Қыстың қамына көктемде кіріскен жауапты органдар жұмыстарды ширата түскен. Қазіргі таңда жылу желілерінде, энергия көздері нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жылыту орталықтарының 41 негізгі жабдығын жөндеу жоспарланса, оның 16-сында жұмыстар аяқталған. Одан бөлек, жылу, электр желілерінде де ауқымды шаралар қолға алынған.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында мәлім болды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының жоспары түзілген. Олардың орындалуы күн сайын бақыланады. Биыл бес айда технологиялық бұзушылықтар екібастұздық екі электр станциясы мен Ақсу станциясында артқаны байқалған. Апаттық ажыратуларды азайту үшін іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Айта кетерлігі, облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында Ақсудағы РОК-2 кәсіпорнында екі қазандықты жөндеуге 526,5 млн теңге бөлінуде. Бұл қолдау ақсулықтарды сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен бірге, «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2 кәсіпорнында жүргізілген жүйелі жөндеу жұмыстары мұндағы жабдықтардың тозу көрсеткішін 78,5 пайыздан 69,6 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген. Осылайша, станция жоғары тәуекелді қызыл аймақтан орташа саналатын сары аймаққа ауысты.
Көктемде жылыту маусымы аяқталысымен мамандар жылу желілерінде гидравликалық сынақтар өткізді. Нәтижесінде 592 зақымдану анықталған. Олардың 471-і жойылған. Павлодар қаласында анықталған 280 зақымданудың бәрі жойылды. Көпқабатты 1324 үйдің 1207-сіне ыстық су берілген. Қалғандары желілердегі күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты ыстық судан ажыратылған. Екібастұзда 289 зақымдану тіркеліп, 168-і реттеліпті. Қала әкімі қалғаны маусым айының соңына дейін жойылады деп сендірді. Ақсу қаласында анықталған 23 ақаудың бәрі жөнделген. Мұнда 277 көпқабатты үйдің 90 пайызында ыстық су бар. Өзге үйлерге жылу магистральдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталысымен беріледі.
Ержан Иманзаипов облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен жүргізілген техникалық аудит жұмыстарының қорытындысын мәлімдеді. Мұндай аудит Железинка ауылының, Шідерті кентінің және Павлодар қаласының жылу желілеріне жүргізілген. Шідертіде жылудың орта жолда жоғалуы және отынның шығыны нормадан асып кеткені анықталды. Енді оны реттеу үшін жабдықтарды жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Железинка ауылындағы №2 және №4 қазандықтарында жану режимінің бұзылысынан түтін газы арқылы жылудың негізгі жоғалуы тіркеліп отыр. Оған қоса, жылу желілерінің тозығы жеткен. Павлодарда техникалық аудит аяқталған. Талдау нәтижелері түйінделуде. Аймақ басшысы Железинкадағы қазандықтардың техникалық кемшіліктерін жоюға 350 млн теңге қазынадан қарастырылатынын атап өтті.
Жылу желілерін жөндеу биыл да жалғасуда. Басқарманың мәліметінше, облыс көлемінде 48,9 шақырым жылу желісі жөнделеді. Магистральдік желілердегі жұмыстардың басым бөлігі Павлодар қаласында былтыр атқарылған. Яғни, ең проблемалық тұстар жаңартылған. Ал биыл зақымданулардың негізгі бөлігі орын алатын кварталішілік желілерде ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Мәселен, ірі жобалар Павлодар қаласының орталық және оңтүстік бөлігінде, Назарбаев даңғылы, Ломов, Шөкин, Академик Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп көшелері мен Усолка шағын ауданында жүзеге асырылып жатыр. Бұл шаралар жылу параметрлерін айтарлықтай тұрақтандырып, жүйенің сенімділігін арттырады деген үміт бар.
– Ал Екібастұз қаласында №5, 10, 11 және 12 жылу магистральдарында 4,2 шақырым болатын проблемалық тұстары анықталды. Соңғы үш жылда оларда 90-нан астам зақымдану тіркелген. Тозу деңгейі де 90 пайыздан асады. Мұнда бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Ақсуда жылу желісінің екі жері күрделі боп қалып отыр. Олар – Астана және Ленин көшелерінде. Тозу көрсеткіші 90 пайыздан артық, соңғы үш жылда 46-дан астам зақымдану тіркелді. Үш қалада жоспарланған жұмыстар жылу желілеріндегі апаттық жағдайларды азайтып, сенімді әрі сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Е.Иманзаипов.
Басқарма басшысы әлеуметтік нысандарға 660 тонна қатты отын алу жоспарланғанын айтты. Осы мақсатта көмір өндіретін компаниямен меморандум жасалған. Көпқабатты тұрғын үйлерді де жылыту маусымына дайындау бақылауға алынған. 2526 көпқабатты үйлердің 21 пайызы алдағы маусымға әзір. 128 үйде ішкі жылу желілеріне ағымдық жөндеу жүргізілуде. Үш қаладағы көпқабатты үйлердің 10 пайызында басқару ұйымдары жоқ. Сондықтан облыс әкімі олардың да дайындығын назардан қалдырмауды ескертті.
Жиында Павлодар, Баянауыл, Май аудандарының әлеуметтік ұйымдарының коммуналдық қызмет бойынша берешектері қалыптасқаны белгілі болды. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне мәселені реттеуді жүктеді. Сондай-ақ, жылу көздері кәсіпорындарының дайындығы да құзырлы орган тарапынан қадағаланбақ.
– Алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық қажет. Бұл – жылдағы атқарылатын, бірақ маңызы зор жұмыс. Тұрғындарды алаңдататын басты мәселелердің бірі. Сондықтан жан-жақты шешімдерді уақытылы қабылдау керек. Жылдағы тәжірибеге сәйкес 1-2 қыркүйекте әлеуметтік нысандарға жылу беру басталып, айдың аяғына дейін жылыту маусымына кіруіміз тиіс. Әрине, ауа райына байланысты, оны да ескереміз. Бюджеттік ұйымдардың берешектерін өтеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Асайын Байханов.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

