Балалар неге семіреді?

Сәу 16, 2026

Елімізде әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан. Артық салмағы барлардың дені – 6-9 жас аралығындағы жеткіншектер. Бұл статистика балалар арасындағы семіздік мәселесінің өршігенін көрсетеді. Әлемде де осы мәселе өзекті күйде тұр. Семіздік —
артық салмақ қана емес, ұлт болашағына төнген қауіп.

Ұсыныс енгізді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық ден-
саулық сақтау ұлттық орта-лығының басқарма төрағасы Эрик Байжүнісовтің
айтуынша, елдегі 6-9 жас аралығындағы балалар семіздікпен күресуде. Мамандар артық салмақтың себептерін халықаралық сарапшылармен бірге зерттеген. Жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 77,6 пайызы балалардағы артық салмақты қалыпты жағдай ретінде қабылдайтыны белгілі болған. Бұл жағдай алдын алу шараларының тиімділігін төмендетіп отыр. Осы ретте Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бірқатар ұсыныс әзірлеген.

– Балалар арасындағы семіздік мәселесімен күресу үшін  Үкіметке және Денсаулық сақтау министрлігіне нақты шараларды қолға алуды ұсындық. Бұл ретте қант қосылған сусындарға акциз енгізуді сұрадық. Бұл өнімдердің бағасына шамамен 100 теңге қосылады. Үш жыл ішінде осыдан шамамен 420 млрд теңге қаржы түсуі мүмкін. Жүргізілген талдау арқылы жарнаманың
22 пайызы қантты сусындарға, 17 пайызы фастфуд өнімдеріне тиесілі екенін көрсетті. Жиналған қаражатты семіздік және темекі шегу мәселесімен күресуге,  пайдалы өнім шығаратын өндірістерді қолдауға бағыттау  ұсынылады, —
дейді Э.Байжүнісов.

Атап өтерлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, 31 наурыздан бастап мектептерде тамақтану талаптары жаңартылып, тағам сапасына бақылау күшейтілді.

Бала дұрыс тамақтанбайды

Өткір мәселе бойынша Павлодар облыстық балалар ауруханасының эндокринолог дәрігері, облыс бойынша штаттан тыс балалар эндокринологы Ботагөз Сама-товамен тілдескен едік. Білікті маман балалар арасындағы семіздік – ағзада май тіндерінің шамадан тыс жиналып, зат алмасу үрдісінің бұзылуына әкелетіні айтады. Мұндай жағдайда баланың дене салмағы қалыпты көрсеткіштен 15 пайызға жоғары болады.

— Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде 2,6 миллиард адам артық салмақтан зардап шегеді. Жыл сайын семіздік салдарынан 2,8 миллион адам көз жұмады. Өкінішке қарай, осы көрсеткіштің басым бөлігі балаларға тиесілі. Беделді ғылыми басылым «The Lancet» журналында осы мәселе бойынша мақала жарияланды. Журналда соңғы он жылда 5-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ дерегі күрт артқан. Қазақстанда да жағдай алаңдатарлық. Балалар арасындағы семіздікке жүргізілген эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері елдегі көрсеткіштердің әлемдік орташа деңгейден де сәл жоғары екенін көрсетеді. Атап айтқанда, елімізде 6–9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмаққа ие, оның ішінде семіздік те бар. Бұл ретте ұлдардың 23,6 пайызы, қыздардың 17,6 пайызы семіздікпен күресуде.  Балалардың 1,1 пайызы аса ауыр жағдайдағы семіздікке шалдыққан, —
дейді дәрігер.

Шыны керек, қазір фастфуд пен газдалған сусынды тұтынбайтын бала жоқ. Дүкен сөрелеріндегі картоптан жасалған түрлі чипсы, тәттілер мен дайын тағамдар баланың күнделікті ас мәзіріне айналды. Ата-аналардың жұмысбастылығы да бұл жағдайға әсер етіп отыр. Өйткені үйде дайындалатын пайдалы әрі құнарлы ас орнына тез дайындалатын жартылай дайын өнімдерге құмармыз. Ал мұндай өнімдердің құрамындағы қант, тұз ағзаға қауіпті. Олар тек артық салмақ қосып қана қоймай, зат алмасу үрдісін бұзады.

Тәжірибелі эндокринолог та бұны растайды. Оның сөзінше, балалардың семіздікке шалдығуына тамақтану мәдениетінің дұрыс қалыптаспауы себеп. Көп жағдайда ата-аналар баланың күнделікті рационы қандай болу керектігін білмейді. Ас мәзіріне баса назар аудармайды. Басты мәселе – осы. Салдарынан бала құрамында қант мөлшері көп өнімдерді тұтынады.

