Тігіншілік – төзімділікті талап ететін еңбек. Тәжірибелі мамандар соңғы кезде шыдап, ұзақ уақыт тұрақтап қалатын жастар қатары азайғанын айтады. Дегенмен, бала кезден тігіннің қыр-сырын көріп өскен Мерей Серікбай ойланбастан тігіншілікке бойлаған.
Ол бүгінде Павлодар қаласында арнайы киім тігетін Arsenal.kz тігін цехында жұмыс істейді. Аға буын әріптестері қатарларына жас маманның қосылғанына риза. Білмегенін үйретіп, жөн сілтеуде.
– Павлодар қаласындағы қызмет көрсету колледжінде білім алдым. Өндірістік тәжірибеден өтуге тігін цехына келіп, екі айға жуық уақытта ұжымға үйренісіп қалдым. 2024 жылы колледжді бітірген соң бірден осында келдім. Содан бері тәжірибелі әріптестерім білмеген жерімді түзетіп, жол көрсетіп келеді. Қандай жеңілірек жолмен жасауға болатынын үйретеді. Теорияны білген бір бөлек, іс жүзінде істей алудың жөні басқа. Сондықтан бәрі тәжірибемен келуде. Талпынған адам не нәрсені де меңгеріп алады деп ойлаймын, – дейді Мерей.
Мерейдің міндеті — пішіп әкелген киімнің бөліктерін біріктіріп, тиісінше тігіп шығу. Мұнда асқан ыждаһаттық, дәлдік қажет. Яғни, тігістері түзу түсіп, пішілген киімнің мөлшерінен мүлт кетпеуі керек. Жас тігінші бала кезінен бұл еңбектің қыр-сырын біліп өскен. Өйткені, анасы қол машинкамен құрақ тігуге бейімделген. Ал нағашы әпкесі перде тігумен айналысады. Тағы бір туысқан әпкесінің кез келген үлгідегі киімді тігу өнері бар. – Айналамдағы жақын жандарымнан көріп өстім. Мамандықты да өзім таңдадым. Еш өкінбеймін. Әрине, оңай емес. Сағаттап бір орында отырып, тапсырысты орындау керек. Жастар қозғалыста жүргенді жақсы көреді. Сондықтан, екінің бірі шыдамайды. Тігінші адамға, алдымен, шыдамдық, сабырлық қажет. Жанымдағы әріптестерім оған да үйретіп келеді. Күніне бірнеше киім тігіп үлгеремін. Әрине, қыстық киім тіккенде көбірек уақыт жұмсалады. Себебі, оның астары, ішкі қалыңдығына, жылылығына арнап салатын синтепоны бар. Оған қоса, қалтасы мен түймелері көп болса, тағы да жұмыс көлемі ұлғаяды. Ал жаздық киімді жылдам тігуге болады. Маған үйретуден жалықпайтын әріптестеріме ризамын, – дейді Мерей Серікбай.
Жұмыстағы қызметінен бөлек, Мерей үйде де ата-анасына, аға-бауырларына қолғабыс жасайды. Шалбардың балағын қысқартып, сөгілген киімдерін тігіп береді. Ол үшін арнайы машинка да сатып алыпты. Дипломдық жұмыс ретінде өзіне стильді белдемше тіккен. Кейін жейдені де тігіп алыпты. Кейбір стилі, фасоны ерекше киім көрсе, оның тігілу жолына қызығушылық танытып, қарап шығатын әдеті бар.
Мерейдей жастарға аспай-саспай жол көрсетіп, білгенін үйретіп жүрген жандардың бірі – Қымбат Мықымова. 2013 жылдан бері тігіншілік ісінде жүр. Тіпті, арнайы білім алмаса да, қызығушылығы, талпынысы арқылы бүгінде білікті маманға айналған.
– 2013 жылы үй шаруасымен үйде едім. Бір туысым «маңайда тігін цехы ашылып жатыр, барып көрсеңші» деді. Барып едім, арнайы білімім жоқтығын меңзеп, алмады. Содан икемім барын айтып, бағымды сынап көруге өтіндім. Тігілген бұйымдарды қаптап тұратын қызметкер ретінде қабылдады. Бір жылдай осы міндетті атқардым. Содан кейін ақырындап ілмек, түйме орнататын машинкаларға жақындатып, үйретті. Торлағыш машинканы да меңгердім. Үш жылдан соң киім пішу ісіне кірістім, – дейді тігінші Қымбат.
Кейін өзге тегін цехында тігінші болып еңбек етеді. Arsenal.kz тігін цехына келген соң 5 жылдай тігінші қызметінде болады. Тәжірибесі мен икемі, табандылығы ескеріліп, бүгінде шебер лауазымында. Яғни, ол мұндағы барлық тігіншілерге тігетін бұйымдарды таратып, тапсырма береді. Тігу сапасын қадағалайды. Білмей жатқан әріптестеріне жөн сілтейді. Киімнің тиісті мөлшерге сай тігілуін, тігу технологиясының сақталуын бақылайды. Қымбат Мықымова да бала кезден тігінге әуес болыпты. Ол 5-сыныпта еңбек сабағынан берген тапсырманы мінсіз орындайды. Яғни, халат тігеді. Сәтті шыққаны соншалық, қатарластары өзінің тіккеніне күмәнмен қараған көрінеді. Себебі, Қымбаттың анасы – тігінші. Алайда, өзі тіккенін дәлелдеуге тура келсе керек.
– Өзіме кез келген бұйымды тігіп аламын. Тігіншілік оңай емес. Мұқият болмасаң, әуреге түсесің. Сапаға мән беріп, тігістің дұрыс түсуіне мән беру керек. Жастардың тұрақтауы қиын. Тәжірибеден өткенімен, нақты жұмысқа келетіндері аз. Десе де, бәріне үйретуге тырысамыз, – дейді ол.
Бұл кәсіпорын түрлі салаға арнайы киімдер тігеді. Қымбат бір бұйымның дайындалу барысына тоқталды. Айтуынша, тапсырыс беруші көрсеткен үлгіге сай матасы мен фурнитуралары таңдалады. Содан кейін киімнің даяр үлгілері – лекалоға тапсырыс беріледі. Сол үлгіге салып жауапты маман әр бөлігін пішеді. Пішілген өнімді қиып, тігіншілердің алдына әкелінеді. Кейбір тігіншілер топтаса жұмыс істеуді таңдайды. Яғни, киімдердің бүкіл қалталарын тіксе, бірі жағасын тігеді. Содан кейін тағы бірі сол бөліктердің бәрін біріктіріп, түпкі бұйымды алады. Кейбір тігінші жеке басынан аяғына дейін өзі атқарғанды жөн көреді. Осылайша, қажырлы еңбекпен келген бұйым тапсырыс берушіге жөнелтіледі.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
