Ақсу өңірінде қансорғыш жәндіктерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандар маса мазаны алмас үшін су айдындарын, аумақты әуеден өңдеуге де мән беруде.
Соңғы күндері Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтардың кей тұрғындары өңірде масаның күрт қаптағанын жазып, әлеуметтік желілер арқылы дабыл қаққан еді. Бірақ ғылыми топ тұрғындар маса деп қабылдайтын жәндіктердің барлығы бірдей қауіпті емес екенін алға тартады. Олардың көбі ызылдауық масалар көрінеді. Олар адамды шақпайды әрі ауру таратпайды.
Ызылдауық масалардың ерекшелігі –
«жұптасу биі» деп аталатын құбылыс. Көбею кезеңінде олар тығыз, ызыңдап жиналып, ағаштар, бұталар, жарық бағандары мен басқа да биік нысандардың үстінде өзіндік «құйындар» түзеді.
Ал нағыз қансорғыш жәндіктер әзірше қанат жая қойған жоқ. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жайылма аумақтардан шығатын қансорғыштар енді ғана қалыптасып жатыр. Сондықтан жаппай ұшып шығу әлі болған жоқ.
Жалпы, Ақсу өңірінде жәндіктер санын азайту жұмыстары жалғасуда.
6 сәуірден бастап уақытша су айдындарына алғашқы жергілікті өңдеулер жүргізілді. Ал 30 сәуірде әуеден өңдеулер басталды. Осы уақытқа дейін шағын авиация шамамен 100 рет жоғарыға көтеріліп, «Бактицид» биологиялық препаратымен аумақты өңдеді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
АҚСУ ҚАЛАСЫ
