Екібастұз қаласында қыстан кейін жолдарды, көпшілік орындарды, саябақтарды тазалау жұмыстары мықтап қолға алынды. Мамандар шаһарды таза ұстау үшін бел жазбай еңбек етуде.
Екібастұз қаласындағы тазалыққа жауапты басты кәсіпорын – «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС жаңа техникалармен толықты. Жолдарды тазалау тиімділігі мен сапасын арттыру үшін механикалық шаңсорғыштар сатып алынды. Олар аумақтарды шаң мен құмнан тазалап, ұсақ қоқыстарды жинауға көмектеседі. Сол арқылы квартал ішіндегі аумақтарды да мұнтаздай таза қылуға болады. Жалпы, кәсіпорын иелігінде барлығы 80-нен астам техника бар.
Таяуда қала әкімі Аян Бейсекин коммуналдық мекеменің жұмысымен танысты. Бұл ретте көше-жол желісін күтіп-ұстауға және қалалық аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи сыпыру-жинау техникаларына, атап айтқанда SCHMIDT Flexigo 150 және SCHMIDT Swingo 200+ техникаларына ерекше назар аударылды. Шаһар басшысы коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Екібастұз қаласы.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
