Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталған аза-маттардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәрісхана» әлеуметтік-құқықтық акциясы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілерге құқықтық көмек көрсету, олардың заң алдындағы құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік бейімделуіне қолдау жасау болып табылады.
— Акция барысында сотталған азаматтарға қылмыстық, қылмыстық-атқару, азаматтық және еңбек заңнамалары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар тарапынан жеке қабылдаулар мен топтық кездесулер өткізіліп, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарға толыққанды жауап алды. Сонымен қатар, босатылуға дайындық, тұрақты жұмысқа орналасу, жеке бас құжаттарын қалпына келтіру және әлеуметтік ортаға бейімделу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушыларға құқықтық ақпарат берілген буклеттер таратылып, қажетті түсіндірмелер жасалды. мұндай шараның өткізілуі сотталғандардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың қайта әлеуметтенуіне және заңға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді, — деді Павлодар облысы прокуратурасының аға көмекшісі Азамат Мұхтарұлы.
Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары және депутаттар қатысып, азаматтардың өтініштерін қабылдады және тиісті кеңестер берді. Жалпы, бұл акцияға 795 сотталған азамат қатысты.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
