Жаңа режимнің пайдасы қандай?

Мам 14, 2026

Жыл басында елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жаңартылған ережелер қолданысқа енгізілді. Бүл арнаулы салық режимінің басты артықшылығы – жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің және салық декларацияларын тапсырудың қажеті жоқ.

Бүгінде кей адамдар қызмет көрсетіп, түрлі шағын өнімді дайындау арқылы өзі үшін жұмыс істеп, табыс тауып келеді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, біздің өңірде 13,5 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим негізінде ісін дөңгелетіп отыр. Осы жүйе бойынша еңбек ететін жандарға сол кірісті заңдастыру барынша жеңілдетілді.

— Өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесінде заңды түрде жұмыс істеу үшін азаматтың табысы айына 300 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 1,3 млн теңгеден, ал жылына 3600 АЕК-тен аспауы тиіс. Шекті мөлшерден асқан жағдайда мәртебе автоматты түрде жеке кәсіпкер болып өзгереді. Бұл ретте қызметкерлерді жалдауға да тыйым салынады. Себебі режим тек жеке еңбекке арналған, — деп хабарлайды түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасы.

Атап өтерлігі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай мөлшерлеме – нақты табыстың 4 пайызы белгіленген. Бұл ретте жеке табыс салығы төленбейді. Ал 4 пайыздық мөлшерлеме толығымен әлеуметтік кепілдіктерге жұмсалады. Яғни, бір пайызы міндетті зейнетақы жарналары, бір пайызы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, тағы бір пайызы әлеуметтік аударымдар, қалған бір пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ретінде есепке алынады. Ескерер маңызды жайт, егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат бір айда ешқандай табыс таппаса, сәйкесінше салықты да төлемейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жаңа салық режиміне көшу үшін екінші деңгейлі банкке өтініш беріп, кәсіпкердің жеке ағымдағы шотын ашуы қажет. Бұл жеке қаражат пен кәсіби табысты бөлек есепке алу үшін керек. Кейін «e-Salyq Business» қосымшасын немесе банктік қосымшалардағы арнайы сервистерді пайдалануға болады (мысалы, Kaspi.kz – «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған аударымдар мен жарналар» немесе Halyk Bank – «Өзін-өзі жұмыспен қамтығанның шоты»). Төлем алған кезде қосымшада электрондық чек шығару керек. Бұл ретте бақылау-кассалық машинасы керек емес. Егер интернет-платформалар арқылы жұмыс істесеңіз, чектер мен салықтарды платформа операторы қалыптастырып, ұстап қалуы мүмкін. Айдың соңында жүйе барлық берілген чектерді автоматты түрде қосып, 4 пайыздық салықты есептейді. Бұл соманы есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін төлеу қажет. Осылайша, қызмет көрсету арқылы табыс тауып жүрген азаматтар жаңа режим арқылы жұмысын жеңілдете алады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.