Ерекше балалар елеусіз қалмасын!

Сәу 2, 2026

Өкінішке қарай, елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар бала саны артуда. Әсіресе, соңғы бірнеше жылдың ішінде сөйлеу тілі мен психикалық дамуы тежелген, ақыл-ой кемістігі бар және аутист балалар саны күрт көбейіп барады, дейді мамандар. Алайда мұндай балаларды қоғамға бейімдеп, ел қатарына қосу үшін инклюзивті білімнің берері мол екені сөзсіз. Бұл ретте, өңіріміздегі түрлі бұзылыстары бар жеткіншектерге қандай жағдай жасалуда? Бүгінгі таңда неше павлодарлық бала инклюзивті біліммен қамтылған? Қандай қиындықтар бар? Қаланы айтпағанда, ауыл, аудандардағы ерекше балалар елеусіз қалып жатқан жоқ па? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық білім беру басқармасының балалардың құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Оразбайқызы Айтмұхамбетова жауап береді.

– Жібек Оразбайқызы, облысымызда инклюзивті білім беру ісі қалай жүріп жатыр? Жалпы, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қаншалықты оқумен және тәрбиемен қамтылуда?

– Әрине, ерекше балалардың да қатарластарынан қалмай білім, тәрбие алуына толық құқығы бар. Облысымызда осы бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.

Қазіргі уақытта аймақ бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны 8500-ден асып отыр. Оның ішінде 1800-ден астам балғын мектепке дейінгі ұйымдарға барып жүр. Олардың көбі логопед мамандардың көмегін алуда. Ал 1000-ға жуық бала арнайы мектеп-интернаттарымен қамтылса, 3700-ден астам бала жалпы орта білім беру мектептерінде оқуын жалғастыруда. Сонымен қатар, 200-ге жуық жасөспірім техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан жайы бар. Бұдан бөлек, 40-тан астам бала аутизм орталығына барып, қолдау қызметтерімен қамтылған. Сондай-ақ, арнайы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 400-ге жуық баламен логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істеуде.

–  Мамандардың айтуынша, ерекше бала саны жылдан-жылға артуда екен. Ал оларды түзету орталықтары жеткіліксіз және логопед, дефектолог мамандар тапшы екені жасырын емес. Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар қолға алынуда? Сондай-ақ, ауыл, аудандардағы ерекше балалар назардан тыс қалып қойған жоқ па?

– Облыс мектептері психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда аймақ бойынша 267 логопед, 208 дефектолог және 229 педагог-ассистент маман бар. Олар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жүйелі түрде жұмыс істеуде. Негізі, бұл бағыт бойынша бос орындар биыл толығымен жабылады деп жоспарлануда. Осы мақсатта облыстық білім беру басқармасы педагогтарды біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарына жіберу бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасу арқылы жас мамандарды қызметке шақырудамыз. Осынау іс-шаралар өз нәтижесін береді деп сенемін.

Айта кетерлігі, Павлодар қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және қолдау қызметтерімен қамтамасыз ететін бірқатар мемлекеттік білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Мәселен, №15 жалпы орта білім беру мектебінде психикалық дамуы тежелген балалар үшін арнайы сыныптар ашылды. Сонымен қатар, қалада 3 арнайы мектеп жұмыс істейді. Атап айтқанда, №1 арнайы мектепте интеллекті бұзылған балалар мен сөйлеу тілі және есту қабілеті тежелген жеткіншектер оқиды. Ал №4 арнайы мектепте интеллектісі және аутизм спектрі бұзылған балалар білім алса, №7 арнайы мектепте интеллектісі мен көздің көру қабілеті бұзылған балалардың оқуына жағдай жасалған.

Міне, аталған мектептер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы №6, №26 және №40 жалпы білім беретін мектептерде психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сыныптар бар. Мұнда жеткіншектердің толыққанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалуда.

Облыс орталығындағы №26 жалпы білім беру мектебінде ресурс орталығы жұмыс істейді. Аталмыш мекемеде аймақ педагогтарына арнайы әдістемелік көмек көрсетіледі.

Бүгінгі таңда өңірімізде 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті,
1 аутизм орталығы бар. Олар ерекше балаларға тиісті қызмет көрсетуде. Ал облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес барлық аудандық білім беру бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, жоспарлы түрде балаларды тексеріп, ата-аналарға психологиялық-педагогикалық кеңес беруде.

Атап өтерлігі, облысқа қарасты барлық аудан орталықтарында түзету кабинеттері ашылған болатын. Сол мекемелерде еңбек ететін арнайы мамандар сөйлеу тілі кешіккен, психологиялық дамуы тежелген, басқа да бұзылыстары бар аудан балаларына қолдау қызметтерін көрсетіп, бағыт-бағдар беруде.

