Облыс әкімі Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы жүргізіліп жатқан тас жолдардың жөндеу жұмысымен, өндірістік нысан құрылысымен және көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы жол жөндеу жұмыстарына мемлекеттен 3,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде Панфилов-Бестөбе, Сілеті-Қызылағаш бағытындағы жолдар мен Луговой, Ұзынсу ауылдарына кіреберіс жолдары толық жаңғыртудан өтпек. Аталған жұмыстар маусым айының соңына дейін аяқталмақ.
Тас жол тартылмаған жолдардың ішінде 14 ауылішілік көше бар. Олардың 8-іне жөндеу жобалары дайындалған. Қазірде соның 3-еуіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал Ертіс пен Сілеті ауылдарының ішкі көшелерін жөндеуге 232,7 млн теңге жұмсау көзделген. Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов инфрақұрылым бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Келесі 2027 жылға арналған жоспарға сәйкес, Майқоңыр-Бескепе жолын жөндеу жұмыстары талқылаудан өтуде. Сондай-ақ, осы жылы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Голубовка-Қызылқақ жолының жұмысын толығымен аяқтау көзделуде, — дейді ол.
Сонымен қатар сапар барысында Асайын Байханов көктемгі дала жұмыстарының дайындығын тексеріп, ондағы шаруалардың жағдайын біліп қайтты. Ағымдағы жылы Ертіс ауданы бойынша 328,3 мың гектар алқапқа егін егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемінің 5,2 гектарға ұлғайғанын көрсетеді. Мұндағы егіннің басым бөлігін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (207,9 мың гектар), майлы дақылдар (90 мың гектар), мал азығы дақылдары (28,9 мың гектар) құрайды. Қазірде егістікте көктемгі жер жырту жұмыстары тәмамдалып, дән себуге дейінгі өңдеу жұмыстары жалғасуда. Минералдық тыңайтқыштар 14,9 мың гектарға салынды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Жанар-жағармай материалдарына қажеттілік 5719 мың тоннаны құрайды. Қазірде 239 трактор, 76 егін егетін техника жұмыс істеуде. Биыл қосымша 12 ірі техника бірлігі сатып алынды.
— Еліміз бойынша қарақұмықпен қамтамасыз ету бағытында өңіріміз елеулі орын алады. Сондықтан жыл сайынғы егіс көлемін қадағалап, оны дамытуымыз керек, — деді облыс басшысы Асайын Байханов.
Сапар барысында облыс әкімі цифрлық технологиялар мен «no-till» жүйесі енгізіліп жатқан «Замандас» шаруа қожалығына барды. Тәжірибелік алқаптарда күнбағыс егіліп, бұршақ тұқымдас дақылдарға арналған жер дайын-
дау жұмыстары жүргізілуде. Асайын Байханов мұндай шаруашылықтар агроөндірістің жаңа стандартын қалыптастырып, өңірдегі өзге ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
Мұндағы шаруалардың айтуы бойынша, Павлодар өңіріндегі ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысында бірқатар маңызды мәселелер пайда болуда. Олардың айтуынша, шаруашылықтар өз тұқымын пайдалану арқылы егін шаруашылығын дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Дегенмен, қаржыландыруға қолжетімділік соңғы уақытта қиындаған, жаңа несиелер алу процесі біршама күрделеніп отыр. Сонымен қатар, бұрын алынған инвестициялық қаражаттың бір бөлігі кей шаруаларда мақсатсыз пайдаланылған. Бұл өз кезегінде несиелердің қайтарылмауына әкеліп, жалпы қаржы айналымына кері әсерін тигізген. Шаруалар мұндай жағдайлар жаңа жобаларды қаржыландыруға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының жүзеге асуына да әсер етіп отырғанын атап өтті.
Бұған қоса, облыс әкімі «Западный» ШҚ салып жатқан ет өңдеу кешенінің құрылыс барысымен танысты. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 1500 тоннаға дейін өнім өндіреді.
Мұнда шұжық, консервілер және жартылай фабрикаттар өндіретін болады. Ішкі және жақын шетелдік экспорт жасау мақсатында салынып жатқан құрылыс нысанында қазір 12 жұмысшы бар. Жұмыстар қазан және қараша айларында аяқталмақ.
— Қаңтар айында Қытай еліне барған сапарымда ет өңдеу кешендерінің жұмысымен, жабдықтарымен таныстым. Қазігі таңда арнайы техникаларға тапсырыс берілді, — деді қожалық басшысы Әділ Усин.
Сапар соңында облыс әкімі егіс науқанын сапалы әрі белгіленген мерзімде өткізуді, жол инфрақұрылымы жобаларын уақытылы аяқтауды және барлық жұмыстарға қатаң бақылау орнатуды тапсырды. Асайын Байханов Ертіс ауданының әлеуеті жоғары екенін де ерекше атап өтіп, ең бастысы әрбір бастамада сапаға басымдық беріп, жоспарланған жұмыстарды тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.
Сара ӘБДОЛ
Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.
