Спортшыларға жағдай жасалған

Сәу 30, 2026

Осыдан үш ай бұрын Шарбақты аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокс секциясы ашылған болатын. Бүгінде мұндағы жас спортшылар аз уақыттың ішінде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде.

Шарбақты ауданы әкімінің қолдауымен өткен жылдың аяғында ашылған бокс секциясында 36 бала жаттығуда. Аталған спорт түріне ер балалармен қатар, қыздар да қызығушылық танытып, белсенді қатысуда. Жас спортшылармен тәжірибелі жаттықтырушы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері Ержан Ішімов жұмыс істеп, бокстың қыр-сырын үйретуде. Ол бұған дейін де көптеген жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарғанын атап өткен жөн. Осы жолы жаңа секцияға келген жас спортшылар да бірқатар додаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуде екен. Мәселен, таяуда ғана Тереңкөлде өткен ауданаралық ашық турнирде шарбақтылық боксшылар қатарынан І, ІІ және ІІІ орындар иеленіп, олжалы оралған.

Балалардың осынау жетістігіне ата-аналар дән риза. Бастысы, жаттығу залында жасөспірімдер үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл дайындықты сапалы өткізуге мүмкіндік береді, дейді жаттықтырушы.

Н.ШОДЫР.

ШАРБАҚТЫ АУДАНЫ