Көпшілік әскерді тек саптық жүріс пен қару-жарақ қолдануға үйрену деп елестетеді. Бірақ сарбаздың бір күні — бұл ұйқыдан ерте тұру ғана емес, шыдам, тәртіп, достық және ел алдындағы жауапкершілік. Біз бір күн бойы әскери бөлімнің тыныс-тіршілігін бақылап көрдік. Таңғы саптан кешкі тексеріске дейінгі уақыт нақты жоспарға сәйкес өтеді: дене дайындығы, оқу-жаттығу, қызметтік міндеттер мен тынығу кезеңдері жүйелі түрде кезектеседі. Бұл тәртіп сарбаздардың уақытты тиімді пайдалануына және қойылған талаптарды дәл орындауына бағытталған.
Әскери өмірдің басым бөлігі әскери бұйрықты орындаумен өтеді. Мұндағы қатаң тәртіп пен командирлердің қолдауының арқасында жаңадан келген жас сарбаз қызметке анағұрлым тез сіңісіп кетеді. Оның бір дәлелі —
Астана қаласынан келіп, отан алдындағы борышын өтеп жүрген ефрейтор Азамат Бейсенбай.
— Алғашқы аптада қобалжу болды. Қанша дегенмен басқа орта, басқа қала. Алайда жанымда бірге келген қарулас достарыммен бірге, командирлердің қолдауы бұл жердегі өмірге үйренісуге мүмкіндік жасады. Қазір көп жастар әскерден келуге онша құлық танытпайды. Бірақ нағыз достарды өз басым осы жерде кездестірдім. №5512 әскери бөлімінде қызметімді жалғастырып жатқаныма қуанамын. Әрине қызмет болған соң, әртүрлі жағдаймен бетпе-бет келуге тура келеді. Менің есімде қалған ерекше жағдай алғашқы кезекшілігімде болды. Бастапқыда жаңадан келген біздерге тәжірибелі сарбаздармен бірге қызметке шығарады. Қалаға шыққанымызға 5 минут болмай жатып заң бұзушыларды байқадық. Бір-бірін қуалап, кетіп бара жатқан екі ер адамның бірінің қолында пышақ, екіншісінде белгісіз зат болды. Бірден қажетті шараларды қолданып, оларды ұстадық. Жақын маңда тәртіп сақшылары болғандықтан, оларды құрықтау қиындық туғызбады. Кейін анық-талған дерек бойынша қашып бара жатқан адамның қолында есірткі болған. Ал екінші тәртіп бұзушы іздеуде жүрген, сотталған азамат болып шықты, — дейді ол.
Сонымен қатар, әскери өмір ұжымдық бірлік пен өзара қолдауға негізделеді. Қатардағы сарбаздар бір-біріне тірек болып, кез келген жағдайда бірге әрекет етуге дағдыланады. Бұл тек әскери міндеттерді орындау үшін ғана емес, болашақта қоғамда өз орнын табуға да әсер етеді. Сондықтан әскердегі бір күн сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның әр сәті маңызды тәжірибе мен өмірлік сабаққа толы.
«Рота! Ұйқыдан тұр!». Бұл ротадағы сарбаздар үшін жаңа күн мен жаңа тапсырмалардың күтіп тұрғанын аңғартады. Олардың әрбір минуттары есептеулі. Таңғы жаттығу сарбаздардың ұйқысын ашады. Ендігі міндет — жуынып, жатқан орындарын ретке келтіру. Бұл да тікелей командирдің тексеруімен жүзеге асатындықтан, сарбаз өз-өзін ретке келтіруде мүлт кетпеу лазым. Себебі, таңғы қаралымда әр борышын өтеуші жеке қаралып, аппақ жағасынан бастап, жылтырап тазартылған аяқ киіміне дейін тексеріледі.
