Білікті мамандар, өрелі шәкірттер

Сәу 2, 2026

Железин ауданында білім беру саласын дамытуға баса мән берілуде. Қазіргі таңда өңірдегі 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер толықтай балабақшамен қамтылған. Сондай-ақ, 2 мыңға жуық оқушы білім алатын 29 мектепте де мол мүмкіндіктер жасалған.

«Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде осы аудандағы білім беру мекемелерінің тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен бөліскенді жөн көрдік.

Жайлы жағдай жасалуда

Аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша өткен жылы өңірдегі білім беру нысандарын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және қауіпсіз әрі қолайлы оқу жағдайларын жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген. Мәселен, Березовка жалпы орта білім беру мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Жоба аясында еден, есік-терезелер мен шатыр ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылған. Қасбеті жөнделіп, мектеп алаңының іргелес аумағы абаттандырылған. Аталған жұмыстар ғимараттың техникалық жағдайын жақсартып, білім беру процесін ұйымдастыру үшін заман талабына сай жағдай жасауға мүмкіндік берді, дейді мамандар. Сондай-ақ, Мыңкөл ауылының балалары үшін спортзал ғимараты сатып алынып, оқушылардың дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуларына барынша жағдай жасалуда.

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Железин №2 жалпы орта білім беру мектебін заманауи жабдықтармен қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Яғни, білім шаңырағына оқу кабинеттеріне арналған жиһаздар, компьютерлік және тұрмыстық техникалар, стендтер, бейнекамералар, теледидарлар, кеңсе тауарлары және басқа да құрал-жабдықтар тарту еткен.

Аудан мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі де үздіксіз жалғасуда. Атап айтқанда, Железин №1 мектебінің жылыту жүйесі жаңартылса, Железин №2 мектебінің 25 оқу кабинеті жөндеуден өткен. Ал Михайловка мектебінің шатыры ауыстырылған. Бұдан бөлек, ауданға қарасты 8 білім ордасында робототехника кабинеттері ашылған. Сонымен қатар, Железин №1 мектебінде IT сыныбы пайдалануға берілген. Бұл мүмкіндіктер оқушылардың ойлау қабілеттері мен цифрлық құзыреттерін дамытуға көмектеседі, дейді мамандар.

Атап өтерлігі, аудан балаларының қауіпсіздігі де — басты назарда. Осы мақсатта барлық білім беру мекемесіне бейнебақылау камералары орнатылған. Яғни, 29 мектепте – 609 бейнекамера, 2 балабақшада – 54, балалар өнер мектебінде – 16 және 7 шағын орталықта – 111 бейнекамера іске қосылған.

Мамандарға қолдау бар

Аудан мектептерін мамандармен қамту ісі де оң шешімін тапқан. Бүгінде бұл өңірге қарасты білім беру мекемелерінде 605 педагог еңбек етеді. Олардың 87 пайызы — жоғары білімді, ал 17 педагогтың магистр дәрежесі бар. Мұғалімдердің 72,3 пайызы жаңа форматтағы біліктілік санаттарын алған. Нақтырақ айтқанда, 1 педагог шебер, 77 педагог зерттеуші, 135 педагог сарапшы, 225 педагог модератор, 160  педагог бар.

Өткен жылы 449 ұстаз қайта даярлау курсынан өтіп, біліктілігін арттырған. Железинде педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Саналы ұстаз – цифрлық заман», «Жыл мұғалімі», «Үздік ауыл мұғалімі», «Алтын тұғыр» және «Педагогикалық бастамалар» атты кәсіби байқаулар үнемі өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып тұрады. Сол арқылы мұғалімдердің өз ісіне деген қызығушылығын, жауапкершілігін арттыру көзделуде.

Айта кетерлігі, осы оқу жылында аудандық білім беру ұйымдарына 15 жас маман келіп, жұмыс істеуде. Жастарға кәсіби бағыт-бағдар
беріп, қолдау көрсету мақсатында тәжірибелі мұғалімдер тәлімгер ретінде бекітіліп, көмек қолын созуда.

Білім сапасы артуда

Соңғы уақытта аудан оқушыларының білім деңгейінің өскені байқалады.

