Техникалармен толықты

Нау 26, 2026

Облыстың орман шаруашылықтары үшін олжалы сәт. Олай дейтініміз, жасыл желекті оттан қорғайтын саланың күші қырағылықпен қатар техникалық-материалдық базаның мығымдығына байланысты. Міне, осыны ескерген облыс билігі орман шаруашылықтарына бірден 50 техниканың кілтін табыстады.

Табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы мекемелеріне арналған техникаларды табыстау салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Аймақ басшысы маңызды әрі қауіпті іс басында жүрген азаматтарға сәттілік тілеп, орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңартудың маңыздылығын атап өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орман шаруашылықтарын дамытуға аса назар аударуда. Себебі, бұл – біздің өкпеміз, қоршаған ортаны қорғаумен тең. Жалпы, биыл 120-ға жуық техниканы жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі 50 техника – соның алғашқы легі. Осылайша, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық қамтамасыз ету көрсеткішін 75 пайызға дейін көтеруге ыпал етеді. Бұл – орманымызды сақтау жолындағы үлкен қадам. Орманды сақтау — баршамызға ортақ міндет, жауапты істі бірге атқарайық, – деді Асайын Байханов.

Өңіріміздегі Павлодар, Үрлітөбе және М.Горький атындағы орман шаруашылықтарының бөлімдеріне тракторлар мен жол талғамайтын автокөліктер табысталды. Арнайы техникалар облыс бюджеті және меморандумдар аясында  демеушілердің қолдауы есебінен сатып алынған.

Жаңа көлікті болған орман шаруашылықтары атынан сөйлеген «Павлодар» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов заманға сай техникалар жасыл желекті сақтауға айтарлықтай септігін тигізетінін атап өтті. Ол мұндай техникалар қосымша міндеттемелер жүктейтінін және олар өңір игілігіне пайдаланылатынына, бірегей табиғатты, нақтысы, Ертіс өзенінің жайылымдарын сақтауда зор көмегі болатынына сендірді.

Жалпы, облыста орман шаруашылықтарының техникасын бұлай ауқымды түрде жаңарту 2010 жылы орын алған екен. Содан кейінгі жылдары бірлі-екілі техникадан сатып алынып келген. Тек 2024 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен ең көп дегенде алты трактор алынған көрінеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.