Ерекше көрме

Мау 4, 2026

Қазақстанда табылған динозавр сүйектерін барынша дәріптеп жүрген жан жайлы естідіңіз бе? Павлодар облысының тумасы, палеосуретші Ильшат Искаковтың динозаврлар әлеміне қызығушылық танытуы оны 40 жылға жуық осы тақырыпта түрлі фотосуреттер мен экспонаттар жасап шығаруына алып келген.

Кәсіби дизайнер жануар-ларды және палеонтологияны, өнерді және жартастағы көне суреттерді ерекше ізденіспен зерттеп, бүгінде Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейінде  «Қазақстан динозаврлары» атты жеке фото-көрмесін өткізді.

Аталған көрмеде миллиондаған жылдар бұрын Қазақстан аумағын мекендеген динозаврлардың суреттері, палеон-тологиялық реконструкциялары, ғылыми деректер мен авторлық бұйымдарды, полимерлі саз бен металдан жасалған 50-ден астам туындысы келушілер назарына ұсынылды.

«Жоғары өнерге таласым жоқ. Мен тек туған өлкеме, каллиграфияға және жойылып кеткен жануарларға деген сүйіспеншілікке толы жүрегіме жақын дүниелерді жасап, шығар-машылықпен айналысамын», дейді автор.

— Мен жеті жасымнан бастап динозаврлар әлеміне қызықтым. Алғаш рет оқулықтан Стигозаврдың суретін көрген болатынмын. Содан бері дино-заврлар жайлы көп ақпарат білген сайын менің қызығушылығым да артып, нәтижесінде осындай туындылар пайда болды. Тек олардың суреттерін жинап қоймай, металдан, саздан, ағаштан оларың пішіндерін жасағанды жақсы көремін. Бір динозавр кескінін салу үшін кейде
20 сағаттай уақыт кетеді. Бұл, әрине, олардың көлеміне де байланысы. Көрмеде авторлық атаумен «анималого» кескінінде жасалған фотосуреттерді де көруге болады. Яғни, әріптер жануарлардың анатомиялық бөліктеріне сәйкес ерекше қаріппен жазылған. Мұнда осы негізде жасалған арнайы кітапшалардың қазақша және орысша нұсқалары бар. Көрмеде динозаврлар бейнесі бар тиындар да қойылған. Көбі — Алтын Ордаға арналған стилизацияланған туындыларым. Мен нумизмат болғандығымнан, бұл да — ерекше шабыт беретін іс. Әсіресе Алтын Орда дәуірінің монеталарын коллекциялаймын. Басты мақсатым – ежелгі дәуірдегі жануарлар әлеміне қызығатын кішкентай балалардың өз елінің тарихына жақын өсуі. Яғни, Қазақстан аумағында табылған динозаврлар атауын, түрін таныса екен деймін, — деді ол.

Көрмеде ұсынылған экспо-наттар ішінде мүсіндер де бар. Олар әртүрлі форматта жасалған. Дәлірек айтқанда, динозавр кесінділерінің бір жағынан сыртқы келбеті, екінші жағынан қаңқасы, ал оның ортасынан ішкі құрылысы көрінеді. Ильшат Искаковтың динозаврларының атауы да ерекше. Мысалы, мүсіншінің коллекциясында Қазақстанозавр, Батырозавр, Самрукия және Аралозавр сынды динозаврлар атауы кездеседі.

Сара ӘБДОЛ.