Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың іске асу барысымен танысты. Сапар аясында ол бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс және өндіріс барысын көзбен көрді. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасына баға беріп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Майлы дақылдар өңделеді
Алдымен аймақ басшысы Кемеңгер ауылында салтанатты түрде іске қосылған жаңа май зауытының ашылуына қатысты. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Павлодар қаласының маңында майлы дақылдарды өңдеу кластерін қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Мемлекеттік органдар инвесторларға инженерлік және көлік инфрақұрылымымен, сондай-ақ қажетті энергетикалық қуаттармен қамтамасыз ету арқылы жан-жақты қолдау көрсетуде. Жалпы, нысанның құрылысына инвесторлар 700 миллион теңге қаржы салған.
«Kemenger may» ЖШС-нің құрылтайшысы Тарбиз Фараджевтің айтуынша, кәсіпорын құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Ауа райы жағдайы белгілі бір қиындықтар туғызғанымен, құрылыс жұмыстары белгіленген уақытта толық аяқталған.
– Бұл кәсіпорын облыс үшін тиімді жоба болады деп сенеміз. Өйткені, өңірде мұндай ірі өндіріс орындары аз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Біз суық сығымдау әдісімен тазартылмаған май өндіреміз және өнім сапасына ерекше мән береміз. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін майлы дақыл тұқымын өңдеп, 25 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, кейін Қытай мен Өзбекстанға экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз, – дейді Т.Фараджев.
Ал Асайын Қуандықұлы мұндай өндіріс орындарының ашылуы өңірдің өз өнімдерімен қамтамасыз етілуін арттырып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге жол ашатынын атап өтті. Ол қайта өңдеу саласының қарқынды дамуы мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.
– Біз – күнбағыс пен басқа да майлы дақылдарды өсіру бойынша еліміздегі жетекші облыстардың біріміз. Биыл аймақта шамамен 500 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі, ал күтілетін өнім көлемі 600–700 мың тоннаны құрайды. Осы уақытқа дейін өңірде 50 мың тоннадан астам шикізатты өңдей алатын ірі май зауыттары болған жоқ. Қолданыстағы цехтар-
дың қуаты шамамен 5 мың тоннаны ғана құрайды. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін осындай жобаларды Қалқаман кенті мен Шарбақты ауданында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қуаттылығы жылына 1 миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы бір ірі жоба картопты терең өңдеуге байланысты. Осы мақсатта мен Қытайға барып, 800 мың тонна картоп сақтай алатын және тәулігіне 300 тоннаға дейін мұздатылған фри өнімін өндіретін ірі холдингтің жұмысымен таныстым. Павлодар облысында жылына 200 мың тоннаға дейін картоп өңдейтін өндіріс жобасы қарастырылуда, — деді А.Байханов.
Қазіргі уақытта кәсіпорында техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жабдықтарды толық ретке келтіру үшін 10–15 күн қажет, себебі әрбір пресс пен өндірістік желі жеке баптауды талап етеді. Бастапқы кезеңде зауытта 25-ке дейін жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта өндіріс көлемі артқан сайын қызметкерлер саны да арта түспек.
Инвестиция көлемі артуда
Аталмыш нысаннан соң аймақ басшысы ауданның көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімі Дидар Ибраевтың сөзінше, бүгінде аталмыш өңірдің егіс алқабы 69,7 мың гектарды құрайды. Оның 40 мың гектардан астамы күнбағысқа бөлінген, 10,5 мың гектары мал азығы дақылдарына, ал 9,9 мың гектары көкөніс пен картопқа тиесілі.
– Биыл 1135 модификациялық трактор, 581 агрегат пен егіс кешені және 1 миллиард теңгеге 21 техника мен жабдық сатып алынды. Одан бөлек, минералды тыңайтқыштарды 14 588 тоннаға арттыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жанар-жағармай бойынша 2182 тонна бөлініп, оның 1617-сі сатып алынды. Ал несиелеу бойынша 2,9 миллиард теңге несие берілді. Суармалы жер бойынша осы жылы 1,3 мың гектар жерді қолданысқа енгізуді көздейміз, – деді аудан әкімі.
