Екібастұз қаласында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа баулу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық, жақын арада көпқабатты үйлердің аулаларында 20 жаңа футбол алаңы салынып, ескілері жаңғыртылмақ.
Бүгінде шаһардағы аулаларды абаттандыру ісіне баса мән беріліп келеді. Бұған дейін олардың дені жарықтандырылып, есік алдындағы жолдар асфальтталып, ойын алаңдары орнатылған болатын. Ендігі ретте жазда балалар асыр салып доп тебуі үшін футбол алаңдары салынуда. Таяуда қала әкімі Аян Бейсекин бірнеше ауладағы жұмыс барысын бақылап қайтты.
— Биыл облыс басшылығының қолдауымен жаңа футбол алаңдарын орнатуды және ескі футбол алаңдарын жаңғыртуды жүргізіп жатырмыз. Жаздық жоспар — 20 алаң. Жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Тамыз айына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды көздеп отырмыз, —
деді шаһар басшысы.
Бұл ретте қала әкімі мердігер ұйымға жұмыстарды уақытылы жүргізуді және сапаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар, Екібастұзда қала көшелерінің жолдары жөнделуде. Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл 600 мың шаршы метрге жуық аумаққа жаңа асфальт төсеу көзделіп отыр. Бұл – 18 көше. Бүгінде 8 көшедегі жұмыстар толығымен аяқталып, тағы 5 көшеде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жолдарды жаңартуды маусым-шілде айларында аяқтау жоспарланып отыр.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ
