Қазақстанда ауылдық аймақтарды дамыту және кадр тапшылығын шешу мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Сондықтан аталмыш проблеманы шешу мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы. Бұл жоба бойынша елімізде 2009 жылдан бастап ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама аясында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, ветеринария және агроөнеркәсіп салалары бойынша мамандар ауылдарға жұмысқа жіберіледі. Сонымен қатар, ауылға барған жас мамандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Тиімді тұстары мол
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы тек жас мамандарды өңірлерге тартумен шектелмейді. Бұл жоба ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ауылдың болашағын қалыптастыруға ықпал етеді. Бағдарламаның тиімділігін нақты деректер де дәлелдейді. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде облыс бойынша 466 маманға 3,2 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит берілген. Сонымен қатар, 1 547 маманға жалпы сомасы 570 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы төленді.
Мемлекеттік жобаның іске асыры-луынан бері ауылдық жерлерге 9 203 маман тартылып, олардың 5 057-сі міндет-темелерін орындағаннан кейін де ауылда қалып, тұрақты еңбек етуде. Яғни, әрбір екінші маман ауылда тұрақтап, өз кәсібі мен білімін сол жердің дамуына арнап отыр. Бұл көрсеткіш бағдарламаның ауылдық аймақтарды кадрлық тұрғыдан нығайтудағы нақты және тиімді құралы екенін айқын дәлелдейді.
Бағдарламаның нәтижесінде жас мамандар ауыл өміріне тек еңбекпен емес, жаңа ой, шығармашылық, білім мен үміт әкеледі. Олар – ауылдағы мектеп пен емхананың жүрегі, ауылдың әлеуметтік тірегі. Әрбір тартылған маман –
бұл ауыл үшін инвестиция, ал олардың еңбегі мен шығармашылығы ауылдың болашағын айқындайтын маңызды күш болып есептеледі.
Жас маман, жаңа тыныс
Бағдарламаның осындай жақсылығын көрген жас мамандардың бірі – Дінмұхамет Съезд. Ол 2021 жылдан бері Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп келеді. Бүгінде ауылдың білім беру жүйесіне белсенді үлес қосып жүрген педагог. Ол әр сабағы арқылы оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, олардың өз пікірін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Алғашында жаңа ортаға бейімделу оңай болмады, бірақ уақыт өте келе ауыл өмірінің өзіндік ерекшелігі мен жылылығын сезіне бастадым. Бұл бағдарлама маған жұмыс табуға ғана емес, өз мамандығым бойынша тәжірибе жинап, қоғамға пайда әкелуге мүмкіндік берді. Ауылдағы балалардың білімге деген ынтасы мені одан әрі жігерлендіреді. Әр сабақ сайын олардың болашаққа деген сенімін арттыруға үлес қосып жүргенімді сезіну мен үшін — зор жауапкершілік әрі мақтаныш. Сондықтан мен бұл жобаны жас мамандар үшін мол мүмкіндік деп есептеймін. Ол ауыл мектептеріне жаңа серпін беріп қана қоймай, бізге де кәсіби тұрғыдан дамуға жол ашады, – дейді ол.
Дінмұхаметтің тәжірибесі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға келген жас мамандардың білім беру сапасын арттыруға қосып жатқан нақты үлесінің айқын дәлелі. Ол жас ұрпаққа тарих пәнінің мазмұнын терең түсіндіріп қана қоймай, мектептің педагогикалық әлеуетін арттыруға және ауылдағы білім беру жүйесінің
жаңаруына өзіндік үлесін қосып келеді.
Оның еңбегі ауыл мектептерінде сапалы білім мен шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, ол оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Осындай педагогикалық тәжірибе арқылы Дінмұхамет ауылдағы білім беру мәдениетін нығайтуға үлгі болып отыр.
Бағдарламаның талаптары қандай?
Сонымен қатар, ауылға келген жас мамандар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 15 жыл мерзімге, жылдық
1 пайыз мөлшерлемемен, 2000–2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бюджеттік кредит алу мүмкіндігіне ие. Бұл жағдай жас мамандарға ауылда тұрақтап, өз кәсібін дамытуға сенімділік береді.
Әлеуметтік қолдауды алу үшін бірнеше маңызды шарт қарастырылған. Мәселен, жас маман ауылдық елді мекенде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт немесе агроөнеркәсіптік кешен ұйымдарында, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктерінде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Оған қоса, бұрын алынған кредит бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Одан бөлек, тұрғын үйді жақын туыстарынан сатып алу мүмкіндігі жоқ. Ал оның отбасы мүшелерінің соңғы екі жылда сол аудан аумағында тұрғын үйі болмауы керек. Бұл талаптар әлеуметтік қолдаудың мақсатты және тиімді болуын қамтамасыз етеді әрі жас мамандардың ауылда ұзақ мерзімде тұрақтап, кәсіби қызметін толық көлемде жүзеге асыруына жағдай жасайды.
Бағдарламаның тиімді жүзеге асуы үшін жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына сәйкес, қалалар мен аудандардың экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдері тоқсан сайын сұранысқа ие мамандықтардың тізімін қалыптастырып, бекітеді.
Бұл тізім «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының «Баспана маркет» порталына жарияланады. Өтініш берушілер өз облысын, қаласын немесе ауданын таңдап, толық ақпарат алады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар халықты ақпараттандыру мақсатында түрлі шара ұйымдастырады: тікелей эфирлер, әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстары, бейнероликтер, баспасөз хабарламалары, «Ашық есік» күндері мен «Халық заңгері» акциялары арқылы тұрғындарға бағдарлама туралы егжей-тегжейлі мәлімет беріледі.
Түйін:
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерге табан тіреген әр жас маман ауылға кәсіби қызметімен ғана емес, жаңа идея мен мол үміт сыйлайды. Олар жергілікті өңірдің әлеуетін арттырып, білім мен денсаулық саласының дамуына үлес қосады. Ал Дінмұхамет секілді жас мамандардың еңбегі сапалы білім берумен қатар, ауылдағы педагогикалық мәдениетті нығайтып, қоғамға үлгі болу болып есептеледі.
Айдана БОРАНБАЕВА.
