Сақтық шаралары күшейтілді

Сәу 2, 2026

Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылдық округінде көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Бүгінде қар тазалау жұмыстары тек автокөлік жолдарымен шектелмей, жаяу жүргіншілер жолдары, тротуарлар және қоғамдық орындарда да жүйелі түрде жүргізілуде.

Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар тұрақты бақылауға алынған. Қар шығару үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін қажетті техника мен жұмыс күші толық жұмылдырылып отыр. Қазіргі таңда аталған жұмыстарға 3 техника тартылды. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысының қалыпты сақталуына мүмкіндік беруде.

Сонымен қатар, жуырда ауданға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі дайындық барысымен танысты. Сапар қорытындысы бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің әзірлігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, арнайы меморандум аясында аудандағы шаруашылық субъектілері де бұл іске белсенді түрде тартылуда. Олар қар шығару жұмыстарын ұйымдастыруға және су тасқынының алдын алу шараларына үлес қосып келеді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Ақтоғай ауданы.