Адамзат тарихындағы техногендік апаттардың ең ірісі — Чернобыль апатының орын алғанына биыл 40 жыл толды. Қаншама уақыт өтсе де, оның салдары толық жойылмаған. Біз осы бір қасіретті оқиғаны еске ала отырып, апат салдарымен күрескендердің бірі Емберген Қалыммен сұхбаттасып көрдік.
— Емберген Қалымұлы, сіз осынау қасірет ошағы болған Чернобыль мекеніне қалай тап болдыңыз?
— Мен 1965 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданына қарасты Ертіс ауылында дүниеге келгенмін. Сол жерде 1982 жылы сол ауылдағы қазақ мектебін тәмамдап, педагогикалық институттың физика факультетіне оқуға түстім. Сол кездегі заң бойынша университет қабырғасында оқып жүріп, екінші курсымда әскер қатарына шақыртылдым. 1984 жылы Беларусия жеріндегі Бобруйск қаласындағы бронетанк әскері қатарында борышымызды өтедік. Әскери борышымызды өтеу барысында бізге бұйрық берілді. 1986 жылы мамыр айында Киев қаласында болдық.
— Чернобыльдегі алғашқы күніңіз есіңізде ме?
— Көктемнің жаймашуақ күні. Украина табиғаты ерекше әсем болды. Бұл — апат аймағынан алыс орналасқан аймақтағы ахуал. Ал біз Чернобыль апаты орын алған жерден 30 км зонадағы тұрғын үйлердегі адамдарды эвакуацияладық. Негізгі жарылыс болған орталыққа арнайы «Химвойска» әскерлері жұмылдырылды. Бала-шаға, мал-мүлік, құжаттарын алып, оларды қауіпсіз аймаққа көшірдік. Тұрғын үйлердегі ер адамдар бізге көмектесті. Ал кішкентай балаларды аты-жөнін жазып, Кеңес Одағындағы лагерьлерге жібердік.
— Чернобыльдегі бір күніңіз жайлы айтсаңыз…
— Біздің сол кездегі жұмысымыз бір сарында жүрді. Күнде дамыл таппай, таңның атысымен адамдарды құтқаруға кірісеміз. Бастысы, берілген бұйрықты орындау. Екі ауысыммен қызмет еттік. Кешке қызмет аяқталғанда радиациядан сақтану лагерімізге арнайы трубиналар арқылы тазалап өткізеді.
— Бұл трагедия сіздің денсаулығыңызға қандай өзгерістер алып келді?
— Басында ешқандай өзгерістер байқалмады. Қызметтен келгеннен кейін де арнайы медициналық тексерістерден өткізді. Барлығы жақсы болды. Бәлкім жас болғандықтан ешнәрсе сезілмеген болу керек. Кейін ақырындап ауру белгілері пайда болды. Әсер ету уақыты ағза жағдайына байланысты әртүрлі байқалады. Нақты бір ауру емес, әртүрлі сипатқа ие. Бастапқыда қанда, кейін сүйекке таралатын бұл ауру ауа райы жағдайына байланысты құбылып отырады. Жайсыз ауа райы бізге оңай әсер етпейді. Сондықтан радиацияға шалдыққан адамдардың көбі жүйке ауруларына кез болады. Мұнда есте сақтау қабілетінің төмендеуі, мазасыздық, ұйқының бұзылуы, бас ауруы сынды белгілер жатады.
— Мемлекет тарапынан қандай жәрдем бар?
— Чернобыльдық ликвидаторларға Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тең дәрежеде көмек көрсетіледі. Мүгедектігі бар жандарға арнайы жәрдемақы төленеді. Шипажайлар мен басқа да медициналық қолдаулардан бөлек бір тоқсанда бір рет коммуналдық төлемдерге әлеуметтік қордан төлемақылар, жылына бір рет минималды жалақы беріледі. Бұдан өзге жылына бір рет «Скат» әуе компаниясының қызметін тегін қолдана аламыз.
— Чернобыль апатының салдарын жоюға қатыс-қаныңызға қаншалықты өкінесіз?
— Біз әскер қатарында жүрген сарбаздар едік. Басты мақсат — қандай бұйрық келеді соны орындау. Қандай апат болсын, жарылыс болсын, сарбаз Отан үшін жанын қиюға ант берген соң жалтаруға болмайды. Азаматтық борыш деген — осы. Қазір салдарынан денсаулығымыз әлсіресе де, Отан алдындағы борышым өтелді. Мен соған ризамын. Қазір балаларыма да азаматтық міндеттің маңызын барынша айтып отырамын. Біз үш жыл әскер қатарында болдық. Темірдей тәртіп пен төзімді азамат болып шықтық. Ал қазір өзі бір жыл берілетін әскерге жастардың барғысы жоқ. Әскердің арқасында бірнеше ұлттың адамдарымен, дәстүрімен таныстым. Сондай мүмкіндік сыйлаған қызметтік жылдарымды қайта таңдауға дайынмын.
— Қазіргі жастардың әскери борышынан жалтаруына не себеп деп ойлайсыз?
— Әскери қызметте нәзік тақырыптардың пайда болуы балалардың еркелігінен деп ойлаймын. Себебі, бүгінде баласына қатты сөйлеген мұғалімді жазғыратын ата-аналар жиілеген. Сондай ата ананың баласы міндетті түрде әскерге барғанда ондағы темірдей тәртіпке шыдай алмайды. Бұған қоса, әскердегі баладан хат алу заман ағымына сай жеңіл. Көрші ауылда жүргендей сәт сайын хабар алмасуға болды. Бұған қоса, әскери қызметтің ішкі тәртібі мен жұмыс үдерісіне қатысты ақпарат жария болып кетті. Бұл да өз кезегінде қоғамдағы әскери қызметтің беделіне әсер етеді деп ойлаймын.
— Жақсы, сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Сара ӘБДОЛ.