— Қазір балалардың дені жоғары калориялы, майлы әрі тәтті тағамдарды жеуге құмар. Оның ішінде фастфуд, чипсы, кондитерлік өнімдерді сүйсініп тұтынады. Бұл жағдай артық салмақтың жиналуына әкеледі. Оған қоса тәтті газдалған сусындар, балмұздақ, кремді десерттер де  семіздікке
шалдығу жағдайын арттырады.

Семіздік баланың психологиялық жағдайына да кері әсерін тигізеді. Артық салмағы бар балалар өз-өзіне сенімсіз болып, өзгелерден өздерін төмен санайды. Бұл жағдай оқу үлгеріміне де әсер етеді. Қатарластары мазақтаса, күйзеліске түсіп, тұйықталуы мүмкін, — дейді Б.Саматова.

Жеміс пен көкөніс пайдалы

Эндокринолог Алматы қаласындағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы балалар арасындағы  семіздік мәселесі бойынша зерттеу жүргізгенін тілге тиек етті. Сараптама кезінде балалардың жартысынан көбі күн сайын таңғы ас ішпейтіні, балалардың тек үштен бір бөлігі күнделікті жеміс-жидек пен көкөніс тұтынатыны, құрамында қант мөлшері жоғары тағамдар мен сусындарды көп жеп-ішетіні, спорт немесе би үйірмелеріне қатысу белсенділігі төмен екені анықталған. Тіпті, балалардың 31,9 пайызының күнделікті физикалық белсенділігі ұсынылған деңгейден төмен. Балалардың басым бөлігі бос уақытын теледидар алдында немесе смартфон ұстап өткізетіні белгілі болған.

— Балалардағы семіздіктің алдын алу үшін ата-ана баланың тамақтану рационын әуелден қолға алуы тиіс.  Өмірінің алғашқы жылында балаға тәтті тағамдарды мүлде бермеуге кеңес беремін. Себебі ана сүтінің құрамында ағзаны қажетті мөлшердегі қантпен қамтамасыз ететін лактоза бар. Ал қосымша тағамдар енгізілген кезде және балаға жемістер беріле бастағанда, ол жемістерден фруктоза алады, ол да қанттың бір түрі болып саналады. Сондықтан бала ағзасында тәттінің мөлшері жеткілікті көлемде болады.

Бір жастан 3-4 жасқа дейінгі балаларға тәттілерді балмен алмастыруға болады. Бал кәмпиттерге қарағанда әлдеқайда пайдалы әрі баланың жүйке жүйесіне және жалпы ағзасына жағымды әсер етеді. Жемістер, көкөністер мен суды әрдайым көзге көрінетін жерде ұстаған абзал. Оларды тіскебасар ретінде таңдаған жөн, — дейді Ботагөз Саматқызы.

Үнемі қозғалыста болуы тиіс

Ботагөз Саматова ата-аналарға дәрігердің кеңесіне жүгінбей, өздігінен баласын диетаға отырғызуға болмайтынын айтады. Баланың дұрыс тамақтанғанын қаласаңыз, ата-ана да пайдалы ас мәзірін ұстанғаны жөн. Әрбір ас ішу кезінде отбасы болып дастархан басына жиналып, асықпай тамақтануды әдетке айналдыру керек. Егер балада артық салмақ болса, міндетті түрде эндокринолог немесе диетолог дәрігерге жүгіну қажет. Дәрігер баланың бойы мен салмағын тексеріп, кәсіби кеңес береді және қандай шаралар қабылдау керектігін түсіндіреді.

Семіздікті емдеудегі басты мақсат – тағам арқылы түсетін артық энергияны азайту. Бұл ретте ұстанатын  қарапайым тәсілдер бар. Мәселен, баланың компьютер мен теледидар алдында өткізетін уақытын күніне екі сағатпен шектеу, мектепке немесе қоғамдық орындарға жаяу немесе велосипедпен баруға дағдыландыру, баланы спорттық үйірмелерге немесе бассейнге жаздыру да пайдалы. Бастысы, баланың үнемі қозғалыста болуы маңызды. Егер бала жеткілікті деңгейде дене жаттығуларымен айналыспаса, ол тезірек салмақ қосады әрі біртіндеп енжарлыққа бейімделеді.

Шыны керек, қазір бұрынғыдай далада асыр салып ойнайтын бала да азайды. Оның орнына смартфон, планшет пен компьютерді қолдарынан тастамайды. Сағаттап экран алдында отыру физикалық белсенділікті төмендетеді. Ал қозғалыстың аздығы  семіздікке  әкеледі. Мектептегі дене шынықтыру сабақтарының өзі жеткіліксіз. Баланың күнделікті өмірінде тұрақты қозғалыс мәдениеті қалыптаспаған.

