Павлодар облысында шомылу маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осыған байланысты өңірлік төтенше жағдайлар қызметі арнайы оқу-жаттығу өткізіп, құтқарушылардың дайындығын пысықтады. Жаттығу барысында шартты түрде суға батқан адамды іздеу және құтқару жұмыстары көрсетілді.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямовтың айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 95 құтқарушы бар. Оның 45-і – арнайы сүңгуірлік даярлықтан өткен мамандар.
– Бүгін жеке құрамның дайындығын тексердік. Оқужаттығу барысында құтқарушылар арнайы сценарий бойынша суға батқан адамды іздеп, құтқару жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жағажай аумақтары тексеріліп, тазаланады. Өйткені, су түбінде шыны, тас секілді қауіпті заттар кездесуі мүмкін. Адамдар жарақат алмауы үшін осындай жұмыстар жүргізіледі, –
деді Тілекжан Галямов.
Оның сөзінше, тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін арнайы акт толтырылады. Кейін суға түсу аумағына шектеуші бульдар орнатылып, олардың арғы жағына өтуге тыйым салынады. Егер тұрғындар белгіленген аумақтан асып кетсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ демалыс күндері тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырылады. Оған полиция мен білім беру саласының мамандары қатысады. Қараусыз жүрген кәмелетке толмаған балалар анықталса, олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылады.
Былтыр өңірге жаңа техника алынған. Атап айтқанда, құны шамамен 50 миллион теңгені құрайтын аэроқайық құтқарушылардың жұмысына берілген. Қозғалтқыш көлемі 3,8 литр болатын техника су бетімен ғана емес, мұз және қамыстың үстімен де қозғала алады.
Ал құтқарушылардың күнделікті жұмысы оңай емес. Операциялық-құтқару жаса-ғының бас құтқарушысы Максим Стец Ертістегі іздестіру жұмыстарының аса қауіпті екенін айтты.
– Ертісте көріну деңгейі өте төмен. Көп жағдайда су астында мүлде ештеңе көрінбейді, жұмысты сипап сезу арқылы атқарамыз. Ағыс өте қатты. Сүңгуір маман су түбіне жатып, шартты белгілер арқылы жылжып іздеу жүргізеді, –
деді ол.
Құтқарушының айтуынша, су астындағы басты қауіп – браконьерлік ау, қармақ, ағаш қалдықтары мен су түбіндегі түрлі бөгеттер. Сүңгуір соларға шырмалып қалуы мүмкін. Бүгінде іздеу жұмыстарына эхолоттар, дрондар мен заманауи сүңгуір жабдықтары пайдаланылып жүр. Әсіресе дрондар адамдарды анықтауда және су айдындарын бақылауда үлкен көмек көрсетеді.Айта кетейік, бір маманның жабдығының салмағы — орта есеппен 16 келі, оған шамамен 45 келі қосымша жүк тағылады.
Өткен жылы облыс бойынша 14 адам суға батқан. Оның екеуі – кәмелетке толмағандар. Барлығы 9 адам құтқарылған. Жақында ғана Ертіс өзенін жүзіп өтпек болған азаматты құтқарушылар дер кезінде байқап, жағаға шығарып үлгерген. Кейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мамандар тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады. Ертістегі қатты ағыс пен терең аймақтар адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Шомылу маусымын маусым айында ашу жоспарланғанымен, нақты күні әзірге белгісіз. Мамандардың айтуынша, алдымен су сапасы санитарлық қызмет тарапынан тексеріледі.
– Біз өз тарапымыздан барлық дайындық жұмыстарын аяқтаймыз. Одан кейін сани-тарлық-эпидемиологиялық қызмет су сынамаларын зертханаға жібереді. Барлық тексеру жұмыстары толық аяқталған соң ғана шомылу маусымының ресми ашылуы жарияланады, – деді Тілекжан Галямов.
Нұрайым Қалыбек.
