Цифрландыру қарқынды дамыған сайын хакерлер шабуылы да күрделене түсуде. Бұл тақырып тек виртуалды емес, дәстүрлі қауіпсіздікті қадағалауды қажет ететін өзекті мәселеге айналды. Осы тұрғыда «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру мақсатында Жастар бастамаларын дамыту орталығында конференция өткізілді.
Конференция барысында өнді-рістік және ұйымдық киберқауіп-сіздік бағытында DPL жүйелер (Data Loss Prevention), антивирустық бағдарламалар, Red Team, Blue Team тәжірибелері туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Спикерлер қатарында экономикалық тергеу департаментінің, киберқылымысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері және компаниялардың IT мамандары болды.
— Бұл конференция жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, алаяқтық пен қаржылық шығындар қаупін азайту мақсатында ұйымдастырылуда. Себебі, қазір жастар арасында киберқылмыстың құрбанына айналғандар саны артуда. Бұған дейін интернет алаяқтықтың қулығына жасы үлкен адамдар ілінетін. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен цифрлық сала сарапшыларының арасындағы өзара байланыстың көрінісі болмақ, — деді Цифрлық технологиялар басқармасының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Андрей Троян.
Соңғы бір жыл ішінде, әсіресе өндірістік басқару жүйелерінде жаңа әлсіз тұстардың саны айтарлықтай артты дейді Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының қызметкері Дүйсен Алдияр.
— Нақты айтқанда, өткен жылы өнеркәсіптік жүйелерде шамамен 2500-ге жуық жаңа техникалық олқылық тіркелді. Бұл киберқауіп деңгейінің жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі хакерлік шабуылдар өте қауіпті. Олар өндірістегі маңызды құрылғылардың жұмысын тоқтатуға дейін апарып, турбинаның істен шығуына, конвейердің тоқтауына және стратегиялық нысандарда ақаулардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар тек қаржылық шығын емес, қоғамдық қауіпсіздік пен инфрақұрылым тұрақтылығына да қауіп төндіреді. Осы бағытта Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы маңызды жұмыс атқарып келеді. Орталық жүйелердегі әлсіз тұстарды анықтап, зерттеп, ықтимал шабуылдардың алдын алу үшін тұрақты жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар киберинциденттерге жедел әрекет ететін мамандарды даярлау да — негізгі міндеттердің бірі, — дейді ол.
Сара ӘБДОЛ.
