Қозы мен Баянның махаббаты, руаралық тартыстар мен әлеуметтік кикілжіңдер, адалдық пен әділетсіздік және салт-дәстүр мен адами құндылықтар. Осы тақырыптарды қамтыған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымы жуырда Торайғыров университетінің сахнасында сахналанды.
Бұл спектакльді Торайғыров университетінің Орындаушылық өнер кафедрасының «Актерлік өнер» бөлімінің студенттері сахналады. Кафедраның оқытушысы, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі Жұмахан Доспаев бұл жолы шетелдік туындылардан гөрі қазақтың классикалық шығармаларына басымдық берген. Осы мақсатта жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» және Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» шығармалары сахнаға шығарылған.
– Кафедра құрылған алғашқы жылдары бөлімде студенттер саны аз болғанымен, уақыт өте келе болашақ әртістердің қатары арта бастады. Сол уақытта оқу-шығармашылық үдерісті қалыптастыру мақсатында әртүрлі бағыттағы тәжірибелік қойылымдар сахналанып, студенттердің актерлік шеберлігін дамытуға басымдық берілді. Атап айтқанда, Антон Чеховтың «Ақ шағала» және Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» атты психологиялық монодрамасы қойылып, жас актерлердің ішкі психологиялық күйді беру, сахналық сезім мен мінезді ашу қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берілді. Бұл кезеңдегі жұмыстар студенттердің кәсіби ізденісіне негіз қалап, сахналық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті. Уақыт өте келе шығармашылық бағыт кеңейіп, оқу бағдарламасына ұлттық классикалық туындыларға бетбұрыс жасалды. Соның нәтижесінде осы жолы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» шығармалары сахналанды, – деді Ж.Доспаев.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында кафедраның 10-нан аса студенті өнер көрсетті. Спектакль барысында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары – сыбызғы, дауылпаз, сазсырнай, домбыра, жетіген және қобыз кеңінен қолданылды. Сондай-ақ, актерлер осы аспаптардың көмегімен халық әні «Ақ баяннан» үзінді орындады.
Айта кетейік, Орындаушылық өнер кафедрасының «Актерлік өнер» бөлімі 2021 жылы ашылған. Онда бүгінде жергілікті қазақ театрының белді әртістерінің бірі Жұмахан Доспаев пен Гүлжанат Омарова дәріс береді. Қазірде аталған бөлімде
16 студент білім алуда. Олардың 5-уі биыл оқуын тәмамдайды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