— Бала уақытының көп бөлігін теледидар алдында, компьютерде немесе бейнеойындармен өткізсе, мұндай өмір салты да семіздіктің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал таза ауадағы ойындар керісінше, баланың дене дамуын ғана емес, ойлау қабілетін де жетілдіріп, әлеуметтік дағдыларын нығайтады.

Балалардағы семіздіктің тағы себебі – генетикалық бейімділік. Егер отбасы мүшелерінің арасында артық салмақтан зардап шегетіндер болса, бұл балалар үшін қосымша қауіп факторы болып саналады. Әсіресе, үйде жоғары калориялы тағамдар үнемі қолжетімді болып, бала аз қимылдайтын болса, қауіп одан әрі күшейеді. Сонымен қатар, балалар семіздігінің қалыптасуында психологиялық факторлардың да рөлі зор. Отбасындағы келіспеушіліктер мен күйзелістер баланың эмоционалдық жағдайына әсер етіп, оның тамақтану әдеттеріне ықпал етеді. Ересектер сияқты, балалар да күйзеліс, жағымсыз эмоциялар немесе мазасыздықты «тамақпен басуға» бейім келеді. Кей жағдайларда ата-ана қамқорлығын сезінбеу де артық тамақтануға әкеледі, — дейді эндокринолог.

Коронавирустың да салдары бар

Ботагөз Саматқызы семіздікке тікелей әсер еткен тағы бір жағдайды жасырмады. Оның айтуынша, COVID-19 індеті де балалар арасындағы семіздіктің артуына әсер еткен. Бұл фактіні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да растап отыр. Қауіпті індет кезіндегі карантиндік шектеулер, мектептердің жаппай жабылуы және мектептегі дұрыс тамақтануға қолжетімділіктің төмендеуі бұл үрдісті күшейтті. Сонымен қатар, балалардың үйде ұзақ отыруына байланысты физикалық белсенділік те айтарлықтай азайды.

Мамандар ата-аналарға балалардағы семіздік ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Балалық шақта семіздікке шалдыққан балалардың ересек өмірде де артық салмақтан арылмау қаупі жоғары. Болашақта оларда қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты дерттер пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, семіздікке байланысты жұқпалы емес аурулардың даму қаупі артады. Әсіресе, сүйек және буын аурулары (остеоартрит), кейбір қатерлі ісік түрлері, бауыр мен өт қабы аурулары жиілейді.

Көп жағдайда ата-аналар ұл-қызының беті томпайып, аяқ-қолы тырсылдап тұратындай салмағы болғанын қалап, мұны дені сауға балап жатады. Сондықтан болар, баланы тамақтандыруға асығып, қосымша ретінде печенье, тәттілер, нан өнімдерін беруге дағдыланған. Дәрігерлер бұл мәселенің алдын алудың жолын ұсынады. Ол үшін тәтті және майлы, тұзды тағамдарды аз тұтыну, жеткілікті мөлшерде таза су ішу, кешкі асты ұйқыға жатқанға дейін 3 сағат бұрын жеу, фастфуд, газдалған сусын, чипстерден бас тарту керек.

Семіздікке душар болған балаға орташа қантсыз сүт өнімдері, пісірілген, қайнатылған немесе буға піскен майсыз ет, құс еті немесе балық қосылған тағамдар, жемістер мен көкөністер берілуі керек. Физикалық белсенділік артық салмақтан арылуды тездетіп қана қоймай, теріні қатайтады және бұлшық етті күшейтеді.

Тақырыпқа тұздық

Жақында әлеуметтік желіде қыз баланың анасы көпшіліктен көмек сұрады.

«Биыл қызым 11-сыныпты тәмам-дайды. Соңғы қоңырау кезінде онымен ешкім билемейтін болған. Бұл жағдайға баламның семіздігі себеп болып отыр. Салмағы 85 келі. Билеуге жұп таба алмай келген қызым түнімен жылады. Оған қосылып мен де жыладым. Анасы болғандықтан жүрегім ауырды. Бұл – нағыз буллинг…» деп жазған әйел.

Желі қолданушылары көпшіліктен қолдау сұраған анаға түрлі пікір қалдырған. Ал танымал журналист Руслан Өтепбай ағалық қамқорлық танытып, әлгі әйелдің қызымен вальс билеу үшін мектебіне арнайы баратынын жазған. Өмірде жағдайды түсініп, дәл осылай қамқорлық танытатындар аз. Дәл осы жағдайға тап болмас үшін бала денсаулығына мән беріңіз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.