«Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек.»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сырлықала елді мекенінде бір күнге ерекше рухани мереке орнады. Бұл күні ауылға жай ғана қонақ емес, «Көшпелі кітапхана» келді. Ақсу қалалық орталық кітапханасының дәстүрлі «Көшпелі кітапхана» жобасы бұл жолы Мәмәйіт Омаров ауылдық округіне қарасты Сырлықала елді мекеніне табан тіреді.
Көшпелі кітапхана қорында балалар әдебиеті, қазақ және әлем классиктерінің шығармалары, жаңа кітаптар болды. Бұдан бөлек, жиналғандарға «2026 жылдың мерейгерлері», «Бір ел – бір кітап» акциясы және «Жаңа кітаптар» бойынша кітап көрмелері ұсынылды. Әр оқырманға өзін қызықтырған кітабын үйге жаздырып алуға мүмкіндік берілді.
Ақсу орталық кітапханасының басшысы Бақытгүл Еселбаеваның айтуынша, жобаның мақсаты — шалғай елді мекен тұрғындарын кітап әлемімен жақын таныстырып, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлықты маңызды әрі уақытылы қабылдады деп ойлаймын. Бұл құжат жастардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттырып, білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған деп санаймын. Одан басқа Жарлықта жаңа форматтағы кітапханалар ашу, цифрлық кітапхана құру, отандық жазушыларды қолдау және «Жылдың 10 оқырманы» жобасын іске асыру сияқты жұмыстар көрсетілген. Мұндай бастамалар қоғамда кітап оқуды сәнге айналдырып, оқушылар мен жастардың рухани және интеллектуалдық дамуына оң әсер етеді деген сенімдемін. Қазіргі технология дамыған заманда жастардың ұялы телефон мен желіге тәуелділігі күшейіп тұрған кезде, кітап оқу мәдениетін дамыту – өзекті мәселе. Кітап адамды сауатты сөйлеуге, терең ойлауға және дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Сондықтан бұл жарлықты еліміздің болашағына жасалған маңызды қадам деп бағалаймын, –
дейді Б.Еселбаева.
«Көшпелі кітапхана» жобасы аясында жиналған оқырман көпшілік өз оқыған кітаптарын талқылап, ой бөлісті. Алған әсерлерін, ұнаған кейіпкерлерін ортаға салып, кейбір кітаптарды өзге оқырмандарға оқуға ұсынды.
– Ауылымызға «Көшпелі кітапхана» жобасымен кітапхана ұжымы келіп, шығармаларды насихаттап, мән-мағынасы туралы ақпарат берді. Ауыл тұрғындары атынан оларға алғыс білдіреміз. Кітаптан біз тіл, дін, атамекен, дәстүр, тарих, т.б. тақырыптар төңірегінде түсініктерімізді қалыптастырып, күнделікті өмірде қажетімізге жаратамыз. Мен «Бес анық» кітабын қолымнан тастамай оқимын, өмірлік ұстанымдарым да осы кітаптан алынды. Бұл кітапта көптеген тақырып қамтылған. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітапты насихаттау, жастарды кітаппен достастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ол жарлықты жүзеге асыруды кітапханашыларға жүктеген болатын. Осы жүктелген міндеттің алғашқы орындалуы біздің бөлімшеден басталып жатқанына қуаныштымыз. Кейін Президент «Кітап туралы заң» жобасын әзірлеуді де жүктеді. Осы орайда барша зиялы қауымды, әрбір жас пен жасөспірімді, отбасындағы әрбір жанды кітаппен достасып, күнделікті өмірде қолдануға, кітапты насихаттап, оны оқуға шақырамын, —
дейді Сырлықала ауылының тұрғыны Әбілхан Тоқтарұлы.
Кітап оқудың пайдасын санап тауыса алмаспыз. Алдымен, ол адамға қоршаған ортаны, әлемді, жаңа салаларды және өздерін тануға көмектеседі. Сонымен қатар, ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетінің жақсаруына көмектеседі. Көп кітап оқыған адамның аналитикалық ойлау қабілеті мықты болады және жылдам ойлай алады. Ол қандай да бір ақпаратты, тақырыптарды талдай алуға, сараптауға, жүйелі пікір қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан кітап адамды табысқа жеткізіп, жетістіктерге апаратын есіктерді ашады дегенді сеніммен айтуға болады.
Назигүл АҚЫБИ, ауыл тұрғыны:
– Бала кезімнен кітап оқимын. Қазір өзім жеке кәсіпкермін. Жұмыс арасында, бос уақытта, ақыл-ойымызды, ой-өрісімізді кеңейту үшін, балаларымызға дұрыс тәрбие, бағыт беру үшін, өзіміз сол білімді кітаптан жинаймыз. Сондықтан бәріміз кітап оқиық. Жоба аясында «Саңлақ сахабалар» және «Аңыз-әңгімелер» кітаптарын алдым. Немерелеріме осы аңыз-әңгімелерді мазмұндап, баяндап беру мақсатында осы кітаптарды жаздырдым.
Темірлан ӘБІЛХАН, жас оқырман:
– Менің атам көп кітап оқиды. Мен де атама қызығып кітап оқуды бастадым. «Кітап – асыл мұра», «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген атам қазақ. Осы уақытқа дейін Оралхан Бөкейдің «Атау кере», «Қар қызы», Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», т.б. кітаптарын оқыдым. Осы кітаптардың ішінен «Жусан иісі» шығармасы қатты ұнады. Кейіпкері Аян жетім қалып, көптеген қиындықты басынан өткереді. Достарымды осы кітапты оқуға шақырамын.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Ақсу қаласы.
