Пәтері көптер салықты көбірек төлеуі тиіс пе?

Мам 21, 2026

Бүгінде көпшілік жағдайы келсе, жылжымайтын мүлік алуға ұмтылатыны рас. Бірі инвестиция ретінде көреді, бірі балаларының болашағы үшін осындай қадам жасайды. Кейбір қалталылар ақшасы артылса, кезекті тұрғын үй сатып алуға тырысады. Осы орайда, Қазақстанда азаматтардың екінші және одан кейінгі пәтерлеріне жоғары салық салу ұсынылуда. Нақтысы, екінші және үшінші, одан көп пәтерін рәсімдеу кезінде салықтың еселенген тарифін қолдану қажет деген пікір білдіруде. Яғни, баспанаға қажеттілік ретінде емес, инвестициялық актив түрінде қарау белең алғаны айтылып жатыр. Сондықтан, ұсыныс иесі ондай жылжымайтын мүлікті коммерциялық нысан ретінде бағалап, салығын да соған сай белгілеу қажет деп отыр. «Артық» баспанасына салықты артығымен төлету қаншалықты қисынды? Мұндай өзгеріс тұрғын үй нарығына қалай әсер етуі ықтимал? Пәтер иелері салықтың салмағын баспанасын жалдайтын тұрғындарға артып тастамай ма? Осы және өзге сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрмекпіз.

Жұмагелді АКИЖАЕВ, ҚР Салық қызметінің үздігі, салық саласының ардагері:

– Жалпы, бір азаматтың бірнеше пәтерінің болуы — байлықтың болмаса да, бардың белгісі. Сондықтан онымен бөліскен дұрыс деп есептеймін. Бірақ, салық дегенде көпшілік үрке қарайды. Салық салуда асығыстық жасауға болмайды. Бұл ұсынысты терең зерделеу қажет. Нақты критерийлері, параметрлері бекітілуі тиіс. Әйтпесе, жаппай бірнеше пәтері барлардың бәріне салықты арттыру қателік болуы мүмкін. Себебі, бір азамат бір пәтерінде өзі тұрса, екіншісін алып, ұлына немесе өзге туысына берген болар. Демек, әрбір жағдайды жеке қарап, талдап барып, салық салынуы керек. Әлемдік тәжірибе деп барлығын енгізе беру де жарамайды. Біздің елге мұндай өзгеріс енгізетін кез келді ме, соны салмақтап алу қажет деп санаймын. Әрине, бір басында 10, тіпті 40 пәтері бар тұрғындар кездеседі. Бұл жерде, нақты, коммерциялық мақсатта алынғанын аңғару қиын емес. Ал бірлі-екілі пәтері бар азаматтар соншалықты табыс көріп жатыр дей алмаймын. Кейбірі, бәлкім, ипотекаға алып, жалға беріп қоюы мүмкін. Мұндайда қазіргі таңда заң бар. Ол азаматтар табыс көзі ретінде заңдастырып, табыс салығын төлеп тұруы тиіс. Осыны құзырлы орган қадағалап, реттеуге болады деп есептеймін.

 

Нұр-Сәуле БАЙБОЛАТОВА, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

– Негізінен, коммерциялық мақсатта алынған пәтерлерге салықты арттыруға болады. Осы ретте, екінші пәтеріне сәл жоғары болса, келесілеріне одан да көбірек болатындай етіп жүйені құру керек. Сонда әділ болады деп санаймын. Ол рас, қажеттілік мақсатында емес, инвестиция ретінде баспана алатындар бар. Олар, сәйкесінше, мемлекетке салықты артығырақ төлеуі тиіс деген пікірдемін.

Ал енді мұндай қадам тұрғын үй нарығына өзгеріс әкелетініне күмәнмен қараймын. Жағдайы бар әрі коммерциялық мақсат көздегендер баспананы бұрынғыша ала берейді. Таяқтың екі ұшы бар сияқты, бұл ұсыныс жүзеге асса, қарапайым халыққа тиетін де салқыны бар. Себебі, пәтер жалдап тұратын адамдар қиналып қалады. Жалға берушілер жалдық құнын қымбаттатып жібереді. Баспаналы бола алмай жүрген қаншама адам тапқан табысын жалданбалы пәтеріне беріп қана өмір сүруге мәжбүр болады. Өз баспанасына қаржы жинаудан қағылады. Сондықтан салдарын жақсылап салмақтап алу керек.

 

Айжан НӘБИ,  Павлодар қаласының тұрғыны:

– Елімізде қалалық мекендерде жас отбасылардың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Яғни, үйленген соң бірден баспаналы болатындар тым аз. Жас мамандардың жалақысы да аса жоғары болмайтыны белгілі. Сондықтан жас отбасылар табыстарының тең жартысын пәтер жалдауға жұмсайды. Өз баспанасын алуға аздап бөлек жинауға шамасы келетіндер де көп емес. Бәрінің бірдей ата-анасының қолдау көрсетуге жағдайы келе бермейді. Яғни, өздері барынша үнемдеп, бес-он теңгесін жинап, жылдар бойы біреудің пәтерін жалдауға мәжбүр.

Ал егер сол пәтер иелеріне салық көбейтілсе, соңында осындай отбасылар жапа шегеді деп ойлаймын. Өйткені, елде қандай да бір тауар, қызмет түрі немесе жанар-жағармай қымбаттаса, доллар бағамы өссе, пәтер иелері де жалдық құнды көтеруге бейім тұрады. Бірнеше пәтері бар азаматтарға салықты жоғарылатса, олар қарап қалмайды. Бірден пәтердің жалдық бағасын өсіреді. Мемлекет салған салмақты қарапайым халыққа, айлығы шайлығына жетпей жүргендерге ысыра салады. Сондықтан, осыны да ойлау керек. Бәлкім, керісінше, жалға беру нарығын реттеуді қолға алу керек шығар. Жалдық құнды шаршы метріне қарай бекітіп тастаса да артық болмас. Әйтеуір, тетік қарастырылса жөн деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.