Ағаш көшеттері отырғызылды

Сәу 30, 2026

Май ауданына қарасты Саты ауылында табиғатты қорғауға бағытталған игі іс жүзеге асты. Ауыл тұрғындары мен жергілікті әкімдік бірлесе отырып, «Ақ бұлақ» маңын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұлақтың айналасы ретке келтіріліп, жасыл желекті көбейту мақсатында ағаш көшеттері отырғызылды.

Саты ауылдық округінің әкімі Жұлдыз Гросстың айтуынша, «Ақ бұлақ» – ауыл өмірінде ерекше орын алатын көне су көзі. Ертеректе ата-бабаларымыз бұл бұлақтың суын тұрмыста кеңінен пайдаланған: қыстың қақаған аязында мұз ойып, мал суарып, ауызсу ретінде тұтынған. 2008 жылы бұлақ алғаш рет абаттандырылып, айналасына қоршау қойылып, демалуға арналған орындар жасақталған. Сол жылы ауыл тұрғындары бас қосып, «Ақ бұлақтың» жаңарған келбетін атап өткен.

Бүгінде бұл игі іс жалғасын тауып отыр. «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстағы «ҚазСуШар» филиалы да үлес қосып, алма, шетен және өзге де ағаш түрлерінен көшеттер отырғызды.

А.БОРАНБАЕВА.

МАЙ АУДАНЫ