Павлодар облысы аумағындағы ең алғашқы ауыл мешіті Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылында ашылды. Аталған ғибадат үйі ел Тәуелсіздігін алмас бұрын, нақтырақ айтсақ 1988 жылы ауыл азаматтарының бастамасымен іске қосылған. Ауыл ақсақалдары Қайрат Қибашев есімді жас азаматты діни оқуға жіберіп, кейін ауылға қайтып келіп қызмет етуіне қолқабыс жасаған. Содан бері ол өмірінің
35 жылға жуық уақытын діни қызметке арнап, Алланың ақ жолын дәріптеп келеді. Жақында Қайрат имаммен арнайы жолығып, дін саласына қалай келгенін және ең бірінші ауыл мешітінің қалай ашылғаны туралы сұрап, өткен тарихи оқиғаларды еске түсірген едік.
– Қайрат Денденұлы, діни қызметке алғаш қалай келдіңіз, негізгі мамандығыңыз қандай еді?
– Менің оқыған мамандығым – техник-механик. 1987 жылы оқу бітіргеннен кейін Екібастұз қаласында жұмыс істеп, еңбек жолымды бастадым. Содан 1991 жылы Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылында тұратын жездем бір мәселемен шақыра қалды. Мен келсем, ауылда жаңа салынған мешіт бар екен, сәлем берейік деп бардық. Ғибадат үйінде ақ шапан, ақ сәлде киген имам отыр. Ол кезде ондай имам көрмегенбіз ғой. Есімі Әбдімомын Саматов деген кісі болатын. Мешіт 1988 жылы ашылғанда ауылда діннен хабары бар бір адам шықпайды, сонымен, ауыл ақсақалдары ақылдаса отырып осы кісіні Түркістаннан шақыртқан екен. Сонымен, Құран оқып, аруақтарға бағыштап болған соң, менің де құранымды тексеріп беруді сұрадым. Себебі, әкемнің де кішкене молдалығы бар еді, қысқа сүрелерді жаттатқан болатын. Соны көрген Қамариден Кенжебайұлы деген ауыл ақсақалы маған бұрылып: «Балам, сенің діни сауатың бар екен, ары қарай тағы оқытайық, сен осы мешітке имам болсаң қайтаді» деген ұсыныс айтты. Мен ойланып, кейінірек жауабын айтайын дедім. Бірақ кейін келістім. Екінші рет 1991 жылы 13 мамыр күні мешітке қайта келіп, жұма намазына қатыстым. Сол күннен бастап шәкірт болып, діни оқуды бастап кеттім. Сонымен, Әбдімомын имамның алдында жарты жыл білім алып, Ташкентке жолдама алдым. Ол жақта тағы бір жылдан астам оқып, 1992 жылдың желтоқсан айында елге келіп, мешітке имам болып жұмысқа кірістім. Ол кезде шәкірттерді оқудан оңай босатпайды. Мешіттің имамы еліне кететін болған соң мына жақтағы жағдайды түсіндіріп жүріп, әзер рұқсат алдық. Сол кезде мынадай да жағдай болған. Жоғарыда айтқан Қамариден ақсақал мен оқып жүрген медресенің басшылығына хат жазып жүріп сұрап алады ғой. Ұстаз рұқсат беріп, мені босатты. Мен поезбен жолға шығып келе жатырмын. Қамариден көкеміз совхоз директорына кіріп, мені тосып алатын көлікті де әзірлеп қояды. Содан кейін өзінің шаңырағына келіп, осы қуанышты хабардың бәрін кемпіріне ерекше бір тебіреніспен, қуанышпен әңгімелеп отырып, дүниеден өтіп кеткен екен. Себебі, бұл — Кеңес өкіметінің құрамында болған 70 жылдың тарихында болмаған оқиға. Яғни, өзіміздің арамыздан имам шығады деген ешкімнің ойы түгілі түсіне де кірмеген нәрсе ғой. Бірінші осыған қуанса керек. Екіншіден, бұл елі мен жерін, ділі мен дінін шын сүйген, жақсылығы болса қуана білетін, жамандығы болса
мұңая білетін адамның көрінісі еді.
