Қоғамдық көлік оңтайландырылды

Сәу 2, 2026

Ақсу қаласында жолаушыларды тасымалдайтын кейбір бағыттағы автобустар тиімсіз болып қалды. Сондықтан бірнеше бағыттағы маршрут жойылды.

Ақсу қаласының әкімдігі 1-26 наурыз аралығында қоғамдық көлік маршруттарының желісін оңтайландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізді. Соның аясында тасымалдау тиімділігін арттыру, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және тұрғындар үшін қоғамдық көлік қолжетімділігін жақсарту мәселелері қаралды. Бұл ретте жолаушылар ағыны, маршруттардың жүктемесі және азаматтардан түскен өтініштер ескерілді.

Нәтижесінде тиімсіз деп саналған №4У, №6 және №7 бағыттар жойылды. Талдау барысында белгілі болғандай, бұл бағыттар бойынша жолаушылар ағыны төмен. Бір күнде орта есеппен тек 133 транзакция жасалады. Салдарынан тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге мүмкіндік болмады. Яғни, коммерциялық тарифтің нақты құны бір тасымалдау үшін 2000-4000 теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар, бюджеттен 122 млн теңгеден астам субсидиялауды қажет етті.

Дегенмен, №6 және №7 маршрут-тарымен бұрын қызмет көрсетілген саяжай массивтері сақталып, «Беловка» маршрутымен жазғы кезеңде қамтылады. Бұл бағытқа жаңа, үлкен сыйымдылықты, ыңғайлы автобустар шығарылады. Ал №4У маршрутының жолаушылары №11 бағыт бойынша жүретін автобустармен қатынай алады. Қабылданған шаралар қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға және қала тұрғындары үшін тасымалдаудың қолжетімділігін сақтауға бағытталған. Бұл ретте жол жүру тарифтері көтерілмейді. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда нақты жолаушылар ағынын ескере отырып, қозғалыс кестесі жедел түзетілуі, оның ішінде қозғалыс интервалы 15 минутқа қысқартылуы мүмкін.

Өз тілшіміз.

Ақсу қаласы.