Осыдан соң рота таңғы асын ішуге барады. Мұның өзі ерекше форматта көрініс берді. Арнайы дауылпаз асынған сарбаз ротаны асханаға дейін бастап барды. Бұл құдды бір сарбаздардың ішкі қуанышын білдіріп тұрғандай. Таңғы астан соң ақпараттық сағат басталады. Яғни, міндетін өтеушілерге жаңалықтар қарауға, ел тынысын бақылауға да уақыт беріледі. Жаңа сабақты бастамас бұрын қажетті құрал-жабдықтарын дайындап, таңғы таралымға шығады. Төрт сағат бойы әскери салаға байланысты білімдерін жетілдіреді. Мұнан соң сарбаздар түскі асқа жіберіледі. Олардың еншілерінде 1 сағат уақыт бар. Ас ішіп, ауқат-танған соң олардың қызметке дайындығы тексеріледі. Сондықтан оларға қызметтік киімдерінің тазалығы мен бір қыртыстың болмауы маңызды. Тазалықтан соң назар тәртіпке көшеді. Себебі, әрбір қызмет кезекті сипатта емес, өзгеше болып табылады.
Қызметтік таралым сағат 16.00-де басталып, 19.00-де сарбаздар қаладағы тәртіпті қада-ғалауға шығады. Мұнда жас сарбаздар өздеріне берілген аумақ бойынша қала ішіндегі тәртіп пен тыныштықты қадағалайды. Сағат түнгі 23.00-ге дейін қызметте болған әскерилер кешкі астарын ішіп, ұйқыға жатқызылады. Бұл олардың бір ғана күні. Алайда, қаншама оқиғалар мен сынақтар, жаңа тапсырмалар оларды әр күн сайын жетілдіреді.
Сарбаздардың туған күндерін қалай атап өтетіні жайлы рота командирі Қайсар Жақсылық айтып берді.
— Әскер қатарына қабылданған сарбаздар тактикалық, қызметтік және жауынгерлік сабақтарға қатысады. Арнайы тактикалық дайындықтар 1-3-апта аралығында әскери бөлімде, 4-аптада қала сыртындағы арнайы атыс алаңында өтеді. Рота үй-жайында туған күні болатын сарбазды командирлер таңғы таралым кезінде құттықтай бастайды. Туған күні болған сарбазға сәл еркіндік беріледі. Ұялы телефон беріліп, жақындарымен хабарласуына мүмкіндік жасалады. Кейде қарулас достарымен асханада кішігірім атап өтулер де болып тұрады. Мұндағы міндетін өтеушілерге сәлем-сауқат жәшігі де жұмыс істейді. Бұл да сарбаздардың отбасымен байланыс орнатуына көмегін тигізеді, деді ол.
Әскери қызмет — тек тәртіп пен қатаң режим ғана емес, сонымен қатар тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін маңызды өмір мектебі. Әскердегі әрбір күн сарбаздың жауапкершілігін арттырып, төзімділік пен шыдамдылық қасиеттерін дамытады. Мұнда уақыттың әр минуты есептеулі, әр тапсырма нақты талапқа сай орындалуы тиіс. Осындай ортада жас буын отансүйгіштік рухты бойына сіңіріп, ел алдындағы борыштың мәнін терең түсінеді.
№5512 әскери бөлімінде әр өңірден келген талантты сарбаздар қызмет етуде. Олардың ішінде ақпараттық технологиялар маманынан бастап акробатка дейін бар. Солардың бірі — қатардағы жауынгер Арыстан Оралбаев.
— Әскери қызметке дейін де спортқа жақын болдым. 5 жастан бастап спорттық акробатикамен айналыса бастадым. Қазір Екібастұз қаласы бойынша Спорт шеберіне үміткер, Азия чемпионы және Павлодар облысы бойынша еркін күрес жүлдегері болып табыламын, — дейді ол.
Сондай-ақ, өткен жылғы міндетін өтеушілер арасында қызметтік өмірді жалғастырып осы әскери бөлімде әлі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан сарбаздар бар. Олар жастарды әскери өмірге барынша жақын болуға, мұндағы тәртіптен қорықпауға кеңес береді.
— Жастарды отан алдындағы борышын өтеуде жасқанбауға шақырамын. Себебі, патриоттық тәрбиеден бөлек әскердегі сарбаз тәртіпке, тазалыққа және өз жеке басын алып жүруге үйренеді. Отан алдындағы борышын өтеу —
әр азаматтың парызы, — дейді ефрейтор Абылайхан Дәненбай.
Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық тәулік бойы ел шебін күзетіп, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Сондықтан да әскери қызметтің мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіру, сарбаз еңбегін бағалау және Отан қорғаушыларға құрмет көрсе-
ту – әрбір азаматтың парызы.
Сара ӘБДОЛ.
