Отбасындағы ойран ойлантады

Нау 26, 2026

Өткен жылы Павлодар облысында АХАТ бөлімі арқылы 4457 неке тіркелген. Жұбын тауып қосылған 529 ерлі-зайыпты ажырасқан. Бұл статистикаға сот арқылы екі жаққа кеткен отбасылар енгізілмеген. Себебі, мұндай мәліметті азаматтық және ювеналды сот жеке жүргізеді. Өкініштісі, соттағы статистика да көңіл көншітпейді…

Ажырасу арызбен аяқталмайды

Қоғамда өзектілігін жоймаған тақырыптың бірі – ажырасу. Бұл мәселе жастар арасында белең алып отыр. Өйткені қазір ерлі-зайыптылардың заң жүзінде неке қиюымен қатар екі жаққа кетуі де оңай. Тіпті, онлайн ажырасуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, жыл басынан бері АХАТ бөлімі арқылы 274 жұп ерлі-зайыпты атанған. Өзара келісім бойынша 57 отбасы ажырасқан.

— Үйленгісі келетін жұптар некені онлайн форматта заңды түрде тіркей алады. Бұл ретте eGov.kz порталы арқылы өтініш береді. Олардың өтініші қабылданғаннан кейін жұптар белгіленген уақытта жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты өздерімен бірге алып, АХАТ бөліміне келуі қажет. Некені тіркеу өтініш берілген күннің ертеңінен басталып, 15 күнтізбелік күннен кейін рәсімделеді. Мерзімнің соңғы күні демалысқа келсе, неке қию туралы куәлік жұмыс күні дайын болады. Некені тіркеу кезінде қалыңдықтың тегі өзгерген жағдайда ол бір ай ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен жеке басын куәландыратын құжатты ауыстыруға міндетті, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Осылайша, үй болуға шешім қабылдаған жұптар бар болғаны 15 күннің ішінде ерлі-зайыпты атана алады. Неке куәлігін үйде отырып-ақ рәсімдейді.

Соттың статистикасы қандай?

Мақала басында атап өтке-німіздей, өткен жылы аймағымызда 529 отбасының шаңырағы шайқалған. Ал сот арқылы тағы қанша жұп екі жаққа кетті?

Өткен жылы Павлодар облысында Азаматтық істер жөніндегі сотқа неке бұзу жөнінде 320 арыз түскен. Жыл басынан бері 60 жұп ажырасу жөнінде шешім қабылдап, сотқа жүгінген. Бұл статистика ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптыларға тиесілі. Ұл-қызы бар отбасылар неке бұзу жөніндегі арызды ювеналды сотқа жолдайды. Бала өсіріп отырып, екі жаққа кетуді жөн санаған жұптардың да статистикасы жаға ұстатарлық…

Павлодар облыстық сотының мәліметінше, 2025 жылы баласы бар жұптардан жалпы саны 2017 арыз түскен. Ал жыл басынан бастап айрандай ұйып отырған, ұл-қызы бар 307 ата-ана ажырасуға шешім қабылдаған.

Павлодар қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әлия Асанованың айтуынша, кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ, мүлкі бар ерлі-зайыптылардың ісін Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарайды.

— Екі жаққа кету жөнінде шешім қабылдаған тараптың бірі алдымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалына ажырасу жөнінде арыз жазады. Онлайн да өтініш бере алады. Арыз түскеннен кейін екінші тарапқа хабарлама жолданады. Бұл мәселе бір айдың ішінде қаралуы тиіс. Бір айдан кейін ажырасу ісіне екінші тарап қатыспаса, арыз жазған адам қолда бар құжаттарымен сотқа жүгінеді. Тез ажырасу үшін екі тараптың шешімі ортақ болуы тиіс. Ал сотқа түскен талап қою арызы 5 жұмыс күні ішінде қабылданып, 20 жұмыс күні ішінде сотқа дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл аралықта ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптыны шақырып, оларға татуласу, отбасыны сақтау жөнінде кеңес береміз. Ортақ мүліктеріне қатысты ойлары сұралады. Сот неке бұзу арызын бір айдан кейін қарайды. Бұл уақыт жұптардың ойлануы, шешімін өзгертуі үшін беріледі. Мұндай мүмкіндік ерлі-зайыптылардың біреуі ажырасуға қарсылық білдірсе ғана беріледі. Татуласпаса, сот шешім шығарады. Осы мерзім ішінде ойланып, істі қайтарып алатын отбасылар болады. Сот шешімі бір айдан кейін ғана заңды күшіне енеді. Егер соттан кейін тараптар райынан қайтып, шешімдерін өзгертсе, сот шешімді орындауға жібермей, қысқартады. Бұл ретте арызды екі тарап бірге жазуы тиіс, — дейді Ә.Асанова.