– Инклюзивті білімнің нәтижесі қалай? Сіздердің тараптарыңыздан түзету, оңалту орталықтарына барып жүрген балаларға талдау жүр-гізіле ме? Яғни, шамамен ерекше балалардың неше пайызы қатарға қосылуда?

– Павлодар облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анықтау және сүйемелдеу жүйесі дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады. Яғни, сөз басында атап өткенімдей мұндай балалардың жағдайы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесте қаралып, сол бойынша психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерімен және аутизм орталығымен қамтылады. Әрбір баланың жағдайы мен деңгейіне байланысты жасалған қорытындыға сәйкес жеке дара дамыту бағдарламасы әзірленіп, тұрақты түрде динамикалық бақылау жүргізіліп тұрады.

Десе де, қолданыстағы әдістемелерде барлық баланы толық «қалыпты деңгейге жеткізу керек» деген міндет қойылмайды. Біздің негізгі мақсатымыз – баланың жеке мүмкіндігін барынша ашу, дербестігін арттыру, әлеуметтік ортаға, қоғамға бейімдеу болып табылады. Бірақ нәтиже жаман емес. Мәселен, 2025 жылдың қараша айында облыс командасы «Тең мүмкіндіктер» республикалық балалар инклюзивті спорт фестивалінен 11 жүлделі орын иеленіп, жеңіспен оралды. Бұл – үлкен еңбек пен оң өзгерістің жемісі екені сөзсіз.

Осылайша, жыл сайын біздің балалар мүгедек балаларға арналған «Жұлдыз-ай» халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

–  Кейбір мектептер ерекше балаларды қабылдаудан қаш-қақтайды деп естідік. Бұл қаншалықты заңды? Сондай-ақ, мұндай балаларға қосымша көмекші маман тағайындалады екен. Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз…

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды білім беру ұйымдарына қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Бұл Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерімен кепілдендірілген. Барлық мемлекеттік жалпы орта білім беру мектебі ерекше балалардың оқуына, тәрбие алуына тең жағдай жасап, қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәселе басты назарда. Балалардың құқығы әрдайым қорғалатын болады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында мектептерде педагог-ассистенттер, логопедтер, дефектологтар, психологтар қызмет атқарады. Педагог-ассистент баланың оқу процесіне қатысуына көмектеседі және оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдау көрсетеді.

Жалпы, қазіргі уақытта облыс бойынша осындай 229 педагог-ассистент 255 балаға көмек көрсетуде.

–  Облыстағы ерекше балаларға арналған мекемелердің материалдық жағдайы қалай? Сондай-ақ, болашақта түзету орталықтарыныңсаны көбейту жоспарда бар ма?

– Аймақтағы ерекше білім беру қажеттілігі бар 1000-ға жуық бала оқитын 7 арнайы мектептің техникалық-материалдық базасы жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.

Ал түзету орталықтарының санын көбейту жоспарда бар. «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасын іске асыру аясында ерекше балалар үшін қосымша 5 инклюзия кабинетін ашу жоспарланып отыр.

–  Сіздің ойыңызша, біз ерекше балаларды қоғамға бейімдеп жатырмыз ба, әлде қоғамды оларға бейімдей
алмай отырмыз ба?

– Қазіргі таңда екі бағытта да жұмыс жүргізілуде. Яғни, ерекше балаларды қоғамға бейімдеу үшін мамандар қызмет етуде. Сондай-ақ, қоғамды да ерекше балаларды қабылдауға бағытталған жұмыстар назардан тыс қалған жоқ. Осы орайда ескере кететін жайт, инклюзивті білім берудің негізгі қағидаты – баланы «өзгерту» емес, орта мен жүйені бейімдеу екенін түсінуіміз қажет. Бұл ретте, мектептерде тиісті жағдай жасау, педагогтарды даярлау және ата-аналармен де бірлескен жұмыс үздіксіз жүргізілуде.

– Осы салада қандай қиындықтар, мәселелер бар?

– Инклюзия саласы – қоғам үшін өте маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі.

Инклюзивті білім беруді дамыту үшін мемлекет тарапынан көп мүмкіндіктер жасалуда. Яғни, түзету, инклюзия кабинеттерін ашу, Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру, ғимараттардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу және даму ерекшеліктеріне қарамастан барлық бала үшін тең жағдай жасалуда. Соған қарамастан, біздің қоғам ерекше балаларды қабылдауға әлі де дайын емес. Бұл тек объективті қиындықтармен ғана емес, сонымен қатар, түрлі көзқарастармен, қорқыныштармен және білімнің жетіспеушілігімен де байланысты. Бұл мәселені шешу үшін табысты тәжірибелерді насихаттау және қандай болса да адамдарды құрметтей білу мәдениетін қалыптастыру, жалпы, қоғамның көзқарасын дұрыс жағына қарай өзгерту қажет. Көпшілік болып осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған жөн деп ойлаймын.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.