Мәселен, 2014 жылы Рождест-венка ауылдық округінде құрылған «Ткачук» шаруа қожалығы өз қызметін қазақтың ақбас сиыр тұқымын өсіруден бастаған. Қазіргі таңда аналық мал саны 200 басқа жеткен. Қазірде шаруашылық мал өсірумен қатар егін шаруашылығымен де айналысады. Мұнда күнбағыс, бидай және арпа сияқты дәнді дақылдар егіледі. Егістік жерлерді қалпына келтіру үшін пар жүйесі қолданылады.
– Қазір біз 15 мың тоннаға арналған астық қоймасын салып жатырмыз. Оның құны 600 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, мал сою цехын да қолға алдық. Бұл жобаға тағы 30 миллион теңге жұмсалуда. Оған қоса, мемле-кеттік қолдаудың арқасында ауыр техниканың 90 пайызға жуығын жаңарттық. Облыстағы жалғыз «Avatar» егіс кешені де бізге тиесілі, – дейді «Ткачук» шаруа қожалығының басшысы Виктор Ткачук.
Павлодар ауданында агро-өнеркәсіп саласын да дамыту серпін алған. Мысалы өңірдегі ірі жобалардың бірі – «Andas Agro» егіншілік пен мал шаруашылығы бағыттарын қатар алып келеді. Бүгінде шаруашылықтың жер көлемі 7 мың гектардан асады.
– Құны 7 миллиард теңге болатын тауарлы сүт фермасының құрылысы шамамен 50 пайыз аяқталды. Бүгінде фермада 650-ге жуық сауылатын сиыр бар. Бір сиырдан тәулігіне орта есеппен 32 литр сүт сауылады. Шаруашылықта Германиядан келген сүт шаруашылығы мамандары жұмыс істейді. Оған қоса, 50 миллион теңгеге мал сою цехының да құрылысы жоспарланып отыр, – дейді шаруашылықтың құрылтай-шысы Зейнолла Сәлменбаев.
Жалпы, Павлодар ауданында осы жылы 42,8 миллиард теңгеге инвестиция тартып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Оның қатарында «Jielong Holdings» ЖШС-нің жылына
120 мың тонна күнбағыс тұқымын өңдеу қуаттылығы бар май экстракциялау зауытының құрылысы және жылына 40 мың тонна қуаттылығы бар құрама жем зауытының құрылысы бар.
Туризмге — тың серпіліс
Одан кейін облыс әкімі аудан аумағында орналасқан Черноярка демалыс аймағының тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жылдың дерегіне сәйкес, демалыс аймағына 325 миллион теңге көлемінде инвестиция салынған. Нәтижесінде үлкен және кіші екі бассейн, 15 күрке мен 50 шезлонг сатып алынды. Сондай-ақ, дема-лушыларға арналған футбол, волейбол, баскетбол, теннис сынды спорт пен балалар алаңы пайда болды. 45 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Компания құрылтайшысы Болат Смағұловтың айтуынша, биыл инвестициялық бағдарлама аясында 500 миллион теңге бөлінбек. Қаражат демалыс аймағын дамытуға бағытталып, нөмірлік қорды кеңейту және жаңғырту, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс инфрақұрылымын қалыптастыру, спорттық және ойын-сауық аймақтарын дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру мен жайлылық деңгейін көтеру, сондай-ақ түрлі іс-шаралар, фестивальдер мен корпоративтік кештерді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмсалады. Бұдан бөлек, «Золотая нива» балалар лагерінің бас ғимаратын қайта жаңғыртуға 300 миллион теңге қарастырылған.
– Жобаның басты мақсаты – болашақта ірі туристік ұйым қалыптастырып, туристер ағынын 100 мың адамға дейін жеткізу. Сондықтан алдағы жылдары инвесторлар тағы 500 миллион теңге салуды жоспарлап отыр. Даму жоспарына аумақты кеңейту және жаңғырту, жыл бойғы демалыс инфрақұрылымын құру, спорттық және ойын-сауық аймақтарын дамыту, сервисті жақсарту және жайлылық деңгейін арттыру кіреді. Мәселен, көлеңкелі күркелер, жазғы кинотеатр, спорт алаң-дары, 200 орындық мейрамхана, SPA-аймақ, ескі үйлердің орнына заманауи барнхаус үлгісіндегі үй, мұз айдыны, гастрономиялық бақ және қысқы жаңа жылдық резиденция бой көтереді, – дейді Б.Смағұлов.
Демалыс аймағының даму жоспарымен танысқан Асайын Қуандықұлы жобаның өңір туризмін дамытуға серпін беретінін атап өтіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Павлодар ауданы.
