7 сәуір — Тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді еске алу күні. Биыл тәжік-ауған қақтығысының аяқталғанына 25 жыл толып отыр. Бір емес, бірнеше халықтың жадында таңба болып қалған осы бір оқиға әр азаматтың жүрегінде қалғаны сөзсіз. Жыл сайын 7 сәуір жат жерде бітімгершілік миссиясымен барып, қаза болған 17 жауынгерімізді еске алатын ерекше дата. Бүгінде соғыс ардагерлері осы бір қиын кезеңді ерекше еске алып, ешқашан ұмытылмайтын жара екенін айтады. Соның бірі — Тәжікстанның Пшихавр тау шатқалында шекарашы қызметін атқарған Мейрам Шамшудинов.
— Мейрам Қасымжанұлы, тәжік-ауған соғысына қалай аттандыңыз?
— Мен 1975 жылы Железин ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келдім. Сол жерде 8 жылдық мектепті бітіріп, мал дәрігері мамандығында оқыдым. Кейін әскери борышымды өтеуге Шымкент қаласына келдім. Сол жерден барлығымызды азматтық соғыс басталуына орай арнайы хаттама бойынша Тәжікстан шекарасына жіберген болатын. 1994 жылы бірінші рет шекаралық аймақта қызмет атқардық. Ол жерде арнайы блок бекеттерді күзету тапсырылды. Таудың үстінде кішігірім арнайы тастан жасалған бақылау орындарында кезекшілік атқардық. Басты мақсатымыз жолдан қауіпті қарулар мен есірткі тасымалданбауын қадағалау болды. Кезекшілік бақылауда белгісіз адамдарды көрсек, алдымен олардың кім екенін анықтауға тырысамыз. Содан кейін ғана нақты әрекет жасаймыз. Мұндай оқиғалар әсіресе түнге қарай сиреп кетеді. Сондықтан, көбінесе шекаралық аймаққа сигналды миналар орнатылады. 1995 жылы екінші рет осы қызметке шақыртылдым. Алайда, бір айдан соң граната біздің аймаққа түсіп, жарақаттандым. Денсаулығыма байланысты мені екі айдан соң елге қайтарды. Қазірдің өзінде денемдегі тыртықтардың, әйнек сынықтарының қалдықтары бар. Олар жазылғанмен, соғыста көрген тауқымет ешқашан ұмытылмайтыны анық.
— Соғыс жағдайындағы солдаттық өмір қандай еді?
— Әрине бейбітшілікте әскери қызмет атқарғанға ештеңе жетпейді. Таңмен тұрып, өзіміз үшін жасырын жаттығу жасаймыз. Таңғы астан соң міндетті түрде жаңа тапсырмалар аламыз. Соғыс жағдайы ол тек қана елді қорғау немесе өз жаныңды қорғау емес, ол абыроймен қызмет етуді жалғастыру. Себебі, мойнымызға екі есе жауапкершілік артылды. Сондай-ақ, әрбір жаңа таңды көргеніміз үшін қуану да ерекше сезімдердің бірі еді.
— Қазіргі таңда осы бір соғысты басынан өткерген ардагерлерге қандай көмек беріледі? Жалпы олар қазір немен айналысады?
— Мемлекет тарапынан біршама жеңілдіктер қарастырылған. Жәрдемақы, емдеу санаторияларына жолдама беріледі және қоғамдық көлікте жол ақысы алынбайды. Бұдан бөлек те қаржылық қолдаулар болып тұрады. Облысымызда 50 шақты тәжік-ауған қақтығысының ардагері бар. Ардагерлер ұйымында бас қосып, шараларға белсенді қатысып отырамыз. Атаулы күн қарсаңында мектептерге, колледждерге барып жастармен жұмыс жасап отырамыз.
— Бүгінде әскери қызметін өтеуге жүрексінетін жандар бар. Оларға тәжік-ауған соғысы ардагері ретінде не айтар едіңіз?
— Иә, жастар арасында осы бір мәселе өте жиі кездесіп жатады. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Себебі, әрбір ер азамат өз отанының алдында азаматтық борышын өтеуі тиіс. Ол сонысымен ерлігін дәлелдейді деп білемін. Біз жас болғанда арамызда біреуді әскер қатарына алмай қойса, бұл өте ұят хабар болып саналатын. Ал қазір керісінше. Жастар — олар елдің ертеңі, болашақтың тірегі. Сондықтан оларды ержүрек қылып тәрбиелемесек, бұл біздің ағаттығымыз деп білемін. Әрі — беріден соң бейбіт заманда азаматтық борышын өтегенге жетер ешнәрсе жоқ.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сара ӘБДОЛ.
