Пайдалану мерзімі ұзартылды

Нау 19, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Павлодарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын ұзарту мәселелерін реттеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істейді. Арнайы комиссияның басты міндеті – жер пайдаланушылардың адалдығын анықтау.

Олардың арнайы бағалау критерийлері жайлы  Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов атап өтті.

— Жер пайдаланушылардың жауапкершілігін анықтау үшін міндетті және қосымша талаптар қойылады. Жер учаскелерін белгілі бір мақсатта пайдалану міндетті бөлімге жатса, салық және жалдау төлемдері бойынша берешектің болмауы, жер заңнамасын сақтау, ауыл шаруашылығына инвестиция салу сынды мәселелер қосалқы бағытта қарастырылады. Комиссия құрамына қала және аудан әкімдерінің өкілдері, жер ресурстарын басқару департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және өзге де тиісті мекемелер мен фермерлер қауымдастығы кіреді.

Аталған комиссия қарауына 134 материал жолданды. Өткен жылы 4 отырыс өтіп, 13 материал қаралған. Оның 11-і адал деп танылса, қалған екі жер пайдаланушының материалдары теріс деп бағаланып, тиісті органарға жолданды. Ал өзгелері — әлі комиссияның бақылауында, — деді ол.

Заң бұзушылықтар анықталған жер учаскелері Ақсу қаласы маңында орналасқан. 800-1200 гектар аралығындағы жер мемлекетке қайтарылып, кейін қайта бөлінген. Мұндағы жерлердің бірі комиссия қарауынсыз берілсе, екіншісі – заң талаптарын бұза отырып, ұзақ мерзімге заңсыз рәсімделгені анықталған.

Арнайы комиссия заң бұзушылықтар анықталған жағдайда алдымен ескерту жасайды. Егер көрсетілген мерзімге дейін талаптар орындалмаса, іс сотқа жіберіліп, жер мемлекетке қайтарылады.

Сара ӘБДОЛ.