Күні кеше ғана Кереку өңірінде қазақ поэзиясы көгінен күндей жарқырап өткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 130 жылдығы атап өтілді. 1 тамыз күні Сұлтанмахмұттың ауылдасы, құрдасы, досы, қазақтан шыққан тұңғыш аспаптанушы Қамар Қасымовтың датуғанына 130 жыл толды.
Ұлттық аспаптарымыздың жаңғыруына, үнінің оркестрге лайықтап жетілдірілуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойы елеусіз қалып барады. Аспаптанушы туған Павлодар облысында ғана бірді-екілі шара өтті. Бірақ Қамар Керекудің ғана перзенті емес, қазаққа ортақ, қазақ өнерінің өрлеуіне бар өмірін сарп еткен адам еді. Сұлтанмахмұттың елге белгілі «Қамар сұлу» дастаны бар. Ақын досының құрметіне осы дастанның бас кейіпкері Гүлайымның есімін өзгертіп, Қамар деп атады. Бұл тарихи дерек екеуінің достығын айғақтайды. Ал жасынан қолөнермен айналысқан Қамар Қасымовтың аспаптануға, ұлттық аспаптарды жасауға келуіне мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің тікелей ықпалы болды. Қазақ мәдениеті мен өнерінің, білім-ғылымының қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Темірбек Қараұлы 1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары болғаны белгілі. Биыл Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл толды. Міне, Темірбек Жүргенов қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрі болып саналатын осы өнер ұжымына музыкалық аспаптарды жасап, үнінің жетілдірілуіне Қамар Қасымовты тартты. Бұл істі ол абыроймен алып шықты. Бұл сөзімізге классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Құрманғазы және «Отырар сазы» көне аспаптар оркестрі мен кейінгі кезде құрылып жатқан көптеген ерекше үлгідегі ансамбльдердің өнерін әркез тамашалап көрген сайын олардың тасасында бір бейне ылғи да елестеп отырады. Ол – Қамар Қасымовтың бейнесі» деп жазғаны дәлел. Қамар Қасымов қылқобыз, домбыра, дауылпаз, шыңдауыл, сыбызғы, жалпы жиырмаға тарта ұлттық аспабымызды классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларды орындауға лайықтап жасады. Ол шапқан қобызды Құрманғазы оркестрiнің 1957 жылғы Қытай сапарында сол елдің басшысы Мао Цзе Дунге оркестр жетекшiсi, дирижер Шамғон Қажығалиев Қазақстан Үкiметi атынан сыйға тартты. Қамар Қасымов жасаған музыкалық аспаптар бүгінде еліміздің және Мәскеу, Санкт-Петербург мұражайларында сақтаулы. Шетелдіктер оның өнеріне бас иіп, «Қазақтың Страдивариі» деп атады. Бұрын Астананың іргесіндегі Осакаров кентінде домбыра жасайтын зауыт болған. Бұл өндіріс ошағының ашылып, калыптасуына Қамар Қасымов үлкен үлес қосты. Болашақта елімізде мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ұлттық аспаптарды жасайтын фабрика ашылатын болса, бұған Қамар Қасымовтың аты берілуі керек деп есептейміз. Жыл сайын Ұлттық домбыра күні концертпен еңбегі талдануы қажет. Елдің оның есімін, қазақтың өнеріне сіңірген еңбегін білгені жөн.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ.