Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне жиі назар аударуда. Жақында ғана «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғаны — соның айқын дәлелі. Бір сөзінде Мемлекет басшысы: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деп, әсіресе жастар аудиториясын оқуға жиі шақыратынын байқаймыз. Себебі, жасанды интеллектінің құдыреті мен әлеуметтік желінің қызығына шомылған жастардың оқу мен білімнен алшақтап бара жатқаны да жасырын емес. Осы тұста «Жастарды кітап оқуға баулудың қандай тиімді тәсілдері бар?» деген заңды сауал туындайды. Бұл сауалымызға кітап оқуды дәріптеп жүрген белсенді азаматар жауап берген болатын.
Марал ТӘЖЕНОВА, Павлодар ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері:
– Жастарды кітапханаға тарту үшін ең алдымен кітапхананы тек кітап алатын орын емес, еркін ой алмасатын, шабыттанатын, өз ортасын табатын кеңістікке айналдыру керек деп ойлаймын. Қазіргі жас буынға тек дәстүрлі формат аздық етеді. Сондықтан біз кітап көрмелерін интерактивті форматта құрып, әдеби ойындар, квесттер, пікірталас клубтары, поэзия кештері, кино және музыка саласымен байланыстыра өткізуіміз қажет. Жастар өздерін қызықтыратын дүниені көрсе ғана келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желінің рөлі өте үлкен. Кітапхананың парақшасы тірі, заманауи, эмоциясы бар болуы керек. Жастар жарнамадан гөрі шынайылықты жақсы көреді. Тағы бір маңызды нәрсе — жастардың өзіне мүмкіндік беру. Олар тек көрермен емес, шараның ұйымдастырушысы, жүргізушісі, еріктісі болғанда кітапханаға жақындай түседі. Меніңше, бүгінгі кітапхананың басты миссиясы — жас адамға «мұнда мені түсінеді, мені күтеді» деген сезім сыйлау. Иә, қазір кітапхананың міндеті — тек кітап беру емес, кітап оқуды модаға айналдыру болу керек. Ол үшін танымал жастардың, блогерлердің, әншілер мен спортшылардың кітап оқуды насихаттауы өте маңызды. Жастар өз кумиріне қарап бой түзейді. Егер кітап оқу сәнге айналса, жастар да соған қызығады.
Ғабит САПАРОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Жастарды кітапханаға тарту, кітап оқуға ынталандыру мәселесі өте өзекті. Қазір жастар оқу мен білімнен гөрі ғаламтордың қызығына қатты беріліп кетті. Бесіктен белі шықпай телефонға шұқшиып, миларын улап жатыр. Қала берді, Жасанды интеллект деген жаңашылдыққа түбегейлі бет бұрып, кітап оқу, газет қарау дегеннен қалып барады. Менің ойымша, кейінгі буынды, соның ішінде жас жеткіншектерді кітапқа қызықтырудың бір тәсілі бәйге ұйымдастыру. Оған жақсы сыйлықтар берілсе. Міне, сонда балалардың кітапқа деген махаббаты ашылады. Ол үшін мемлекет кітапханаларға жақсы қолдау көрсетіп, жеткілікті қаражат бөлуі қажет. Бұл іске қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар да жауапты болуы керек, меніңше. Қазір баспаларда кішкентай бүлдіршіндердің талғамына сай шағын танымдық кітаптар көп шығып жатыр ғой. Міне, сол секілді жас жеткіншектердің де талғамы ескеріліп, солар қызығатын тақырыптар кітап болып шығып жатса нәтижелі болар деп ойлаймын. Қаламгерлер мен баспагерлер осыған көңіл аударса.
Азамат СМАХАН, «Көкжиек» кітап клубының жетекшісі:
– Бұрын кітапханаларда коворкинг орталығын ашу сәнге айналған еді. Менің ойымша, сол кезде көп жастар кітапханаға тартылды. Енді сол орталықтарды әлі де жетілдіріп, дамыту керек секілді. Мысалы, жайлы орындықтар, дивандар орнатып, жастармен кофе ішіп отырып әңгімелесу сияқты жаңашылдықтар болса, кітапханаға жастар көп келеді деп ойлаймын. Одан бөлек, жастардың қызығушылығына сай кітапты дұрыс таңдаудың да маңызы зор. Яғни, оқырмандар арасында кітап клубын құрып, белгілі уақыттарда бас қосып, оқыған кітаптарды бірге талқылау, пікірталас ұйымдастыру, еркін орта құру. Осындай ортада оқырман өз ойларын еркін білдіреді, апта сайын болатын талқылауды асыға күтеді. Сонда ол кітаптың мазмұны, ішкі детальдары есте жақсы сақталады. Кітап оқуға қызығатын адамдар өздері сол клубты іздеп келеді. Бізде де сондай ортамыз бар. Оған жастар көп келіп жатыр. Көпшілігі клубтың құрылғанын қолдап, өздерінің де осындай ортаны іздеп жүргені туралы ойларымен бөліседі. Кітапты бірлесіп оқыған соң басқалардың да ықыласы оянып, құштарлығы арта түседі.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.
