Қуаныш. Шаттық. Мереке

Мау 4, 2026

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Павлодар қаласының Орталық жағалауындағы Ertis Promenade сахнасының алаңы бір күнге нағыз ертегілер әлеміне айналды. «Ertis Bala Magic Show: Балалық шақ аңыздары тірілген жер» атты ауқымды мерекелік бағдарлама мыңдаған бала мен ата-ананы бір алаңға тоғыстырып, өңірдегі ірі балалар фестивальдерінің біріне айналды. Жаздың алғашқы күніне ерекше реңк берген бұл шара балаларға шаттық сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қиялын ұштауға және мазмұнды демалыс ұйымдастыруға бағытталды.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы Асайын Байханов та мерекеге орай әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтау жолдап, әр баланың бақытты балалық шағы мен сапалы білім алуы – өңір дамуының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Әрбір бала – отбасының қуанышы, елдің үміті, ұлттың болашағы. Балаларымыздың жарқын келешегі үшін еңбек етіп, олардың алаңсыз өсіп, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуына жағдай жасаудамыз. Барша бүлдіршінге мықты денсаулық, бақытқа толы балалық шақ тілеймін, –
деді аймақ басшысы.

Мерекелік шараның шымылдығы М.Катаев атын-дағы Оқушылар сарайы тәрбиеленушілерінің қаты-суымен қойылған театр-ландырылған прологпен түрілді. Сахна төрінде бой көрсеткен 300-ден астам жас өнерпаз көрерменді әп-сәтте қиял мен ертегіге толы әлемге жетелеп әкетті. Балалардың шынайы ықыласы мен сахналық шеберлігі мерекенің алғашқы сәтінен-ақ ерекше көңіл күй қалыптастырды.

Одан кейін Ертіс жағалауын бойлай өткен театрландырылған шеру мерекенің сәнін келтіріп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Қазақ ертегілеріндегі Алдар Көсе, Тазша бала, Бауырсақ, Желаяқ, Таусоғар мен Көлтауысар секілді кейіп-керлермен қатар заманауи мультфильм бейнелері мен супер-қаһармандардың қатар көрінуі балалар үшін шын мәнінде сиқырлы көрініске айналды. Әр кейіпкермен суретке түсуге асыққан бүлдіршіндердің көңіл-күйі мерекенің шырайын аша түсті.

Күні бойы Ертіс жағалауы үлкен интерактивті алаңға айналып, түрлі шығармашылық және танымдық аймақтармен жанданды. Шеберлік сабақтары, спорттық және ойын алаңдары, VR-кеңістіктер, көрмелер мен арт-инсталляциялар балалардың қызығушылығын арттырды. Әсіресе «Суретші шеберханасы» мен «Сиқырлы кітап дүкені» аймақтары кішкентай қонақтардың ерекше ықыласына ие болды. Мұнда балалар өз қиялын сурет арқылы бейнелеп, ертегілер әлемінің ішіне еніп кеткендей әсер алды.

Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі 500-ден астам жас өнерпаз қатысқан үлкен концерттік бағдарлама болды. Балалар әлемдік және қазақстандық мультфильмдер мен фильмдердің танымал саундтректерін орындап, жағалауды әуен мен шаттыққа толтырды. «Айгөлек» ән-би композициясы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің көркін одан әрі аша түсті. Ал шараның шарықтау шегі балаларды, ата-аналарды және ертегі кейіпкерлерін бір арнаға тоғыстырған ауқымды флешмобқа ұласты. Осылайша «Ertis Bala Magic Show» бір сәтке қиял мен мейірімге толы әлемге айналып, балалардың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы бағдарлама қала мектептері мен балабақшаларының басым бөлігін қамтып, мазмұны мен ауқымы жағынан бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда кеңейген.

– Аталмыш шараға жарты жылға жуық уақыт дайындалдық. Басты мақсат – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұнда караоке алаңы, open-музей, аквагрим, асық ату сияқты түрлі алаң жұмыс істеді. Қосымша білім беру ұйымдарының барлығының жұмысы бір орталыққа біріктірілді, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шаралар легі Павлодар қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Мұнда да балалар үшін түрлі қызықты ойындар, концерттік бағдарламалар мен шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылды. Саябақтың әр бұрышы мерекелік көңіл-күйге бөленіп, балалардың шат күлкісі мен қуанышы ерекше сезілді. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған шағын байқаулар мен викториналар өткізіліп, белсенді балаларға сыйлықтар табыс етілді.

Әмина АБАЙ, Павлодар қалалық Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы:

– Бұл күн мен үшін ерекше әсерлі әрі ұмытылмас сәттерге толы болды. Ертегі кейіпкерлерінің бейнесінде өткен қызықты көріністер мен ойындар мені өз әлеміне жетеледі. Біз өзге балалармен бірге ән айтып, би биледік. Сондай-ақ, викториналық сұрақтар-
ға жауап беріп, өз білімімізді сынадық.

Айдана БОРАНБАЕВА.