– 2025–2026 оқу жылының І жартыжылдығында аудан бойынша оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеу шарасы жүргізілді. Әкімшілік және бақылау жұмыстары мен ағымдағы бағалау нәтижелері есепке алынды. Талдау көрсеткендей, білім сапасының көрсеткіші І тоқсанда 52,3 пайыз болса, ІІ тоқсанда 64,8 пайызға өскен. Мұндай көрсеткішке оқу жұмыстарының жоспарға сәйкес іске асуы, тәуекел тобына кіретін оқушылармен терең әрі жүйелі жұмыстың жүргізілуі және педагогтарға әдістемелік қолдау көрсетудің нәтижесінде қол жетті, – делінген аудандық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратта.

Аталмыш бөлім мамандарының айтуынша, дарынды оқушылармен жұмыс істеуге ерекше мән берілуде. Мәселен, 338 железиндік оқушы түрлі деңгейдегі конкурстар мен олимпиадаларға қатысып, 36 шәкірт облыстық және республикалық кезеңдерде жүлделі орындарды иеленген. Сондай-ақ, облыстық пән олимпиадалары мен «Зерде» ғылыми жобалар конкурсынан 22 оқушы жүлделі орын алған.

Аудан мектептерінде тәрбие жұмысы да дұрыс жолға қойылғанын атап өткен жөн. Өңірдегі 29 мектепте азаматтық жауапкершілік, патриоттық бағыттағы тәрбие бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл шараларға мектеп оқушыларының шамамен 90 пайызы қатысады, дейді мамандар.

ЖИ жемісін көруде

Железиндегі барлық мектепте «BilimLand», «Amansultan», «Topiq.kz» сынды электронды білім беру платформалары белсенді қолданылуда. Бұл қосымшалар оқушылардың интерактивті материалдар, цифрлық оқу құралдары мен тапсырмаларды онлайн және оффлайн режимде оңай алуларына мүмкіндік береді.

Оқу үдерісіне енгізілген жасанды интеллект құралдары ҰБТ-ға, қорытынды аттестаттауға (ББЖМ, PIRLS, TIMSS, PISA) дайындық жүргізуге, оқу материалдарын әзірлеуге, тапсырмаларды автоматты түрде тексеруге кеңінен пайдаланылуда.

Ұстаздардың айтуынша, жасанды инттелект әсіресе, ағылшын тілі, информатика, физика, математика, химия және тарих сабақтарында, сондай ақ формативті бағалау жүйесіне тиімді енгізілуде. Нәтижесінде, білім сапасы көтеріліп, оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру ісі ойдағыдай жүзеге асуда, дейді мамандар.

Мүмкіндік мол

Железиндік шәкірттердің қосымша білім алуына да мол мүмкіндік қарастырылған. Осы мақсатта ашылған балалар өнер мектебінде төрт бағыт бойынша білім беріледі. Атап айтқанда, оқушылар музыка, хореография, көркем өнер және театр бағыты бойынша шығармашылық қабілеттерін дамытуда.

Ауданда, сондай-ақ, ерекше балалардың да ел қатарлы білім, тәрбие алуына жағдай жасалған. Қазіргі уақытта бұл өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар 70 бала тіркелген. Олардың 10-ы балабақшада, ал 60-ы жалпы орта білім беру мектебінде оқуда. Бұл жеткіншектерге психологиялық медициналық-педагогикалық кеңес қорытындысы бойынша білім беріліп, арнайы мамандар қолдау қызметін көрсетуде. Сонымен қатар, мектептерде мүгедектігі бар жандарға кедергісіз жағдай жасау үшін пандустар орнатылған. Әр білім ордасында психолог маман жұмыс істеуде.

Жоспар қандай?

Железин ауданында алдағы уақытта да білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын таба бермек. Соларға тоқтала кетер болсақ, көп кешікпей Железин №2 жалпы білім беру мектебінің шатырын, қоршауын ауыстыру, басқа да қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл мақсатқа қазынадан 292 миллион теңге қарастырылмақ. Ал
Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ғимаратына 366,7 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалмақ. Сонымен қатар, ауданға қарасты білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасын нығайту, оқу жабдықтарын жаңарту, цифрлық білім беру ортасын дамыту, инновациялық оқыту технологияларын енгізу, педагогтардың біліктілігін арттыру курстары мен әдістемелік қолдау шараларын ұйымдастыру және басқа да игі істер жалғасын табатын болады, дейді аудандық білім беру бөлімінің өкілдері.

Осылайша, Железин ауданында оқушылардың заман көшінен қалмай сапалы білім алуына, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, оқу үрдісіне жасанды инттеллект жетістіктерін енгізуге бағытталған игі істер қолға алынуда. Бұған қарап, аудан балаларының келешегі кемел болады деген үміт бар.

Бетті әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.