«Ai-Sana» бағдарламасы аясында Торайғыров университетінде құрылған арнайы «AI-Laboratory» зертханасында жасанды интеллект бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда зертханада түрлі міндеттерді орындайтын 13 интеллектуалды жасанды интеллект агенттерін әзірлеу үстінде. Бұл агенттер білім беру, медицина, талдау және цифрлық сервистерді жетілдіруге бағытталған. «Ai-Sana» жобасы — жасанды интеллект технологияларын дамытуға, жастардың инновациялық әлеуетін арттыруға және заманауи цифрлық шешімдерді өмірге енгізуге арналған бастама. Жоба аясында студенттер мен зерттеушілер нақты кейстермен жұмыс істеп, болашаққа қажетті дағдыларды меңгереді.
«AI-Laboratory» зертханасында студенттер жасанды интеллект саласында ойға алған жоспарлары мен жобаларын ұсына алады. Сондай-ақ, арнайы жабдықтамалардың арқасында қазірдің өзінде университет жұмыстарына жеңілдік туғызған бірнеше сайттар іске қосылған. Атап айтқанда, түлектерге арналған «Ai-reception» арқылы оқуға қабылдау жұмыстары анағұрлым жеңілдетілді. Бұдан бөлек жасанды интеллект агенттері де құрастырылуда. Мұндай жобалардың бірін жүйелеген — «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 2-курс магис-транты Азизбек Тәтенов.
– Medora — бұл жасанды интеллектке негізделген медициналық платформа, ол пайдаланушылардың денсаулық жағдайын алдын ала бағалауға көмектеседі. Жүйе тері ауруларының суреттерін талдап, енгізілген белгілерге сүйене отырып, ықтимал диагноздар мен ұсыныстар жасады. Жоба аясында 10 мыңнан астам дерек негізінде оқытылған модель түрлі дерматологиялық жағдайларды анықтап, қауіп деңгейін бағалай алады. Платформа нәтижесінде пайдаланушыға құрылымдалған медициналық есеп беріліп, әрі қарай қандай әрекет жасау керектігі көрсетіледі. Сонымен қатар жоба веб-қосымша ретінде жүзеге асырылып, қолданушылар өз денсаулық тарихын бақылап отыра алады, — деді ол.
Бұдан өзге университет қабырғасындағы студенттердің құқықтық мемлекет тақырыбына бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Оған дәлел — «Сандық қаржы» білім беру бағдарламасының құрастырушысы 1-курс студенті Нұржан Садықтың жұмысы.
— Zan-AI — бұл Қазақстандағы әлеуметтік осал топтарға құқықтық қолдау көрсетуге арналған интеллектуалды заңгерлік ассистент. Жоба «Қымбат құқықтық көмек» мәселесін шешіп, әлеуметтік жеңілдіктер, еңбек даулары және отбасы құқығы бойынша жедел әрі тегін кеңес береді. Жүйе күрделі заңнаманы қарапайым азаматқа түсінікті ету үшін көпір қызметін атқарады: ол пайдаланушының сұрағын (қазақ немесе орыс тілінде) талдап, Қазақстан Республикасының өзекті заң нормаларын табады және мемлекеттік органдарға тапсыруға дайын құжаттар пакетін (өтініштер, талап-арыздар) қалыптастырады, — дейді ол.
Сонымен қатар, университет оқытушылары мен студенттері роботтандыру саласын дамыту мақсатында да тұрақты жұмыстар атқаруда.
Сара ӘБДОЛ.
