Ескі көлікке аздау төлейді

Нау 19, 2026

Биыл елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Заңға сәйкес шыққан жылы 10-20 жылдан асқан және одан да көп уақыт қолданыстағы көліктер үшін иелері салықты азырақ төлейді. Мәселен, «жасы» 10-20 жыл аралығындағы көліктердің салығына 30 пайыз жеңілдік болса, 20 жылдан да ескі машиналарға 50 пайызға кемірек төлейді. Алдағы сәуірдің біріне дейін автокөлік иелері 2025 жылдың салығын төлейді. Ал жеңілдіктер келесі жылы 2026 жылғы салықты төлеу кезінде қолданылады.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының жетекшісі Арман Увалиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда аймақтағы көліктердің 82 пайызының өндірістен шыққанына 10 жылдан асып кеткен. 10 жылға дейінгілердің үлесі – небары 18 пайыз. Жалпы, өңірде бүгінде 174 мыңнан астам көлік иесі тіркелген. Олардың иелігінде 222 мыңнан астам көлік бар. Биыл қазынаға көлік салығынан 3,8 млрд теңге кіріс түседі деп күтілуде. Алайда, жылдап көлік салығын төлемей жүргендер де аз емес. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам салық төлеушінің 651,5 млн теңге берешегі бар. Кейбірінің қарызы он жылға жуықтайды. Ал келесі жылы ескі көліктерге төленетін салық көлеміне жеңілдіктер қолданылса, қазынаға түсетін кіріс 1,2 млрд теңгеге кемиді деп болжануда.

– Көлік салығы жыл сайын саналады. Тек көлікті біреу ұрлап мініп, қылмыстық іс қозғалған жағдайда иесіне көлік салығын есептеу тоқтатылады. Іс аяқталып, көлік иесіне қайтарылса, қайтадан сол сәттен бастап салық салына бастайды. Сонымен қатар, көлік салығы бойынша берешектің басым бөлігі кезінде автомобилін сенімхатпен сатқан азаматтарға тиесілі. Яғни, мұндайда іс жүзінде астында көлік болмаса да, заң бойынша атында тіркеуде тұрады. Сәйкесінше, салық та ескі қожайынына келіп тұрады. Бұл салық ары қарай да есептеліп, атына келмесін десе, азаматтар бұған дейін жиналған берешекті өтеп, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына көлікті есептен шығару жөнінде өтініш береді. Көлік атынан алынып тасталған соң салық та келмейді, – дейді Арман Таболдыұлы.

Биыл өткен жыл үшін көлік салығын иелері 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс. 2 сәуірден бастап көлік иелеріне автоматты түрде хабарлама жолдана бастайды. 2 сәуірден бастап бір ай ішінде автомобиль қожайындары қарызын өтемесе, салық бұйрығы шығарылады. Оған тағы 5 күн беріледі. Бұл кезде де салықты төлемесе, салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына жолданады. Сәйкесінше, өндіріп алу және мәжбүрлі өндіріп алу шаралары қолданылады.

– Жеке сот орындаушыға жол-данған соң көлік иелеріне қосымша шығын қосылатынын ескерткіміз келеді. Яғни, олар салық мөлшерімен бірге оның 3-5 пайызы шамасында қызметтеріне ақы өндіріп алады. Сондықтан, мұндай артық шығынға тап болмау үшін көлік салығын уақытылы төлеуге шақырамыз, – дейді департамент өкілі.

Берешектері барларды рейд арқылы да тезге салу шаралары қолданылады. Былтыр департамент жеке сот орындаушылары мен әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 250 рейд өткізіп, 3 мыңнан астам салық төлеушіден қазынаға 170 млн теңге кіріс өндіріп алған. 6 көлік айып тұрағына қойылыпты. Биыл 11 рейд нәтижесінде 4 млн теңге салық қазынаға бюджетке түсті. Өткен жылы өндірілген берешектердің ішінде ең көп мөлшері 10 млн теңгеге жуықтаған. Яғни, бірнеше көлемді көлігі бар азамат 4-5 жыл салықтан жалтарып келген.

Мамандар көлік иелері автомобиліне қанша көлемде салық төлейтінін өздері де есептеп алатынын айтады. Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталындағы «Көлік салығын есептеу» электрондық сервисі, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Калькуляторлар» бөлімі арқылы анықтай алады. Мұнда көлік иесі салық есептелетін жыл – 2025 жыл, көлік құралын нақты иеленген айлар санын, көлік құралының түрін, қозғалтқыш көлемін көрсетеді. Жүйе өзі соманы есептеп береді. Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшеріне және көлік құралы қозғалтқышының көлеміне байланысты белгіленеді. Мысалы, 2025 жылға арналған көлік салығын есептеу үшін 1 АЕК – 3 932 теңге мөлшерінде алынады. Көлік құралдарына салынатын салық жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді. Салықты төлеу үшін көлік құралының VIN-кодын білу қажет. VIN-код – көлік құралының 17 таңбадан тұратын бірегей нөмірі. Ол көлік құралының техникалық паспортында көрсетіледі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.