Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы Талдықорған мен Алматы қалаларындағы гастрольдік сапарын сәтті аяқтады. Өнер ұжымы бірнеше күн бойы қос қала көрерменіне әртүрлі жанрдағы қойылымдарын ұсынып, театрсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Театр әртістері ұсынған қойылымдар әртүрлі жанрды қамтып, көрерменнің кең аудиториясына арналды. Гастрольдік бағдарлама балаларға арналған ертегілерден бастап драмалық әрі философиялық туындыларға дейінгі ауқымды тақырыптарды қамтып, әр жастағы көрерменнің талғамына лайықталды.
Қойылымдар Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы академиялық драма театрында және Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жоғары деңгейде өтті. Мәселен, 6 сәуір күні балалар мен ересектерге арналған «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуы сахналанып, адамгершілік пен таңдау мәселесін қозғаған мазмұнымен көрерменге ой салды. Сапардың екінші күнінде «Аладдин» ертегісі мен «Алғашқы махаббат» комедиясы ұсынылып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй мен жылы әсер сыйлады. Ал Алматы қаласындағы гастроль «Аладдин» ертегісімен басталып, көркемдік мазмұны терең «Ұждан» әфсанасымен жалғасын тапты. Келесі күні де кішкентай көрермендерге арналған ертегі қайта сахналанып, кешкі уақытта жуырда ғана премьерасы өткен «Балам, қашан келесің?» драмасы қойылып, отбасылық құндылықтар мен өмірлік мәселелерді қозғады.
Гастрольдік сапардың соңғы күні «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуымен қорытындыланып, өнер ұжымы көрерменнің зор қошеметі мен алғысына бөленді. Жалпы, бұл гастроль театрдың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтқан маңызды мәдени оқиға болды.
А.БОРАНБАЕВА.
Суреттерді Ж.Аймауытов атындағы
облыстық қазақ музыка-драма театры ұсынды.
