Елімізде еңбек күші тығыз өңірлерден тұрғындарды солтүстік аймақ-тарға қоныстандыру үрдісі басталғанына да біраз уақыт болды. Мұндай мүмкіндікті пайдалануды жөн көрген жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Міне, осындай шақыртуға құлақ асып, Алматы облысынан өңірімізге көшіп, тұрақтауды таңдаған азаматтардың бірі –
Серік Оспанжан.
Ол жұбайы Рысты Әбдіраманмен бірге былтыр қазан айында Железин ауданының Алакөл ауылына қоныстанған.
– 2020 жылы Қытай елінен атамекенге көшіп келдік. Алматы облысында тұрдық. Бірде күйеуім Серік Алматыда такси қызметін көрсетіп жүреді. Кезекті жолаушыларының бірі қазір өзіміз тұрып жатқан Железин ауданындағы ауылдардың бірінің әкімі болады. Екеуара әңгіме өрбіп, күйеуіме ол Павлодар облысына қоныс аудару мүмкіндіктері барын айтады. Бірақ, алдымен барып көріңіз, танысыңыз деп кеңес беріпті, –
дейді Рысты Әбдіраман.
Жолдасы үйге келіп, біраз ойланады. Әлгі жолаушы әкімнің айтқаны ойынан шықпай қояды. Содан бір күні тәуекел етіп, 3-4 күн уақытын бөліп, Павлодар облысының Железин ауданына жол тартады.
– Қарап тұрсақ, шалғай аудан болса да, Қазақстанның іші ғой деген ой түйдік. Күйеуім Железинге келіп, ауылдарды аралап, бейнежазбаға түсіріп, бізге көрсетті. Ұнатып келді. Тәуекел етейік деген шешім жасадық. Сөйтіп, өткен жылы қазан айында жаңа қонысқа жайғастық. Аудан билігі, «Мансап» орталығының мамандары, ауыл әкімі, мектеп директоры, бәрі жан-жақтан қолдау көрсетіп, сәтті орналастық. Мемлекеттің көмегімен баспаналы болдық, – дейді Алакөл ауылына қоныстанған Рысты.
Рысты Әбдіраманның мамандығы – кітапханашы. Осы өзінің мамандығы бойынша ауыл мектебіне кітапханашы болып жұмысқа орналасады. Осылайша, жаңа мекенде мәдениет пен білім саласына өзіндік үлесін қосуда. Қазіргі таңда балаларды кітап оқуға үгіттеп, білгенімен бөлісуде.
Серік пен Рысты үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері 10-сыныпты тәмамдауда. Екіншісі 3-сынып оқыса, кішісі алдағы қыркүйек айында Алакөл мектебінің табалдырығын алғаш аттамақ. Осылайша, ауыл мектебінде де оқушылар қатары артты.
– Ұжымға да үйренісіп қалдық. Әрине, тіл жағынан аздап қиындықтар кездеседі. Бірақ, өзіміз біраз жыл Алматыда тұрғаннан кейін үйренісу соншалықты қиын емес. Ал тікелей Қытайдан қоныс аударғандар үшін оңай емес. Бұл ретте, осы ауылда тұратын өзіміз сияқты алты отбасыға білгенімізбен бөлісіп жүремін. Жалпы, әкімдіктегілер, мектеп басшылығы әрдайым «түсінбейтін жағдайлар болса, сұрап тұрыңдар, көмектесіп жібереміз» деп жатады. Сондықтан келгенде де жылы қарсы алып, қолдау білдіруде, – дейді ол.
Күйеуі Серік Оспанжан мемлекет тарапынан грантқе ие болған. Ол қаражатқа 4 бас мал алып, мал басын көбейтуді көздеп отыр.
– Жер кең. Жолдасым мал өсіріп, дамытқысы келеді. Еңбек етсең, мақсатқа жетуге болады деп ойлаймыз. Солтүстіктің қысы оңай емес. Бірақ үйренісуге болады. Қазір көршілерімізге «жаз бола ма?» деп қалжыңдап қоямыз, әлі жаздық киімге көше алмай жатқанымызды меңзеп. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Қыстан қорықпаймыз. Осында тұрақтап қалуды мақсат етіп отырмыз, – дейді Р.Әбдіраман.
Аудандық «Мансап» орталығының мәліметінше, аталмыш отбасыға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, көшіп-қонуға арналған субсидия берілген. Экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы үйлі болды.
Орталықтың ақпаратына сүйенсек, жалпы Железин ауданына соңғы үш жылда көші-қон бағдарламасы аясында жүз отбасы қоныс аударған. Мәселен, 2023 жылы 44 отбасы ауданға көшіп келсе, 2024 жылы 26 шаңырақ железиндік тұрғындар қатарын толықтырған. Ал былтыр 30 отбасы осында қоныстанған. Яғни, үш жылда 462 адам Железин ауданына тұрақтауға келген. Бір қуантарлығы, олардың 60 пайыздан астамы – мектеп пен балабақша жасындағы балалар. Бұл аудан мектептерін-дегі оқушылар санын айтарлықтай арттыруда.
Қоныстанушылар Екішоқ, Башмачное, Жаңа жұлдыз, Алакөл, Железинка, Ақтау, Аққайың, Есқара, Майлы, Церковное ауылдарына орналасқан. Бағдарлама шеңберінде ауданға келген отбасыларға мемлекет тарапынан көшу шығындары өтеліп, тұрғын үй сатып алуға немесе жалға алуға қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен бірге, қоныс аударушылар тұрақты жұмыспен қамтылып, кейбіріне кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттар табысталған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
