Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы

Сәу 16, 2026

Май ауданында білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жемісін беруде. Атап айтқанда, соңғы уақытта білім сапасы көрсеткіштерінің артқаны байқалады. Мұндай нәтижеге оқу жетістіктерін тұрақты мониторингтеу және педагогтарға әдістемелік қолдау көрсетудің арқасында қол жетті, дейді мамандар.

  «Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде осы аудандағы білім беру мекемелерінің тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен бөліскенді жөн көрдік.

Қолайлы жағдай жасалуда

Қазіргі таңда Май ауданында 17 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 2 балабақша, 13 мектеп, 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ, аудан бойынша 1500 оқушы білім нәрімен сусындауда.

Бұл өңірде инклюзивті білім беру ісін дамытуға да назар аударылуда. Қазіргі уақытта ауданда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 132 бала, оның ішінде 41 мүгедектігі бар жеткіншек есепке алынған. Мектеп жасындағы ерекше балалардың 91,6 пайызы инклюзивті оқумен қамтылған.

Жалпы, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуда, дейді аудандық білім беру бөлімінің өкілдері. Осы мақсатта бірқатар игі істер қолға алынуда екен. Айталық, «Мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Соларға тоқтала кетер болсақ, Қаратерек мектебінің ғимараты толық жаңартылған. Яғни, білім ордасының шатыры мен едені ауыстырылып, іргетасын ылғалдан қорғау, ішкі әрлеу жұмыстары жасалған. Ал Майтүбек мектебінің де қасбеті, шатыры, едені, ішкі инженерлік желілері мен жылыту және желдету жүйелері жаңартылған. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында А.Иманов атындағы лицей мектебі де жаңғыртылды. Спорт және акт залдары жөнделіп, шатыры ауыстырылып, бейнебақылау және өрт дабылы жүйелері орнатылған. Осынау игі істер балалардың қауіпсіз әрі қолайлы білім алуына оң әсерін тигізетінін атап өткен жөн.

Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта «Ақбота» сәбилер бақшасының І корпусы мен Ақжар және Көктөбе мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу, заман талабына сай химия, биология, физика кабинеттерін сатып алу жоспарлануда.

Кадрлық әлеует артуда

Май ауданында барлығы 424 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында 303 ұстаз жалпы білім беру мектептерінде, ал 79 педагог балабақшаларда, 42 мұғалім қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейді.

Аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша өңірде 76 педагог-зерттеуші, 89 педагог-сарапшы, 113 педагог-модератор және магистр дәрежесін алған 19 мұғалім бар. Қуантарлығы, ауданда жас мамандар қатары артуда. Бүгінгі таңда осындай 59 жас педагог шәкірттерге білім беруде.

Аудан мұғалімдерінің жетістіктері де аз емес көрінеді. Айталық, өткен оқу жылында республикалық байқаулардан 6 мұғалім, облыстық деңгейдегі түрлі кәсіби конкурстардан 14 ұстаз жүлдегер атанған. Мәселен, «Жылдың үздік психологы–2025» байқауында 1 педагог, «Ұстаздан үйреніп, мамандыққа ұмтылдым» облыстық онлайн байқауында 2 мұға-
лім, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде
3 ұстаз жүлделі орынға ие болды. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көш-басшысы» бағдарламасын сәтті аяқтаған 2 педагог мектеп директоры лауазымына тағайындалған. Сондай-ақ, былтыр 152 педагог біліктілікті арттыру және қайта даярлық курстарынан, ал биыл 128 педагог аттестациядан өткен. Мұндай қолдаулар ұстаздардың кәсіби деңгейін жетілдіріп, заманауи білім беру әдістерін игеруге, жаңартылған оқу бағдарламаларын қолдануға және оқушылардың оқу жетістіктерін тиімді бағалауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Тағы бір айта кетерлігі, Май ауданындағы 323 педагог жасанды интеллектіні оқу үдерісінде пайдалану бойынша онлайн курсты аяқтады. Қазіргі таңда цифрлық ресурстар мен ЖИ құралдары сабақ әзірлеу, тапсырмаларды даралау және оқу нәтижелерін сараптауда белсенді қолданылуда.

Көрсеткіш көтерілуде

Соңғы уақытта аудан оқушыларының білім сапасы артқаны байқалады. Мысалы, осы оқу жылының І жартыжылдығында аудан бойынша білім сапасының көрсеткіші 58 пайыздан 69 пайызға дейін көтерілген. Мамандар мұндай нәтижеге оқу үлгерімі төмен шәкірттермен мақсатты жұмыс істеу және педагогтарға әдістемелік қолдау көрсетудің арқасында қол жеткенін айтады.

Атап өтерлігі, аудан шәкірттерінің білім деңгейі артумен қатар, түрлі сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында 272 оқушы түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, оның ішінде 97 оқушы облыстық және республикалық кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ, «Зерде» ғылыми-шығармашылық сайысынан 2 оқушы, робототехника байқауынан 7 бала, «Менің шағын Отаным» конкурсынан 1 оқушы республикалық кезеңде жүлделі орын иеленген. Бұдан бөлек, аудан оқушыларын қосымша білім берумен қамту ісі де оң шешімін тапқан. Қазіргі уақытта шәкірттердің 88 пайызы түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатысуда. Мұндай мүмкіндіктер балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға көмектесуде.

Құндылықтар қалыптасуда

Май ауданына қарасты білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» жобасы аясында тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға жол ашады, дейді мамандар.

Мектептерде патриоттық жобалар, тақырыптық сынып сағаттары, мемлекеттік мерекелер мен тарихи күндерге арналған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер, профилактикалық акциялар және заң талаптарын түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде екен. Сондай-ақ, аудан мектептері ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде.

– Осы бағытта білім беру мен тәрбиенің сапасына қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін үш жыл қатарынан аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Аталған шара барысында отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру, буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қозғалды. Ата-аналарды білім беру үдерісіне белсенді тарту, олардың пікірін ескеру және қоғамның қолдауын күшейту – басты мақсаттардың бірі, – делінген аудандық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратта.

Міне, Май ауданының білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бастысы, оқу сапасының көрсеткіші артып, оң нәтижелерге қол жеткізуде екен.

Аудан мұғалімдерінің еңбегі еш кетпей, шәкірттер жетістігі еселене берсін, дейміз.

Бетті әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.