Екі бағытта электробустар жолға шығады

Нау 26, 2026

Павлодар қаласында тұрғындардың жайлы қатынауы үшін қоғамдық көліктерді жаңарту жалғасуда. Шаһарда жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың бірі «№1 автобус паркі» ЖШС-іне кезекті жаңа электробустар әкелінді. 13 электробус сәуір айының басында жолға шығады.

Автобус паркіндегі қоғамдық көліктер қатарын толықтырған электробустар облыс әкімі Асайын Байхановқа таныстырылып, компания алдағы жоспарларымен бөлісті.

«№1 автобус паркі» ЖШС директоры Ринат Мусиннің мәлімдеуінше, Skywell NUL маркалы электробустар 26 отыратын орынға арналған, орта класты болғанымен сыйымдылығы үлкен класты автобустармен пара-пар. Негізі сыйымдылығы 90 адамға шақталған.

– Ең бастысы, бұл көліктер электрмен жүреді. Паркіміз дәстүрлі жанар-жағармаймен жүретіннен біртіндеп арылуды жоспарлауда. Осылайша, экологияға келетін зиянды азайтуды көздеп отырмыз. 1 рет алынған қуат 330-350 шақырымға жетеді. Электробустар заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Шудан қорғалуы да жоғары, – деді Р.Мусин.

Аталған көліктер кондиционермен жабдықталған, яғни, жаздың ыстығында діттеген жеріңізге алаңсыз, жайлы жетесіз. Мүгедектігі бар жандардың кіріп-шығуына да жағдай жасалған.

Жаңадан жеткізілген 13 электробус №21 бағытта қатынайды. Алдағы аталмыш тасымал компаниясына тағы 7 көлік жеткізіледі. Олар №66А маршрутында қызмет етпек. Осы екі маршруттан босаған автобустар №153 бағытқа берілмек. Айта кетейік, №153 бағыт «Оптимист» фирмасына қарасты. Алайда, соңғы кездері бұл бағытта қатынауға қатысты тұрғындардан жиі шағым түскен. Компания көліктерді жаңартуға да құлықсыз әрі жүру интервалы да тиісінше сақталмаған. Сондықтан, Павлодар қалалық әкімдігі соттасуға мәжбүр болған. Енді бұдан былай №153 маршрут «№1 автобус паркіне» тиесілі. Айта кету керек, аталған 20 электробустар қала көшелеріне шықса, бұл тасымалдаушы компанияда жаңарту 100 пайызға жетпек. Яғни, ескі көліктер қалмайды. Негізі, паркте күніне 126 автобус, электробус қала көшелерінде жолаушылар тасымалдайды. Дегенмен, облыс әкімі Автобус паркіне №153 маршрутқа берілетін автобустарды да алдағы жылы жаңартуды тапсырды. Себебі, қазіргі таңда №21 маршрутымен жүретін электробустар да ескіргенін атап өтті.

– Біз қаланың орталық көшелерінде электробустардың жүргенін қалаймыз. Қаланың ішінде газдалу көрсеткіші жоғары. Өйткені, бүгінде көлік ағыны көп. Қаланың орталық көшелерінде жел соқпайды. Көліктерден шығатын улы газдың тарауы төмен. Сол себепті орталық көшелерге электробустарды жүргізу маңызды. Бұл – осы бағыттағы біздің стратегиямыздың бір бөлігі, –деді Асайын Байханов.

Ал «Павлодар автокомбинатына» да көліктерді жаңартуды 100 пайызға жеткізу талап етілгенін аймақ басшысы еске салды. Қалалық әкімдіктегілердің мәлімдеуінше, аталған компанияға биыл сәуірдің басында үлкен класты 15 жаңа автобус әкелінеді. Олар №18 және №27 бағыттарда жолаушылар тасымалдауға шығады.

«Таксомотор» фирмасы да автобустарын жаңартуды жалғастыруда. Олар алдағы айда 15 жаңа автобус алып, №14 маршрутта жүретін қоғамдық көліктерін жаңартпақ. Сонда жалпы Павлодар қаласында жолаушылар тасымалдайтын 25 жаңа автобус сатып алынса, жоғарыда аталған №153 маршрутына ауыстырылатын 14 автобус қосымша ауыстырылса, автопарк 100 пайыз жаңарады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.