді ұйымдастыруда. Балалар техникалық мектебі робототехника, авиамодельдеу, 3D модельдеу және инженерлік шығармашылық бағыттарын дамытып, халықаралық жарыстардағы дайындық алаңына айналып отырғанын айта кеткен жөн. Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы экологиялық және туристік-өлкетану жобаларын жүзеге асырып, республикалық байқаулардың жеңімпазы атануда. «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы болса, балалардың демалысы мен дамуына қолайлы жағдай жасауда.
Осылайша, әр орталық балалар үшін түрлі қызмет көрсетіп, қосымша біліммен қамтуда.
Жаңашылдықты меңгеруде
Қала мектептерінде оқушылардың заман көшінен қалмай, жаңашылдықтарды меңгерулері үшін де жан-жақты жағдай жасалуда. Осы бағытта Bilim Land, Online Mektep, TopIQ, Kahoot, Wordwall, Quizizz, Padlet цифрлық платформалары белсенді қолданылуда. Жасанды интеллект құралдары оқытуды жекелендіруге және функционалдық сауаттылықты дамытуға көмектеседі.
Робототехниканы дамыту және FIRST, WRO халықаралық чемпионаттарына қатысу оқушылардың бағдарламалау, инженерлік жобалау және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді, дейді сала мамандары.
Қолдау жалғасады
Облыс орталығындағы білім беру ұйымдарында ерекше балаларға да барынша жайлы жағдай жасалуда. Бүгінде шаһарда ерекше білім беруді қажет ететін 1452 бала білім алады, олардың 753-і инклюзивті біліммен қамтылған. Кедергісіз орта жағдайлары жасалып, инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, психологтар мен логопедтер қызмет көрсетеді.
Психологиялық қызметтермен оқушыларға, ата-аналарға және педагогтерге мыңдаған кеңес өткізілді. Буллингтің алдын алу және күйзеліске төзімділікті дамыту бағдарламалары да үздіксіз жүзеге асырылуда. Білім беру бөлімінің өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді дейді.
Міне, Павлодар қаласының білім беру жүйесінде оң серпіліс бар екені байқалады. Білім сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті дамыту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту, инклюзивті ортаны нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы игі істерге сәттілік тілейміз.
Нұржайна ШОДЫР.
