Қызмет көрсету жалғасуда

Нау 26, 2026

Елімізге отбасының цифрлық картасы енгізілгелі мыңдаған қазақстандық шаңыраққа қызмет көрсетіліп, мемлекет тарапынан тиісті жәрдем берілуде. Олардың қатарында павлодарлықтар да бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сүйенсек, отбасының цифрлық картасы енгізілгеннен бері аймақ бойынша әлеуметтік–еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 62 278 адамға SMS хабарлама жолданған. Нәтижесінде, 21 529 адам өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін иеленген. Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.

Ал ағымдағы жылы ел бойынша 1,2 мыңнан астам тұрғынға цифрлық карта арқылы мемлекеттік қызмет көрсетілген. Аталмыш деректер базасының көмегімен 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 3 828 адамға SMS-хабарлама жіберілген екен.

Мамандардың айтуынша, отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесінің деректері бойынша түзіледі. Қазіргі таңда мұнда Қазақстанның 20 миллион азаматы немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәліметтер жинақталған. Олардың ішінде павлодарлықтар жайлы да ақпарат бар екенін атап өткен жөн.

Жалпы, отбасының цифрлық картасын енгізудегі басты мақсат – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету екені белгілі. Осыған орай ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, бұл жүйе азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» қызметін атқарады. Оның көмегімен отандастарымыз ешқандай өтініш жазбай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін рәсімдей алады. Атап айтқанда, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, жұмыссыз қалғанда, асыраушысынан айырылу бойынша, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршысына, мүгедектігі барларға, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар да отбасының цифрлық картасы арқылы көмек алуға құқылы.

Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе оның аяқталу мерзімі ұзартылғанда және жұмыссыз адамдар үшін де жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылады. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі тиіс. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін қаражат алушының банк шотына аударылады.

Ескере кететін жайт, алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет. Барлық сұрақ бойынша 1414 нөміріне хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін, дейді мамандар.

Нұржайна ШОДЫР.