Күнделікті өмірде әскери бөлімдерде құқықтық тәртіпті, тәртіп пен заңдылықты сақтау бағытында қандай мамандар жұмыс атқаратынын білесіз бе? Дәл осы жауапты, бірақ көзге көп көріне бермейтін қызметтің артында Қазақстан Республикасы ІІМ Әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері тұрады. Олар әскери ортада заңның сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай маңызды қызмет жайлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шығыс өңірлік Әскери-тергеу басқармасы Павлодар тобының тергеушісі, сержант Кәрімжан Гайратжанов айтып берген болатын.
— Әскери тергеу полициясының мойнында қандай қызметтер бар?
— Тергеу полициясының жұмысы тек құқықбұзушылықтарды жауапқа тартумен ғана шектелмейді. Мұндағы қызметкерлер профилактика жүргізу, құқықбұзушылықтардың алдын алу және әскери қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында еңбек етеді. Маңызды бағыттардың бірі — жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу. Осындай іс-шаралар барысында қызметкерлер оқиғалар мен жарақаттарды жасыру фактілерін анықтап, қару-жарақ пен мүлікті сақтау тәртібін бұзуды тоқтатады. Сондай-ақ, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жарамдылығын жіті қадағалап, ақпараттың командалық тәртіппен уақытылы жеткізілуін қадағалайды. Мұндай жұмыстар ауыр салдардың алдын ерте кезеңде алуға мүмкіндік береді.
— Әскери тергеушінің бір жұмыс күні қалай өтеді?
— Әскери тергеушінің жұмыс күні нақты уақытпен шектелмейді. Күн жедел ақпараттарды қабылдаудан, әскери бөлімдерден түскен хабарламаларды тіркеуден басталады. Оқиға орнына шығу, дәлелдемелерді бекіту, куәлардан жауап алу, сараптамалар тағайындау және процессуалдық құжаттарды рәсімдеу – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Қажет болған жағдайда тергеуші тәуліктің кез келген уақытында қызметке кіріседі.
— Әскери тергеу саласына мамандар қалай қабылданады?
— Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әскери тергеуші тек заңды жақсы біліп қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да мықты болуы керек. Себебі әрбір қабылданған шешім адамның тағдырына, қызметіне, кейде тіпті өміріне тікелей әсер етеді. Бұл салада мұқияттылық, әділдік, салқынқанды болу, аналитикалық ойлау, оқиғаны жан-жақты саралай білу аса маңызды. Сонымен қатар, адамдармен тіл табыса білу де үлкен рөл атқарады. Кей жағдайда әскери қызметшілермен, олардың ата-аналарымен, куәгерлермен жұмыс істеуге тура келеді. Осындай сәттерде сабыр сақтап, кәсіби этиканы ұстану қажет.
— Әскери саладағы облыстағы құқықбұзушылықтардың жиі кездесетін түрлері қандай?
— Көбінесе әскери тәртіпті бұзу, жарғы талаптарын сақтамау, қызметтік міндеттерге салғырт қарау секілді жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар, әскери мүлікке зиян келтіру, қару-жарақ пен арнайы құралдарды сақтау тәртібін бұзу фактілері де болады. Кейде әскери қызметшілер арасындағы тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктер немесе психологиялық қысым көрсету жағдайлары да тіркеледі. Сондықтан мұндай мәселелердің алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Соңғы жылдары жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде әскери бөлімдердегі құқықбұзушылықтар санының төмендеу үрдісі байқалады. Командирлермен бірлескен жұмыстар, құқықтық түсіндіру сабақтары және тұрақты бақылау оң нәтижесін беруде.
— Әскери бөлімдерде сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау үшін қандай жаңа тәсілдер қолданылып жатыр?
— Бейнебақылау жүйелері жетілдіріліп, тәуекел топтарымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Психологтар мен командирлер сарбаздардың моральдық-психологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жасайды.
— Қазіргі технологиялар тергеу жұмысына қалай көмектесіп жатыр?
— Бүгінде технологияның мүмкіндігі өте кең. Тергеу барысында бейнебақылау жазбалары, цифрлық сараптамалар, электрондық деректер базасы және байланыс құралдары кеңінен қолданылады. Мұның барлығы дәлелдемелерді жедел жинауға, оқиғаның мән-жайын нақты анықтауға және тергеу сапасын арттыруға көмектеседі. Кей жағдайда бейнежазбалар немесе электронды ақпарат істің шешілуіне тікелей ықпал етеді.
Сара ӘБДОЛ.
