Батырлар ерлігі – ұрпақ жадында

Мам 14, 2026

7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 34 жыл толуына орай Павлодар қаласында бірқатар патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламалар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел тарихын насихаттау және әскери қызметтің маңызын түсіндіру мақсатында өтті.

Осыған орай Павлодар қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шара барысында сахнада жастармен жұмыс бөлімшесінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Ертіс інжу-маржандары» үлгілі би ансамблі, «Бәйтерек» вокалдық студиясы және «Домовята» театр шеберханасы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар концертке Павлодар мен Қазақстан эстрадасының өнерпаздары да қатысып, патриоттық әндер орындады. Солардың бірі – әнші Гүлнар Жапарова. Оның Отан тақырыбындағы әндерін көрермен жылы қабылдап, қолдау білдірді.

— Бүгінгі мерекенің мәні терең. Жастар ер азаматтардың ел қорғайтын азамат екенін сезінуі керек. Қазіргі таңда Отан қорғаушылар қатарында ерлермен бірге әйелдер де бар. Бұл – ел қорғаны болу бәріне ортақ міндет екенін көрсетеді, — деді Павлодар қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Естай атындағы мәдениет үйі» жастармен жұмыс бөлімшесінің көркемдік жетекшісі Жанна Баженова.

Сондай-ақ мерекеге орай Әскери Даңқ музейінде «Қарулы күштер – Тәуелсіздік қалқаны» атты іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды патриоттық рухта тәр-биелеу, олардың туған тарихына, ел тағдырына деген қызығушылығын арттыру және әскери қызметтің маңызын түсіндіру.

Кеш барысында оқушыларға Қазақстан Қарулы күштерінің құрылу тарихы, еліміздегі әскери бөлімдер мен құрылымдардың қызметі, олардың ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөлі туралы айтылды. Сонымен қатар, әр кезеңде ел қорғаған батырлардың ерлігі дәріптеліп, олардың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде таныстырылды.

— Бүгінгі кештің мақсаты — Отан, Туған жер, Қорғаушы ұғымдарының мәніне тоқталып, жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндіру. Шара аясында оқушылар Қазақстан армиясының қалыптасуы туралы бейнеролик көріп, әр дәуірдегі жауынгерлер туралы деректермен танысты, — деді Әскери Даңқ музейінің басшысы Ерлан Марзатаев.

Шара соңында қонақтар үшін музей ішінде арнайы экскурсия өткізіліп, Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған көрмелер таныстырылды. Музей ауласындағы жауынгер ескерткішінің жанында майданға аттанған 26 жас жауынгердің тарихы баяндалып, олардың ерлігіне тағзым жасалды.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.