Әлия Ерғазықызы — сот саласында 12 жылға жуық жұмыс істеп жүрген тәжірибелі судья. Ол көп жағдайда жастардың ажырасатынын жасырмады. Алдына ажырасуға келген отбасыларды сақтап қалу үшін барын салатынын жеткізді. Сотта Билер алқасы жұмыс істейді. Екі жаққа кетуге шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар аймағымызға танымал, ақылы дария ақсақал, әжелердің кеңесін тыңдауға жіберіледі.

— Сот алдына келетін жас отбасылардың ажырасуына көп жағдайда мінездің жараспауы мен түсініспеушілік себеп болып жатады. Екі жас үйленуге асығыс шешім қабылдап, бір-бірін толық танымай жатады. Сол себепті отбасын құруға дайын болмай, екі жаққа кетуді қалайды. Бұдан бөлек, тұрмыс тауқыметі де әсер етеді. Қаржылық қиындықтарға тап болып, пәтер жалдаудан қиналып ажырасатындар бар. Тіпті, ерлі-зайыптылар бір-бірінің ата-аналары жас отбасыларға көмек көрсетпейтіндерін алға тартады. Біз олардың ойы дұрыс емес екенін, керісінше, ата-анаға қамқорлық танытулары керектігін айтамыз. Өкініштісі, ойынқұмар, ішімдік ішетін жастар бар. Өзге адаммен көңіл жарастырып, екінші мәрте отбасын құратындар жоқ емес. Сонымен қатар, бір перзентке зар болып, балалы бола алмаудың салдарынан шаңырақ шайқа-
лады, — дейді судья.

Билер алқасының ақылы

Павлодар облыстық Билер кеңесіне заң ғылымдарының докторы, профессор, Павлодар облысының Құрметті азаматы, сот саласының ардагері Амангелді Қамзин төрелік етеді. Оның құрамында заң және мемлекеттік қызмет саласының, сот жүйесінің, кәсіподақ ұйымдарының ардагерлері, сондай-ақ журналистер мен өзге де қоғам өкілдері енген.  Билер кеңесі өз қызметін ҚР Жоғарғы Соты бекіткен ереже негізінде жүзеге асырады және қоғамдық орган ретінде мемлекеттiк сот жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қызметтің тиімділігі мен жеделдігін арттыру мақсатында Павлодар қаласының әкімдігімен, қалалық ардагерлер ұйымымен, Павлодар қалалық сотымен, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотпен және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотпен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған.

Билер кеңесі Катаев көшесі, 83/2 мекенжайындағы ауданаралық экономикалық сот ғимаратында орналасқан. Билердің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін кеңеске республикалық сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне қосылған компьютермен жабдықталған жеке кабинет бөлінген. Азаматтарды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

Кеңес төрағасының орынбасары, отставкадағы судья, заңгер Күлжан Кунадилова некені бұзу туралы іс кезінде отбасын енді құрып, әлі сәби сүймеген жұптарды татуластыру оңай екенін айтады. Жас отбасыларға ақсақалдар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын кеңінен түсіндіріп, толыққанды отбасында дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор екенін түсіндіреді.

