Суқұзғыннан қауіп бар

Сәу 9, 2026

Өңірде жыртқыш құс саналатын суқұзғындардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Өзен-көлдегі балықтармен қоректенетін олар экожүйеге кәдімгідей қауіп төндіре бастады.

2018 жылы өңірдегі бұл жыртқыш құстардың саны шамамен бес мың болса, бүгінде Ертіс өзені бойындағы суқұзғындардың саны 15 мыңнан асып отыр. Олардың саны өзенді балықтандыру жұмысының жүйелі жүргізілуі нәтижесінде көбейіп отыр, дейді мамандар. Яғни, өзен-көлдерде балық саны артқан соң оларды қорек ететін жыртқыш құстар да бірден көбейді.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұл құс тәулігіне орта есеппен 150-400 грамм балық жейді. Бүгінде олардың саны күрт көбейгенін ескерсек, тәулігіне 5 тоннаға дейінгі балықты қорек етеді. Соның салдарынан ресурстар азайып, паразитарлық аурулар белең алды.

Басқарма мамандары қауіптің бетін сейілту үшін құстар санын реттеуге мән бермек. Соның аясында биыл ары кетсе 680 дарасын ғана қалдыруды көздеп отыр. Бұл ретте жұмыртқаларды өңдеу ісі қолға алынбақ. Себебі бұған дейін қолданылған ұяларды босату әдісі айтарлықтай тиімді бола қойған жоқ. Мұндайда суқұзғындар орындарын өзгертіп, жаңа топтар құра бастайды. Ал жұмыртқаларды өңдеу кезінде оттегінің келуіне кедергі келтіретін құрам жағылады. Сол арқылы эмбриондардың дамуы тоқтайды.

— Ғылыми ұйымдар соңғы екі жыл дересінде популяцияны реттеуге қатысты ұсыныстар жасады. Былтыр ұялардағы жұмыртқаларды тесу арқылы жұмыстар жүргізілген еді. Бірақ ол тиімсіз болып шықты. Ол тек құстардың басқа жерге ауысуына әсер етеді. Керісінше, мұндай жаңа топтары пайда болады. Сондықтан биыл жұмыртқаларды арнайы затпен, көбінесе маймен өңдеу ойда бар. Жұмыртқаға оттегі бармаған соң эмбрион да дамымайды. Барлық шара ғылымға негізделіп бекітілген және қатаң түрде шектелген жоспар негізінде жүргізіледі. Бүгінде орынды түрде реттеу мен күшейтілген бақылау оңтайлы әдіс болып отыр, — деп түсіндірді басқарманың бөлім басшысы Жасұлан Жұмашев.

Торайғыров университетінің профессоры Зарина Серғазинованың айтуынша, үлкен суқұзғындардың көлемі қаз сияқты. Ал денесінің ұзындығы 90 сантиметрге, қанатының ұзындығы бір жарым метрге дейін жетеді. Ал салмағы 1,8-3 келіге дейін тартады. Жыртқыштар жеген балық 3-5 сағатта тек жартылай қорытылатын көрінеді, сондықтан олар «тойған» жерінде көп тоқтайды. Сол арқылы балапандарына қорек жинайды. Олардың асқазанында балықтар баяу қорытылатындықтан, қалғанын құсып тастайды. Сөйтіп, ұядағы кішкентай құстарға азық жеткізеді.

Биыл суқұзғындардың мамырдан қараша айына дейінгі санына бақылау жасалмақ. Оларды тек ғылыми мақсатта, яғни популяцияның жағдайын бағалау үшін атуға болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.