– Енді сол Әуелбек ауылында іске қосылған алғашқы ауыл мешітінің ашылу тарихы туралы айтсаңыз…
– Иә, қазіргі Әуелбек («Октярьдің 25 жылдығы» кеңшары) ауылындағы «Ханкелді» мешіті — облыс бойынша ауылдарда ең бірінші болып ашылған мешіт. Ол – шынын айтқанда, ел Егемендігін алмас бұрын дін егемендігіне қол жеткізген ауыл. Яғни, 1988 жылы мешіт ашып алған. Ол кезде кеңшарда 4 мыңға жақын халық тұрады. Негізінен Ханкелді руы шоғырланған елді мекен. Сонымен, ел ақсақалы Қамариден Кенжебайұлы бастаған басқа да ауыл үлкендері ауылға бір мешіт керек деген бастама көтереді. Алдымен оның ғимаратын тауып алуымыз керек деген оймен ауылда бос тұрған бір конторды сатып алады. Ол кездегі құны 638 теңге болыпты. Сонымен, ғимаратты мешітке айналдырып, төбесіне мұнара тұрғызған. Енді ашайық десе, билік рұқсат бермейді. Алдымен ауданнан, одан кейін облыстан сұрайды, бірақ ешқайсысы рұқсат етпейді. Ол кезде облыстың бірінші хатшысы қызметін Жақсылық Ысқақов деген азамат атқарып тұрған. Ол жақтан да еш көмек болмайды. Қамариден ақсақал ары ойланып, бері ойланып, Мәскеуге, КСРО басшысы М.Горбачевке тікелей шығатын жол іздейді. Қамариден ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысып келген кісі ғой, соғыс біткен соң Ертіс ауданында комендант болып жұмыс істепті. Сонда алыс-жақын мемлекеттерден жер аударылып көп адам келеді. Солардың арасында Видекер деген кемпір келіпті, оларды осы Қамариден ақсақал бастаған ел азаматтары құшақ жая қарсы алады, елге орналасуына бар жағдайды жасайды. Кейін сол кемпірдің бір баласы «Суворов» совхозының директоры және Жоғары кеңестің депутаты болады. Бір болса сол көмектесер деген оймен ел ақсақалдарының атынан хат жазып, «Суворов» совхозына келеді. Әлгі кемпір кезінде өздерін қарсы алған Қамариденмен жылап көрісіп, қандай бұйымтайың бар дейді. Бұйымтайым, осы хатты амалын тауып Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы М.Горбачевке жеткізсін деген өтініш айтады. Сәті келіп, дәл сол кезде совхоз директоры Мәскеуге пленумға барғалы жатыр екен, Қамариден ақсақалдың бір өтінішін жерге тастамай, хатты өзімен алып кетеді. Тіпті, әлгі депутаттың М.Горбачевке үш минут уақытқа кіріп, өтінішін айтатын еркі де бола қалады. Содан Құдай оңдап, Горбачев өзі қолдап, хатқа мешіт ашуға рұқсат берілсін деген қол қойып береді. Сонымен қатар, «Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы Назарбаевқа, Павлодар облысы Краснокутск ауданы, Октябрь ауылына мешіт ашуға рұқсат берілсін. 1988 жыл, сәуір айы» деп жазып береді. Оны алған Назарбаев бірден бірінші хатшыға телефон шалып, тапсырма берген. Міне, Әуелбек ауылындағы дәл қазіргі «Ханкелді мешіті» ауыл адамдарының осындай үлкен ерлігінің арқасында ең алғашқы ауыл мешіті болып ашылған.
– Сіз Ташкентке діни оқуға барамын деген баста-маңызды ата-анаңыз, отбасыңыз қалай қабылдады?
– Ата-анам да, отбасым да қарсы болған жоқ. Ол кезде бір баламыз бар еді. Бәрін бір Құдайға тапсырып, жолға шықтым. Ол кезде олар Екібастұз қаласында тұратын. Бір бөлмелі пәтеріміз бар. Өз күндерін өздері көрді. Жалпы, Исламға қызмет етемін деп ниеттенген адамды Алла өзі жеткізеді және бүкіл мәселесі бір Жаратушының қалауымен өзі реттеледі екен. Соны көзім көрді. Ал Ташкенттен келген соң Әуелбекке халық өзі көшіріп алып, үйін беріп, бар жағдайын жасады. Сол ауылда 1996 жылға дейін еңбек етіп, Атамекен кентінің мешітіне қызметке ауысып келдім. Міне, осы дін саласында қызмет істегеніме 35 жылға жуық уақыт болды.
– Ауыл адамдарының дінге деген сенімі мен көзқарасы қалай болды?
– Ол кез халықтың дінге, руханиятқа шөлдеп тұрған уақыты ғой. Мешітке жамағат өте көп келетін. Діни сауат ашу курсын ашып, ауыл жастарын оқыттық. Сонда бір ауылдың өзінен 40-тай шәкірт келіп оқитын еді. Сонымен қатар, мектептен де бір-екі сағат беріліп, 5-7-сыныптарға араб тілінен сабақ бердім. Бір қуанарлығы, сол кезде үлкендер балаларын мешітке көп жіберетін, діни дәрістен қалмаңдар деп қадағалап отыратын. Қазір солардың бәрі имам болмаса да Алласын танып, тура жолмен жүретін азамат болды.
– Қазір Атамекен кентінде жаңа мешіт салынып жатыр ғой. Қашан іске қосылады?
– Иә, Атамекенде екі мешіт бар. Оның бірі – сол 1996 жылы ашылған ескі діни мекеме. Екіншісі — кейін ашылған жаңа мешіт. Ескі мешітке арнайы ғимарат салынған жоқ. Бос тұрған ғимаратқа күмбез қойып, мешітке айналдырған. Кейінгі бірнеше жылдың көлемінде ауылдың ауқатты азаматтары жаңа ғимарат салуды қолға алған болатын. Алланың қалауымен негізгі жұмыстары аяқталып, соңына жақындады. Құдай қаласа осы жылы ашып, соған көшеміз деген жоспарымыз бар. Ал ескі ғимаратты асхана ретінде жабдықтаймыз деп отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

