Толық циклға көшеді
Бұл туралы «Вектор Павлодар» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Балтабаев мәлімдеді. Айтуынша, зауытта бүгінде айына 25 мың, ал жылына 300 мың дана автомобиль дискісі өндіріледі. Оның 80 пайызы Ресейге экспортталады. Қалған 20 пайызы елімізде автомобиль зауыты мен диллерлік фирмалар арқылы ішкі нарықта сатылады.
– 2017 жылы Қазақстанда теңдесі жоқ зауытымыз ашыларда бірде-бір кәсіби маман болмады. Бәрін көрші мемлекетте оқыттық. Қазір мамандар қатары артты. Өніміміз сырланбай жөнелтіледі. Алдағы жылы өндірістің толық циклына көшіп, дискілерді сырлауды қолға алмақпыз. Қажетті жабдықтар жеткізілді, – дейді Қ.Балтабаев.
Айта кетерлігі, бүгінде мұнда өндірілетін өнім толығымен Ресейге жіберіліп, сонда сырланып, 20 пайызы елімізге кері қайтарылады. Келесі жылы осы 20 пайызын кәсіпорын өзінде сырлап, тұтынушыларға жөнелтпек. Қазақстан нарығынан көлігіне павлодарлық дискілерді сатып алғысы келетін азаматтар «Вектор» брендімен каспи қосымшасынан іздеуіне де болады.
Зауытта 105 адам қызмет етеді. Дискілердің 200-ден астам түрі өндіріледі. Әртүрлі көліктерге жарайды. Диаметрі 14-тен 20 дюймге дейін жетеді. Алуан түрлі дизайнмен шығрылады. Жаңа үлгілерін дизайнерлер жасағаннан кейін сыналады, зертханада зерделеніп, арнайы сертификат беріледі. Содан кейін ғана өндіруге жол ашық. Өнімге қажетті шикізатты өңіріміздегі Қазақстан электролиз зауытынан алады. 2017 жылдан бері бұл кәсіпорын Қазақстан экономикасына 8 млрд теңге инвестиция құйған.
Қалдықсыз кәсіпорын
Ал «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «ҚазЦеносферес» ЖШС ел экономикасымен қатар экологиясына елеулі үлес қосып отыр. Олай дейтініміз, мұнда жылу орталықтарынан шыққан күл, яғни, техногендік қалдық кәдеге жаратылады.
– Жылу-электр орталықтарында көмір жаққаннан қалған күлдің жеңіл фазасын өңдеп, құнды материалға айналдырамыз. Яғни, көмірден шыққан күлді жылу станциялары ылғалды етіп арнайы резервуарларда жинайды. Мұнда күлдің ауыр бөлігі түбіне тұнады. Ал жеңіл фазасы бетіне қалқып шығады. Сол жеңіл түрінен өнім жасаймыз. Технологиялық циклға келсек, күлді алдымен құрғатамыз, тазалаймыз. Ірілі-ұсақты бөлшектеріне қарай бір-бірінен ажыратамыз. Тұтынушылар талабына қарай өңдейміз. Түйіршіктердің ірілері цемент сияқты өнім шығаруға қолданылады. Өндірісімізден қалдық мүлдем шықпайды, – дейді «ҚазЦеносферес» ЖШС директоры Асфендияр Кенжебаев.
Аталмыш кәсіпорында өндірілетін өнімді құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жылу оқшаулау, ыстыққа төзімділікті арттыру мақсатындағы қоспа түрінде қолданады. Сонымен қатар, Schlumberger және Halliburton сияқты әлемнің ірі мұнай сервистік компанияларынан сұраныс жоғары көрінеді. Ең ірі тапсырыс берушілер Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ елдерінен көрінеді. Жуырда Панама еліне бір контейнер өңіріміздің өнімі жөнелтілмек. Серіктестік басшысы Қазақстан нарығында, әзірше, сұраныс төменірек екенін атап өтті. Дегенмен, біртіндеп қолдануға көшкендер де кездеседі. Сондықтан, нарықты зерделеп, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да жоспарлап отыр.
