«Көшелер мен елді мекендерге адамдардың атын беруге мораторий жариялау керек». Бұл ұсынысты Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты. «Біреудің атымен қойылған көшеден гөрі, Өр көше, Ылди көше, Көлеңкелі көше, Шуақты көше, Шиелі көше, Аршалы көше деген ұлтымыздың берген атауы жақсы болар еді» деп толықтырды қоғам қайраткері өзінің пікірін. Әрине, қос қолдап құптап жатқандар да, бұлай болмайды деп қарсы шығып жатқандар да бар. Тақырыпты «Алаңның» талқылауына салған едік.
Батырбек ҚАЙЫР, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:
– Бұл — ономастика саласында бұрыннан бері ескеріліп келе жатқан мәселе. Мысалы, соңғы кезде көшелерге көбінде дәстүрлі атаулар қоюға мән берілуде. Яғни, терең мағына беретін қазақтың «Достық», «Бірлік», «Шаңырақ» деген секілді сөздері бар. Ал елді-мекендерге кісі есімі мүлдем берілмейді. Сонымен қатар, кейінгі уақытта мүлдем атауы жоқ не болмаса атауы екі немесе одан көп жерде қайталанатын көшелерді қайта атау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондықтан бұл мәселені Тілдер комитеті, оның ішінде ономастика комиссиясы ескермей жатыр деуге болмайды. Иә, кісі аттары да ара-кідік ұсынылып жатады. Бірақ, ол үшін ұсынылған тұлғаның есімі республикалық ономастикалық комиссияда арнайы тізімде болуы керек. Жалпы, ол жақта үш түрлі тізім бар. Оның бірі – тарихаи тұлғалар, екіншісі – жер-су атаулары, үшіншісі – дәстүрлі атаулар тізімі. Аталған тізім екі-үш жылда бір рет толықтырылады. Дәл қазіргі жағдайға келер болсақ, тарихи тұлғалар тізімінде 697 адамның есімі тұр. Оның ішінде 46 есім Павлодар облысынан енгізілген. Олардың қатарында хандар мен шешендер, батырлар мен билер, мемлекет қайраткерлері, әнші-күйшілер, ақын-жазушылар бар.
Қуат САПАРОВ, география ғылымдарының докторы, профессор:
– Бұл ұсынысқа түбегейлі қарсымын. Оған бірнеше себеп келтіре аламын. Менің ойымша, көшелерге елге танымал атақты тұлғалардың есімін беруден қорықпау керек. Тіпті, өңірлерге еңбегін сіңірген адамдарды да тыс қалдыруға болмайды. Бұл елге пайдалы еңбек еткен адамның есімін ұмытпау, ұлықтау, жас ұрпақтың санасына сіңіру болмақ.
Мысалы, әрбір өңірде бүкіл елге ортақ жаңалық ашқан ғалымдар бар, бүкіл халық оқитын кітап жазған ақын-жазушылар бар. Неге олардың есімін осылай ұлықтамасқа?! Ал, одан бөлек, қанша өнер және спорт қайраткерлері елімізді әлемге танытып, көк туымызды көтеріп жүр. Олар көшеге лайық емес дегенге кім келіседі?! Сосын, тағы бір мәселе бар. Ол – ұсынылатын тұлғалардың географиялық аумағы. Яғни, Павлодар облысы бойынша көшелерге көбінде Баянауыл ауданының тумалары ұсынылады да, басқа өңірде туған тарихи тұлғалар ескерілмей келе жатқан сияқты. Міне, облыстық ономастикалық комиссия осыны да ескерсе деймін.
Ербол ҚАЙЫРОВ, облыстық ономастикалық комиссия мүшесі:
– Менің бұл ұсынысқа қарсылығым жоқ, керісінше қолдаймын. Себебі, кейде аудандық немесе ауылдық жерлерге лайықты адамдар қалып қояды да, керісінше еңбегін ешкім білмейтін есімдер өтіп кетеді. Бұл – әділетсіздік. Сондықтан әр аудан және ауылдың орталық көшелеріне жергілікті жер-су және тарихи маңызы бар мекендердің атауын берген абзал. Егер олай жасамасақ, тарихи атаулар санадан кетеді, санадан өшсе, тарихтан да өшеді.
Адамның есімін көшеге беруді орынсыз санауымның бір себебі – осы. Дегенмен, Қазақ хандығы құрылған уақыттан кейінгі хандар мен батырлардың, одан кейін 1937 жылдардағы қызыл қырғынға
ұшыраған алашордалықтардың есімін беруге қарсы емеспін. Бұл кезеңдер қазақ халқының ұлт болып қалыптасуын құрайды. Яғни, еліміздің басынан өткен қилы заман мен қанды тарихты ұмытпау үшін керек. Ал одан кейін кеңес уақытында билікте болған адамдардың есімін алып шығып, жекелеп көшелерге беру құлдық сананың сарқыншағы деп бағалаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.