— Отбасының тұтастығы – қоғам беріктігінің негізі. Сондықтан бітімгер судьялар әр істі қарау барысында  құқықтық нормаларға ғана емес, ұлттық құндылықтарға да сүйене отырып, татулық пен түсіністікті басты ұстаным етеді. 2025 жылы Билер кеңесінің қарауына түрлі санаттағы 120 іс түсті. Қазір істер санының азаюына байланысты  Билер кеңесі азаматтарды аптасына бір рет қабылдайды. Қабылдау екі ауысым бойынша ұйымдастырылады. Құжат айналымының төмендеуіне екі фактор әсер етеді. Біріншіден, кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені бұзу туралы істің бір бөлігі азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына берілді. Екіншіден, бітімгер судьялар мен медиация қызметтерінің жұмысы жандана түсті. Осының нәтижесінде даулардың едәуір бөлігі сотқа жетпей-ақ өзара келісім арқылы шешіліп, қоғамда келісім мәдениеті мен құқықтық сананың нығаюына жол ашылуда, — дейді Күлжан Өміржанқызы.

Өткен жылы облыстық билер кеңесінің алдына келген жұптардың ешқайсысы некені сақтап қала алмаған. Өйткені ажырасуға бел буған жұптар шешімдерінен бас тартпаған…

Жоғарыда атап өткеніміздей, сотқа жүгінген жұптарға татуласу үшін бір айдан астам уақыт беріледі. Судьядан бөлек, медиация, Билер кеңесі де ақыл береді. Бірақ ерлі-зайыпты райынан қайтпаса, бұндай біріккен істен нәтиже шығуы екіталай.

Өзекті мәселеде жастардың ортасында аналық ақылын айтып жүрген «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилованың пікірін білген едік. Ақ жаулықты әже жастарға отау құрмай тұрып, ақыл-кеңес берудің маңызы зор екенін ашық айтты.

— Қызылорда қаласына іс-сапармен барғанда АХАТ бөлімі ғимараты жанында «Аналар кеңесі» жұмыс істейтінін көрдім. Мұндай бастаманы біздің облыста да енгізсе дұрыс болар еді. Өйткені ажырасу мәселесіне «Аналар кеңесінің» мүшелері тікелей атсалысуы керек.

Ұлым үйленетін кезде болашақ келінімді шақырып алып, баламның жағымсыз қылықтарын тізіп айтып берген едім. Шаңырақ көтергеннен кейін «мен оның мұндай мінезін білмедім» деп айтпасын дедім. Қандай адамға тұрмысқа шығып жатқанын толық білгенін қаладым. Екеуі отау құрғалы 14 жылдың ішінде маған балам туралы жамандап айтқан емес. Аллаға шүкір, екеуі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Екі немерем бар. Сондықтан екі жас үйленбей тұрып, екі жақтың анасы міндетті түрде кездесіп, өзара әңгімелесуі керек. Қалыңдық пен күйеу жігіт бір-бірінің мінезін, жағымсыз қылықтарын толық білуі тиіс. Балаларының кейбір ұнамсыз әдеттерін ата-аналары жасырмауы керек. Тіпті, кездесуге «Аналар кеңесінің» мүшелерін қатыстырса да болады. Біз де жастарға отбасы құрудың маңызы туралы ақылымызды айта аламыз. Өкініштісі, қазір екі жас үйлену туралы шешімді асығыс қабылдап, бір күннің ішінде неке қиып, ерлі-зайыпты болып шыға келеді. Кейін мінез, материалдық жағдайға байланысты мәселелер туындап, екі жаққа кете салады. Осы мәселенің алдын алу үшін әу бастан ата-ананың ақыл кеңесі берілуі тиіс, — дейді Б.Максилова.

Ажырасу мәселесіне судья, медиатор, Билер кеңесі араласатынын білдік. Егер баласы жоқ ерлі-зайыптының екеуі бірдей ажырасуға қарсылық білдірмесе, ешкімді ортаға салмай-ақ, бір айдың ішінде некені бұза алады. Статистика көрсеткендей, биыл облыста алғашқы екі айда ғана 300-ден астам отбасы баласы бола тұра екі жаққа кеткен. Аз уақытта шаңырақ осылай шайқал-
мас үшін тағы кімнің ақылына құлақ түру керек? Әлде «Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» дегендей, жастарды жеке мәселелерімен бетпе-бет қалдыру қажет пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Айдана ҚУАНЫШЕВА.