Павлодарлық кәсіпорын жылына 12 түрлі 12 мың тонна дайын өнім шығарады. Оның 98 пайызы экспортталады. Шикізатты Ақсу ЖЭО, Екібастұздың ГРЭС-1, ГРЭС-2 станцияларынан алады. 2023 жылы іске қосылғаннан бері бұл кәсіпорын 50 мың тонна күлді қайта өңдеген. Осылайша, экологиялық ахуалға айтарлықтай үлес қосуда. Аталмыш өндіріс орнында 35 адам жұмыспен қамтылған.
Үштікке енген
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы аталған екі кәсіпорыннан бөлек тағы да 22 өндіріс орны өнім шығарады. Сонымен қатар, 15 кәсіпорында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Арнайы аймақтың төрағасы Мәдениет Ахметовтің айтуынша, инвестиция тарту, жаңа өндірістер, жұмыс орындарын ашуға көп көңіл бөлінуде. Бүгінде инвестиция портфелі 555 млрд теңгені құраған. Мұндағы инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен 14 млрд теңге жұмсалса, қазынаға 48,3 млрд теңгеден астам түсім түскен. Яғни, бюджеттің бір теңгесіне 3,5 теңге инвестициядан келеді. Инвестицияның тиімділігіне келсек, бюджет қаражатының 1 теңгесіне 19 теңге жеке инвестиция салынған.
– 24 кәсіпорын 117 өнім түрін шығарады. Тауарлар әлемнің 12 еліне сатылады. Бізге қойылатын нақты индикаторлар, көрсеткіштер бар. Оларды орындауымыз керек. Елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ болса, «Павлодар» арнайы аймағы соңғы екі жылда дамуы жағынан алғашқы үштікке кіріп отыр. 2022 жылы тартылған инвестиция 3,8 млрд теңге болса, 2024 жылы 55 млрд теңгеге жуықтады. Ал биыл 70 млрд теңге тарту межеленген. Дегенмен, 100 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Одан бөлек, 20 шақты инвестормен келіссөздер жүргізілуде, – дейді Мәдениет Қайыргелдіұлы.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында 32,3 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Оның 29,8 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. Павлодарлық арнайы аймақта жылына кемінде 4-5 ірілі-ұсақты кәсіпорын іске қосылады. Биыл да осы межеден түспек емес. Бүгінде осындағы өндірістерде 1739 адам еңбек етеді. Арнайы аймаққа бөлінген 1200 гектар аумақтың қазір 65 пайызы – кәсіпорындар иелігінде. Инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 66 пайызға жеткен. Мұндағы өндірістер негізгі үш бағыт – химия, мұнай-химия, металлургия бойынша өнім шығарады. Арнайы аймақ төрағасы кәсіпорындарға жасалатын жеңілдіктерге де тоқталды. Дәл осында кәсібін бастап, инвестиция құйғандар қосымша құн салығынан, мүлік, жер, корпоративтік кіріс салығынан, кедендік баж салығынан босатылған. Сондықтан қызығушылық та жоғары. Айта кетерлігі, инвестицияның көлеміне қарай жеңілдіктер берілетін уақыт белгіленеді. Мысалы, 12,9 млрд теңгеге дейін инвестиция салған кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер 7 жылға берілсе, 12,9 млрд-62,7 млрд теңге көлемінде қаржы құйғандар 15 жылға салықтан босатылады. Ал 62,9 млрд теңгеден артық инвестиция әкелген өндіріске 25 жыл жеңілдік қарастырылған.
«Павлодар» АЭА инвестициялық жобалар менеджері Жанат Омаровтың айтуынша, мұнда өндірілетін өнімнің 45 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Кейбір кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтуға көңіл бөлуде. Мәселен, «ПО Аскор» компаниясы алпауыт зауыттарға су тазалауға арналған реагенттер шығарады. Осы кәсіпорын біртіндеп өнім көлемін, тауар түрлерін ұлғайтуда. Жоғары кернеулі оқшаулағыштар өндіретін кәсіпорынның өнімдеріне де сұраныс артқан. Мұны мамандар елімізде энергетикалық саланы дамыту қарқын алуымен байланыстырады. Алдағы уақытта ыстық мырышпен қаптау, металл конструкциялар жасайтын зауыт, макулатураны өңдеп, картон өндіретін кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген – Есенжол ИСАБЕК.
