Железин ауданының «Алтын ұя» отбасын қолдау орталығы Веселая роща ауылдық округінің мобильдік тобымен бірлесіп, елді мекенде үй-үйді аралап, қолдауға мұқтаж жандарды анықтады.
Аудандық «отбасын қолдау орталығының» мәліметінше, бірлескен жұмыстың басты мақсаты —
ведомствоаралық өзара іс-қимылды барынша арттыру. Сонымен қатар, өмірдің қиын жағдайындағы отбасыларды ертерек анықтау, жәрдемдесу көзделген. Үй-үйді аралау барысында «D» және «E» санатындағы отбасылар қамтылған. Әлеуметтік көмек алу, еңбекпен қамту және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жолдары туралы ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тұрақты табысы жоқ, өзге де әлеуметтік тәуекелдері бар, несиелік берешектерді төлеу мерзімі кешіктірілген отбасыларға айрықша көңіл бөлінген. Аталған жұмыстар нәтижесінде ведомствоаралық әрекетті талап ететін мәселелер айқындалып, отбасыларға тиісті кеңес берілген. Ал жекелеген жағдайлар ары қарай қолдау мақсатында бақылауға алынған.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ
