Жастар әскерге дайын ба?

Мау 11, 2026

Оқу жылы аяқталды. Енді колледж студенттерін әскери өмірге дайындау жұмыстары басталды. Жалпы, павлодарлық жастар Отан қорғауға баруға дайын ба және оларды әскер қатарына дайындау бағытында қандай жаттығулардан өткізеді? Осы және өзге де сауалдар бойынша «Жас сарбаз», «Жас шекарашы» әскери патриоттық клубтарының жетекшісі, аға лейтенант Жоламан Жұмаділовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Жоламан Ермекұлы, павлодарлық жастар әскерге баруға қаншалықты дайын?

— Бірнеше жылдан бері жастарды әскери өмірге бейімдеу, жастардың бойына патриоттық, жауапкершілік және өз еліне деген құрмет сезімін қалыптастыру жұмысымен айналысып келемін. Өкінішке қарай, көптеген жастар әскерді үреймен қабылдайды немесе оның мәнін толық түсіне бермейді. Сондықтан жастарға әскери қызметтің мәні мен маңызын түсіндіру, адам баласына берер мүмкіндіктерін көрсету бағытында еңбектенудеміз. Ол үшін жастардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді дамыту, тәртіпке бағына білу, дене дайындығын жетілдіру жұмыстары рет-ретімен жүргізілуі керек. Осы бағытта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі департаментімен, аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен, ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебімен, сондай-ақ, қаладағы басқа да мемлекеттік және күштік құрылымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз.

— Павлодар қаласындағы әскери-техникалық мектепте студенттердің жазғы далалық жиыны басталған екен. Бұған қанша студент тартылды?

— Бірінші курс студенттеріне арналған жазғы далалық жиынына Павлодардағы жоғары инновациялық көпсалалы колледжі мен политехникалық жоғары колледжінің білім алушылары қатысуда. Мұнда жалпы 100-ге жуық студент казармалық тәртіпке бағынып, әскери жаттығуларын жасауда. Бұрын мұндай оқу жиыны колледж базаларында өтетін еді. Биыл жаңаша өзгерістер енгізіп, әскери-техникалық мектеп базасында өткізуді жөн көрдік.

 — Осы күндері студенттер қандай жаттығулардан өтеді?

— Оқу-жаттығудың мақсаты – жастарды тәртіпке, жауапкершілікке баулып, патриоттық рухын көтеру және Отан қорғауға дайындау. Бағдарлама аясында қатысушылар әскери дайындықтың негізгі бағыттарымен танысып, саптық және тактикалық жаттығуларға қатысады. Сондай-ақ, қорғаныс саласындағы негізгі білімдерді меңгеріп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы білім алады. Олар алғашында әскери-техникалық мектеп базасында болып, әскери қызмет туралы білімдерін толықтырады. Одан кейін автодромға барып, инженерлік және атыс дайындығы бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді.

— Әскери жаттығулар мен сабақтарды кім өткізеді?

— Бұл жұмыстарға ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ұлттық ұланы, аумақтық қорғаныс бөлімдері мен әскери-техникалық мектептің офицерлері және сержанттары  тартылған. Олар қатысушыларға өз құрылымдарының жұмыс ерекшеліктерін түсіндіріп, арнайы техника мен қару-жарақ үлгілерін қолдануды үйретеді. Бағдарлама бойынша Шекара қызметінің арнайы жасағы жігіттерге қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетеді. Полиция қызметкерлері техника мен қару-жарағын көрсетсе, кинологтар қызметтік иттерді дайындау және пайдалану тәртібі туралы мәлімет береді.

— Бұдан кейін жазғы далалық жиындарына қандай колледж студенттері шақырылады?

— Бірінші топ аяқталғаннан кейін Павлодар жоғары инновациялық колледжінің студенттері келеді деп жоспарлануда. Бұл оқу орны шамамен 50 студентін жібереміз деп отыр. Айта кетейік, далалық оқу-жаттығуларына ұлдармен қатар қыздар да келеді. Олар өз кезегінде әскери-медициналық дайындық сабақтарына қатысып, алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгереді.

— Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.