Жарымжан жандар неге көбейіп барады?

Сәу 2, 2026

Облысымызда жыл сайын жарымжан жандар қатары артуда. Бұған не себеп? Жалпы, осындай азаматтар үшін мүгедектікті анықтау және медициналық-әлеуметтік сараптаманың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтар қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қазіргі таңда өңірімізде 30 075 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 25 903 ересек адам және 4 172 бала бар. Өкінішке қарай, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүгедектігі бар адам санының өскені байқалады. Натырақ айтқанда, биыл жарымжан жандар саны 263 адамға артқан. Ал ағымдағы жылдың 26 наурызына дейінгі есеп бойынша 618 тұрғын алғаш рет мүгедек деп танылған. Олардың қатарында 474 ересек адам және 144 бала бар.

– Ересектер арасында алғаш рет мүгедектігі бойынша есепке алынғандардың көбі қатерлі ісікке шалдыққандар (38,3 пайыз) және қан айналымы жүйесінің аурулары (23,1 пайыз), көз аурулары, басқа да сырқаттар (7,3 пайыз) бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ересек тұрғындар арасында алғаш рет мүгедектікке шығу көрсеткішінің ұлғаюына осы аталған сырқаттар себеп болып отыр. Ал балалар арасында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (56,9 пайыз), туа біткен ақаулар, деформациялар және хромосомалық ауытқулар (15,2 пайыз), жүйке жүйесінің аурулары (7,6 пайыз) мүгедектікті айқындауда. Бұған аурулардың кеш анықталуы, созылмалы сырқаттар, аналардың жүктілік кезіндегі асқынулары, құрсақішілік инфекциялар, токсиндердің әсері және қолайсыз экология басты себеп екенін айта кеткен жөн, – деді Айгүл Мақанқызы. Оның айтуынша, денсаулығы сыр берген жандарға медициналық оңалту қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, әр адамның жағдайына байланысты диагностикалық, емдік, оңалту іс-шаралары және олардың нәтижелері туралы мәліметтерді ескере отырып, денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының қорытындысы бойынша мүгедектік анықталады. Оның шынайы болуы үшін құжаттар медициналық-әлеуметтік сараптамаға ұсынылады. Алайда қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет көрсетудің сырттай проактивті форматы жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Сол бойынша
15 нозологияны, нақтырақ айтқанда, қатерлі ісік, туберкулез, ересектер арасындағы қанайналым, зәр шығару жүйесі аурулары, психикалық сырқаттар, балалардағы аяқ-қолдың ампутациясы, Даун синдромы, Паркинсон, гидроцефалия, сал және басқа да ауыр дертке шалдыққандар медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша мүгедектікті проактивті форматта рәсімдей алады.

– Бүгінгі күні мүгедектікті белгілеу бойынша келіп түскен барлық істердің 45 пайызы сырттай проактивті форматта, яғни көрсетілетін қызметті алушының қатысуынсыз, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түскен медициналық құжаттардағы деректер негізінде қаралуда. Оны тексеретін сарапшылар емделушінің құжаттарында көрсетілген деректері бойынша шешім қабылдайды. Куәландырудың бұл түрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмай, қағазбастылықты жою, науқас жанды әуре-сарсаңға түсірмеу мақсатында енгізілген, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алтын Смағұлова аталған мекеменің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, облыс бойынша 2024 жылы – 2 342, ал 2025 жылы 2 534 адамға мүгедектік белгіленген. Алайда медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешіміне келіспей, шағымданғандар да болған. Мәселен, былтыр 226 адамнан шағым түсіп, оның 147-сі сырттай проактивті куәландыру және қайта куәландырудан өткен. Олардың көбі онкологиялық аурулары бар науқастар екені анықталған.

Қоғамдық кеңес отырысында медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ емделушілерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу барысында орын алатын қиындықтар да талқыланды.

Жиын соңында жарымжан жандарды толғандырған мәселелерге түсіністікпен қарап, барынша қолдау көрсету керектігі айтылды. Сонымен қатар, өндірістік жарақат алып, еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтардың мәселесі де назарда болуы керек, деді кеңес қатысушылары.

Н.ШОДЫР.