Алимент үшін есеп беру керек пе?

Мам 7, 2026

Алдағы уақытта жұбайынан ажырасып, бала-шағасы үшін алимент алатын ата-аналар қаржыны қайда жаратып жүргені туралы есеп беруі мүмкін. Әділет министрлігі осындай ұсыныс жасап отыр. Мұндай бастама қоғамда бірден үлкен резонанс тудырды. Оны отбасының жеке шекарасына өту деп біліп, сөгіп жатқандар көп. Енді бірі осындай заңның қабылдануы алиментті балаларының игілігіне емес, жеке басының қамына пайдаланып жүрген кей жандарды тезге салуы мүмкін екен деген ойын білдіруде. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Алимент алып жүрген ата-ана есеп беруге міндеттелуі керек пе? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

Гүлнәр НҰРЖАНОВА, «Отбасын қолдау орталығы» директоры:

— Қазіргі қолданыстағы заңнамада алимент алушының сол қаражатты жұмсауы туралы есеп беру міндеті көзделмеген. Бірақ балаларына тиісті төлем жасайтын кей адамдар бұрынғы жұбайлары қаражатты қалай жұмсайтынын көрсетпейтінін айтып, жиі шағымданады. Яғни, алимент төлеушілер тарапынан қаражаттың ашықтығына қатысты алаңдаушылық білдіретін өтініштер бар. Осыны ескере отырып, «Отбасын қолдау орталығы» есеп беру тетігін енгізуді қолдайды. Алайда оны баланың және алимент алушы мен төлеушінің жеке бас құпиясын сақтай отырып, салмақты әрі нысаналы түрде қолдану қажет деп санайды.

Осыған байланысты келесі мәселелерді ұсынар едім. Алдымен, алименттердің дұрыс жолда пайдаланылуына қатысты қандай да бір күмән болса, алименттік төлем көлемі көп болған жағдайда, отбасының шығындары шамадан тыс артып, қаржы бей-берекет жұмсалған жағдайда тексеру жүргізуге болады. Яғни, осы секілді нақты негіздер болуы тиіс. Дегенмен, алимент алушыларға шамадан тыс әкімшілік жүктеме түсіруге жол бермеу керек. Өйткені бұл баланың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, есеп берудің жеңілдетілген нысанын айқындау қажет.

 

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

— Ерлі-зайыптылардың жарасым таппауы, соның салдарынан екі жаққа кету мәселесі бұрыннан бар. Бірақ бұрын келін күйеуден кеткенімен әулеттен алыстамайтын. Ата-енесін бұрынғыдай сыйлап, құрметтей беретін. Ортадағы баланы бірге жеткізу, бірге өсіру жағын ойластыратын. Ал қазір екі адам ажырасқаннан кейін небір ұрыс-керіс, жанжал басталады. Алименттің соңына түсу де соның салдарынан туындаған мәселе деп ойлаймын. Әйелдердің барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын. Алайда, ажырасқан күннің ертеңінде-ақ бұғаудан босатылдым деп бала-шағаға қарамай, қыдырып кететіндер аз емес. Алған алиментіне есеп беруі керек деген ұсыныс осындай «келіндерге» қатысты айтылған болса керек. Егер отбасында отырса, бала-шағасына жақсы қараса, мұндай мәселе болмайды. Әрине, бұл тек әйел адамдарға қатысты емес, алимент алатын ер азаматтар да бар. Соларды да бақылауға алу керек. Сондықтан, есебін берген дұрыс-ақ. Бірақ ол есепті бұрынғы күйеуі немесе әйеліне емес, жалғызбасты адамдарды қолдау орталықтары секілді арнайы мекемеге есеп беруі керек. Сонда отбасындағы баланың киімі жыртылып, қарны ашпайды. Ең дұрысы – шаңырақты шайқалтпай, ортадағы баланы екі адам бірге жеткізсе деймін.

 

 Рая ХАЛИ, блогер:

— Алимент бойынша есеп беруге қатысты ұсыныс асығыс айтылған деп санаймын. Алимент мәселесі көбінде ажырасқан отбасыларға қатысты, соның ішінде әкелер қауымына көп міндеттеліп жатады. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек: әкенің алименті дегеніміз — бұрынғы жұбайының жағдайын жасау үшін емес, баласының әркімге жаутаңдамай еркін өмір сүруі үшін төлейтін азын-аулақ көмегі. Тіпті, одан асқан күннің өзінде өзінің жеке басына жұмсауға толық құқығы бар. Ал оның соңына түсіп, есеп сұрауы көңілге қонымсыз. Онсыз да екіге кетіп, психологиялық зардап шеккен, жүрегі жараланған нәзік жандылар қауымына «енді маған алимент үшін есеп бер» деп талап қоюы одан да үлкен соққы деп санаймын. Өздеріңіз білесіздер, қазір бәрі қымбат. Бала тәрбиесі, оның күнделікті керек-жарағын қамтамасыз ету жалғыз анаға оңай емес. Бала-шағаның шығыны сол алименттен де көп болып жатады. Екіншіден, бұл жеке бастың шекарасына өту болып саналады. Әйелден алимент үшін есеп сұрау жазалаудың бір түрі сияқты көрінеді. Бұл ұсыныс жүзеге асса, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас тіпті бітпес ерегес, таусылмас дауға ұласатын сыңайлы. Бұдан бірінші кезекте балалар зардап шегеді. Ал бауыр еті баласының қамын ойлаған аналар олардың несібесін оңды-солды шашпасы анық. Мұндайға барып жатқан жандарды ғана жауапты органдар бақылағаны дұрыс.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.